Биыл облысымызда Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі заманауи талаптарға сай «Digital Nayryz» атауымен ұйымдастырылатын болады.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қымбат Дощанованың айтуынша, аймағымызда Наурыз мейрамы мерекесіне арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
– Биыл Наурыз мерекесі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект әлеуетіне баса назар аудара отырып, 2024 жылдан бері қалыптасқан «Наурызнама» онкүндігі форматында атап өтіледі. Осыған орай Gov.kz мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы негізінде «Digital Nauryz» парақшасын құру, eGovMobile қосымшасы арқылы орталық және өңірлік іс-шаралар туралы push-хабарламалар тарату, жасанды интеллект тетіктерін пайдалану, сондай-ақ онлайн-трансляцияларды кеңінен қолдану көзделуде. Осылайша, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар алдында жасанды интеллект тетіктерін пайдалана отырып, Наурыз мерекесін заманауи ұлттық бренд ретінде қалыптастыру міндеті тұр, – деп атап өтті Қымбат Дощанова.
Сонымен қатар, ол 12 нау-рыздан бастап «Digital Nauryz» цифрлық платформасы іске қосылып, онда түрлі іс-шаралар кестесі, хабарландырулар, Наурызнама тарихы мен салт-дәстүрлер туралы бейнероликтер көрсетіліп тұратынын мәлім етті.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменова 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі аясында өңірдегі мәдениет мекемелерінде түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол «Digital Nauryz» тұжырымдамасы шеңберінде Pavlodar Hub алаңында Nauryz Battle байқауы, стартап-идеялар конкурсы, Наурыз мерекесіне арналған комикстер жасау бойынша оқу, жасанды интеллект технологияларын пайдалану және басқа да іс-шаралар өтетінін алға тартты.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева шаһар тұрғындары үшін де ұлттық мерекені жоғары деңгейде атап өту жоспарланып отырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, «Наурызнама» онкүндігімен қатар, 21-22 наурыз күндері облыс орталығындағы шағын аудандарда қызықты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін танымал әнші Қайрат Нұртас, Еңлік және «Тұран» тобы келіп, өнер көрсетеді, деді ол.
Н.ШОДЫР.
