Әр жәдігер – өткеннің айнасы

Нау 12, 2026

Май ауданы – тарихы терең және тағылымды шежіресі мол өңір. Осы тарихи мұраларды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде аудан орталығындағы музейдің рөлі ерекше. 2013 жылы жеке мекеме ретінде құрылған музей араға 5 жыл салып, аудандық мәдениет және ойын-сауық орталығы құрамына қосылып, ауданның рухани өмірінің маңызды ошағына айналды.

Бүгінде музей қорында ауданның өткені мен бүгінін танытатын 2 143 тарихи жәдігер сақталған. Әр экспонат – өз алдына бір тарих, бір тағылым, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспеттес. Музей экспозициясы аудан тарихының әр кезеңін қамтиды.

Соғыс жылдарынан бастап, тың игеру дәуірі, ауыл шаруашы-лығының дамуы, елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолы мен жетістіктері барынша көрініс тапқан. Соғысқа қатысқан ардагерлердің өмірбаяндары, туыстары тапсырған медальдары мен құжаттары келушілерге ерекше әсер қалдырады. Ұлы Отан соғысының 80 жылдық мерейтойына орай жерлес батырларға арналған арнайы бұрыштар ашылып, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаев пен «Даңқ» орденінің үш мәрте иегері Қайыркелді Бұлдыбаев туралы құнды деректер қойылды.

Тың игеру кезеңінде ауданның дамуына зор үлес қосқан азаматтардың еңбек жолы мен жетістіктері музейде кеңінен насихатталған. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен белсенді шопандар мен жылқы-шылардың марапаттары, естелік фотосуреттері мен өмірбаяндық мәліметтері келушілерге ұсынылады. Сонымен қатар, ауданның әр кезеңінде басшылық қызмет атқарған тұлғалардың деректері де мұқият жүйеленген. Бұл келушілерге тарихи сабақ алуға мүмкіндік береді.

Мәдениет пен ғылым саласының көрнекті өкілдері де музей экспозициясында лайықты орын алған. Аудан мақтанышы – актер, ақын Шахан Мусин мен академик Жабайхан Әбділдин туралы құнды материалдар көпшілік назарына ұсынылған. Антиядролық қозғалысқа қатысты фотокөрмеде танымал тұлғалар Олжас Сүлейменов пен Роза Бағланова Май ауданында болған сәттері арқылы бейнеленген.

Музейдің маңызды бөлігі – өңірдегі қасиетті орындарға арналған бөлім. Мұнда Ақбалық хазірет кесенесі, Мақат қажы кесенесі, Қайса ата кесенесі, «Қалмақ қырылған» тарихи орны, Абылайдың найза тасы, Қалбасұн мұнарасы, Бәкібасар зираты, Кемер тұз петроглифтері сияқты киелі мекендердің тарихи мәні насихатталады. Музей ұжымы жыл сайын оқушылар мен келушілерге танымдық-тарихи экскурсиялар ұйымдастырып, даланың шежірелі орындарын көзбен көріп, тереңірек танып-білуге мүмкіндік жасайды.

Қордағы жәдігерлердің ішінде XVII ғасырдан жеткен мыс құмыра, ғасырға жуық уақыт пайдаланылған тұрмыстық бұйымдар, Ертіс жағасынан табылған динозавр омыртқасы, өңірде тіршілік еткен жануарлардың сүйектері мен мүйіздері бар. Бұл экспонаттар өлкенің табиғи және тарихи ерекшелігін көрсетуімен қатар, келушілерді өткеннің беймәлім қырларымен таныстырады.

Қазіргі таңда музейде экскурсовод Алтынбек Байғалиев пен реставратор Серік Жампейісов қызмет атқарып, тарихи мұраны сақтау және насихаттау жолында адал еңбек етуде.

Дегенмен, музейдің экскур-соводы Алтынбек Бейсенұлының айтуынша, тарихи орталық өз алдына қиындықтардан қалыс емес. Мәселен, ғимарат іші тар. Бөлмелері қолданысқа бөлініп берілген. Кей бөліктері жөндеуді қажет етеді, ал төбесінен су ағады. Ішкі қайта қалпына келтіру жұмыстары мен заманауи витриналарға да қаражат жетіспейді. Сондықтан экспонаттар толық көрінбей, келушілерге ыңғайлы жағдай жасау жағынан қиынға соғып тұр. Алайда мәдениет қызметкерлері мен аудан тұрғындары музейді жаңарту бағытындағы жұмыстар келешекте жүзеге асырылады деп сенеді. Өйткені, өткеннің шежіресін сақтап, болашаққа бастар жол ашу – музейдің басты
мақсаты.

Айдана БОРАНБАЕВА.