Биыл алғаш рет қасиетті Рамазан айында ауыл мешіттеріне қарилар барып, жергілікті жамағат үшін Тарауық намазын өткізуде. Атап айтқанда, Ертіс ауданына төрт қари барып, аудандық және ауылдық мешіттерде имамдық қызметін атқарып жатыр.
Ертіс аудандық Ержан мешітінің бас имамы Бақытбек Төлегенұлының айтуынша, жамағаттың қалауымен ауданға төрт бірдей қари шақыр-тылған. Олардың біреуі аудан орталығындағы «Ержан» мешітіне қабылданса, біреуі Қызылжар ауылдық мешітіне және екі қари Ағашорын ауылдық мешітіне жіберілген. Олар Астана қаласындағы Хусамуддин әс-Сығанхақи ислам институтының студенті Ержан Мақсатов, «Сарыағаш» медресесінің студенті Бағдат Тойлыбай, Атбасар қарилар медресесінің шәкірттері Абдуррахман Советбай, Нұрқуат Ажинұр.
– Біздің ауыл мешіттерінің жамағаттары өте белсенді. Қасиетті Рамазан айының тарауық намазында Құран хатым жасасақ деген ұсынысымызды бірден құптап, қолдады. Содан кейін, еліміздегі ең үздік қарилар дайындайтын орталықтар мен медреселерге шақырту жолдаған едік. Бізге екі шәкірт жіберді. Екеуін екі ауылға орналастырып, тұратын орындарын шештік, — деді аудан имамы.
Рамазанның өзге айлардан басты ерекшеліктерінің бірі – Құран түскен ай. Ислам тарихына жүгінер болсақ, қасиетті кітап дәл осы айда түсіріле бастаған. Бұл туралы Пайғамбардың хадистері көп. Ораза мен Құранның өзара байланысы мына хадисте қатар аталып, қиямет күнінде мұсылманның тұтқан оразасы мен оқыған Құраны оған шапағатшы болып келетіндігі айтылады. Бұл туралы Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Қиямет күнінде Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп: – Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын – дейді. Құран келіп: – Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін – дейді. Алла ол екеуіне шапағат етулеріне рұқсат береді. Олар шапағат қылады».
Сондықтан, осы айда Құранды толық жаттаған қариларға деген сұраныс артады. Рамазанның әрбір кешінде 20 рәкағат тарауық намазы оқылатын болса, бір ай уақыт ішінде 600 рәкәғат намаз оқылады деген сөз. Ал қасиетті Құран кітап та 600 беттен, 30 парадан тұрады. Сонда имамдар әр күні бір парадан оқып, ораза біткенше бір құран хатым жасайды.
– Жалпы, қарилар көп шоғырланып, Құран көп оқылған жерде берекет болады дейді. Ауыл мешіттерінде тарауық намаздарына адамдар көп жиналуда және соңына дейін жеткізеді. Себебі, өздері оқи алмайтын адамдар ең болмағанда тыңдағысы келеді. Оның өзі Рамазан айымен еселеніп жазылады. Жалпы, құран тыңдаудың сауабы шексіз. Себебі, оны оқу сүннет болса, тыңдау парыз болып саналады. Сіз қанша жақсылық, қанша жақсы амал жасасаңыз, оның сауабы Рамазан айында еселеніп жазылады, – деді имам.
Тілеуберді САХАБА.
