Ислам ипотекасы: тиімді тұсы қайсы?

Нау 12, 2026

Бүгінде банктер арқылы ипотекалық несие ресімдеп, баспана алуды қаласаңыз, пайыздық мөлшерлемесі аспандап тұр. Алған қарызды екі есе артық қайтаруға тура келеді. Ал ислам банкі шариғат талаптарына сай жұмыс істейді. Мұнда пайыздық мөлшерлеме, өсімпұл сынды қосымша жүктемелер жоқ. Тағы қандай тиімді тұсы бар? Біздің елге мұндай жүйе қашан жетеді?

Бүгінде дінге қатысты көзқарасына байланысты банктен ипотека түгілі ақшалай несие, бөліп төлеу ережесімен заттар алмайтын азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Себебі, ислам дінінде пайыздық мөлшерлеме белгілеп, артық сома қосу харам болып саналады. Осындай шариғат талаптары мен сеніміне байланысты кей адамдар қалаған пәтерін ала алмай жүр. Мұндай жағдайда ислам ипотекасы көмекке келеді. Бір кездері біздің елде мұндай жүйе сәтті жұмыс істеген еді. Нарықта ислам банкингінің операторы болған «Al-Hilal» банкі арқылы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында баспаналы болғандар жетерлік. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын бұл қаржы институты жұмысын тоқтатты. Содан бері біздің елде ипотеканың мұндай түрі берілген емес.

Жалпы, ислам ипотекасы дегеніміз — пайызы жоқ қаржылық өнім. Оның негізінде баспана бекітілген үстемақымен бөліп төлеу арқылы сатылады. Бүгінде бұл жүйе әлемде қарқынды түрде дамып келеді. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенер болсақ, әлемдік қаржы жүйесінің 5 пайыздан астамын немесе 5 триллион доллардан астам қаражатты қамтиды. АҚШ, Германия сынды алдыңғы қатарлы елдерде исламдық қаржыландыру қағидаты бар ипотекалар ресімделуде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында ипотеканың бұл түрінің дәстүрлі баспана
несиесінен артықшылықтары көрсетілген.

— Коммерциялық банктерде ипотекалық несиелендіру кезінде заемшы өз қаражаты есебінен тұрғын үйдің бастапқы жарнасын төлейді. Ал оның қалған сомасы банк тарапынан өтеледі және үй банкке кепіл ретінде рәсімделеді. Банк клиентке ақшаны пайызға береді. Сонымен қатар, ай сайынғы борышы уақытылы төленбеген жағдайда үстемеақы тағайындалады. Мұндай әрекет шариғат принциптеріне қайшы. Ал ислам ипотекасында осы іспетті талаптар мен шарттар жоқ, – делінген ҚМДБ-ның ресми сайтында.

Ерекше атап өтерлігі, бұл жүйе – мұсылмандарға ғана арналған несие емес. Баламалы қаржыландырудың бұл түрін кез келген адам діни сеніміне қарамастан пайдалана алады.

Сонымен, ислам қаржы жүйесінде ипотеканың үш түрі бар. Біріншісі – ижара. Оның шарты бойынша банк мүлікті сатып алып, тұтынушымен лизинг бойынша келісімшарт жасайды. Екіншісі – мушарака. Оған сәйкес, үй иесі, тұтынушы және банк үшжақты келісімшартқа уағдаласады. Түскен пайда алдын ала келісілген үлес бойынша бөлініп, тұтынушы банктен өз үлесін кезең-кезеңмен сатып алып отырады. Үшіншісі – мурабахка. Ипотеканың мұндай түрі бойынша банк тұрғын үйді сатып алып, кейін бөліп төлеуі үшін тұтынушыға сатады. Ислам ипотекасының әлемдік тәжірибесі осы үш жүйеге сүйенеді. Бастысы, қорытынды құн мен ай сайынғы төлем алдын ала белгілі, қосымша пайыз жоқ. Тағы бір ерекшелігі — клиент төлем жасай алмай, баспана сатылған жағдайда, ол салған үлесін, мысалы бастапқы жарнасын міндетті түрде кері алады. Яғни, несие ресімдеуші ұтылмайды.

Бірақ ипотеканың бұл түрін оп-оңай ресімдей салуға келмейді. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, банктердің қаржыландырудың осы өніміне қатысты талаптары жоғары. Айталық, өтініш берушінің ай сайынғы табысы жоғары болуы тиіс. Бұл ретте зейнетақы, салық аударымдары сынды міндетті төлемдерден кейін қолға түсетін таза жалақы есепке алынады. Сонымен қатар, әдеттегі ипотекалық несиені 20 жылға дейін ресімдеуге болады. Сәйкесінше, ай сайынғы төлем азаяды. Ал ислам ипотекасы бөліп төлеуге негізделгендіктен, оны қайтару мерзімі ары кетсе бес жылмен шектеледі. Демек, ай сайынғы төлем қарапайым ипотекамен салыстырғанда бірнеше есе артық болады.

Бүгінде банктердің атын жамылып, ислам ипотекасын жарнамалап жүрген құрылыс компанияларының бары байқалады. Бәлкім, сол арқылы тұтынушыларды көптеп тартуға ниетті шығар. Бірақ олардың талаптары шариғат талаптарымен мүлде сай келмейді. Айталық, бас қалада баспана салып жатқан кей компаниялар бастапқы жарна ретінде бірден 50 пайызын сұрайды. Қалған соманы екі жыл бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Сонда ай сайынғы төлем кемінде 500 мың теңге болады. Ал әдетте ислам банктері бастапқы жарна ретінде ары кетсе 30 пайызды ғана көрсетеді.

Белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, біздегі ислам ипотекасында негізгі ұстанымдар сақтала бермейді. Алайда кей азамат бұған мән беріп жатқан жоқ.

– Ислам ипотекасында пайыздық механизм жұмыс істемейді. Үйдің ақысын пайызсыз төлеу қажет. Алайда сөз жүзінде пайыз болмағанымен, іс жүзінде жағдай басқаша. Мысалы, 10 млн теңгенің үйін 12 млн теңгеге сататын жағдай кездеседі. Сондықтан үйдің бағасы өз құнынан жоғары болады, — дейді сарапшы.

Соған қарамастан, атына қызығып, затына тереңінен үңілмеген тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Сондықтан соңғы бірнеше жыл бұрын елімізде бұл тетіктің банктер арқылы қосылуын сұрап жүр.

Күні кеше «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова бұл жүйе биыл іске қосылуы мүмкін екенін хабарлады.

— Біздің ойымызша, ислам ипотекасына болашақта сұраныс болады. Пәкістанға барып, «Meezan bank limited» атты ірі банкпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазір сол құжат «Бәйтерек» холдингінің делегациясы Пәкістанға жасаған іскерлік сапары барысында ресімделді. Біз заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бес мемлекеттік орган бізге рұқсат берді, енді Мәжілісте ислам ипотекасын беруге рұқсат берсе, қаржыландыруды осы жылы бастаймыз, – деді Л.Ибрагимова.

Байқауымызша, тұрғындар тарапынан сұраныс бар. Діни көзқарасына байланысты классикалық ипотеканы ала алмай жүрген азаматтар үшін бұл тиімді тетік болар еді. Тек оның шарттары мен талаптарын реттеп алған жөн.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.