Енді азаматтарды онлайн режимде оқытып, сертификат беретін автомектептердің жұмысына шектеу қойылуы мүмкін. Яғни, көлік жүргізушілері автомектептерге барып оқып, емтиханды өз күшімен тапсырғандарға ғана куәлік беру керек. ҚР Ішкі істер министрлігі осындай шешім шығарып, жаңа ережені түсіндіруде. Яғни, министрлік онлайн форматта көлік басқару дағдыларын меңгеру және бекіту мүмкін емес екенін атап өтті. Алайда, ақпараттық технология мүмкіндіктері қарыштап дамыған қазіргі қоғамда бұл тым қатаң шектеу екенін айтып жатқандар да бар. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып, тараптардың пікірін тыңдап көрдік.
Зәуреш АЛТЫБАСАРОВА,
облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының мемлекеттік аға автоинспекторы:
– Автокурстарды онлайн форматта оқыған азаматтар көлік жүргізуді сауатты деңгейде үйрену мүмкін емес. Сондықтан енді жүргізуші боламын дейтін жастар автомектептердің толық оқу курстарынан өтуі керек. Бұл курсқа теориялық және практикалық сабақтар кіреді. Курстарды өзі нақты барып оқып, барлық сынақтардан өз күшімен өтуі керек. Яғни, жол ережесі сауатсыздық пен білімсіздікті кешірмейді. Себебі, көлік жүргізу дегеніміз басқа оқулар секілді телефонға қарап отырып үйренетін мобилографияның сабағы емес. Бұл – адамның жеке басының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бастама. Өздеріңіз білесіздер, елімізде соңғы уақытта жол апаттары жиілеп, азаматтар зардап шегіп жатыр. Оның бірден бір себебі, жастардың жүргізуші куәліктерін автомектептерге бармай, қашықтан оқып алуынан дер едім. Сондықтан өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарайтын автомектептер біздің бұл бастаманы қолдайды деп санаймыз. Сондай-ақ, автомектепте оқығандарын растайтын қағаз түрінде куәліктерін алудың қажеті жоқ. Оқу туралы мәліметтер арнайы ақпараттық жүйелер арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарына электронды түрде жолданады. Жүргізушілерді даярлау тек лицензиясы бар автомектептерде жүргізілуге тиіс және оқу бағдарламасы толық көлемде, оның ішінде міндетті практикалық сабақтармен өтуі қажет.
Фарида ЕЛТАЕВА,
«Успех» автомектебінің әкімшісі:
– Ақпараттық технологияның дамыған уақытында барлығы бірдей офлайн оқу мүмкін емес. Яғни, қашықтан оқуды да сапалы жүргізуге болады. Себебі, бізге тек қала тұрғындары ғана емес, ауыл тұрғындары да көп тіркеледі. Олардың әрқайсысының өзінің жұмысы бар, бірі мұғалім, бірі дәрігер дегендей. Бұрынғы кезде әрбір ауданда автомектептер желісі болатын еді. Бірақ, қазір олардың барлығы жабылған. Тек облыс орталықтарында ғана бар. Егер, теорияға жауапты жетекшілер тәжірибелі болса, тіпті партада отырып оқығаннан да сапалы үйрете алады. Мысалы, көп салада тиімді қолданылып жүрген ZOOM платформасы бұған өте ыңғайлы. Осы ретте тағы бір мәселе бар. Ол — оқытушылардың тапшылығы, алдағы уақытта осы мәселені шешу керек деп санаймын. Ал тәжірибелік сабақтарды, яғни, жүргізуді базаға келіп, нұсқаушылардың көмегімен үйренетіні түсінікті. Сондықтан автомектептерге теорияны қашықтан оқытуға рұқсат берген дұрыс деп ойлаймын.
Самалхан МҰРАТ,
Павлодар қаласының тұрғыны:
– Бұл мәселенің екі жағы да бар. Иә, адам өмірінің қауіпсіздігі басты орында болғандықтан тәжірибелік сабақтарды автомектепке барып оқу керек. Бұл жағымен толық келісемін. Яғни, тәжірибелік сабақтарды инструктормен бірге үйренудің маңызы зор. Дегенмен, қазір барлық саланың цифрлық жүйеге көшіп жатқанын ескерсек, онлайн оқуды автомектептерден шектеуге болмайды. Бұл бүгінгі дамыған ақпараттық технологияның мүмкіндігін шектеумен бірдей. Біз одан қанша қашсақ та алыстай алмаймыз. Мәселен, теориялық білімді арнайы қосымшалар арқылы қашықтан оқудың еш зияны болмайды деп санаймын. Өзім осыдан біраз уақыт бұрын қаладағы автомектептердің бірімен сөйлесіп, оқу форматы жөнінде талқылаған едік. Яғни, көлік жүргізу сабақтарын инструктормен бірге өтіп, тестке онлайн дайындаламын деп ескерткем. Бұған дейін де қаншама танысым жүргізуші куәліктерін солай алғаны есімде. Себебі, күн сайын автомектепке баруға уақыт сәйкес келмейді.
«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.
