Ел ертеңі таңдауымызға байланысты

Там 3, 2026

Шығармашылық саланың өкілі ретінде қоғамдағы әрбір маңызды бастамаға бейжай қарай алмаймын. Өйткені мәдениет пен руханият – кез келген мемлекеттің дамуының негізгі тіректерінің бірі. Ал рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық болмысты сақтау және елдің бірлігін нығайту – ортақ мақсатымыз.

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын таңдау – ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі. Бұл – халқымыздың сеніміне ие болған, мемлекет пен қоғамның өзекті мәселелерін көтере алатын, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтарды анықтауға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

Бүгінгі таңда қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, мәдениетімен, білімімен, азаматтық белсенділігімен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен өлшенеді. Сондықтан Құрылтай құрамында әр саланың тәжірибелі, жауапты әрі жанашыр өкілдерінің болуы аса маңызды. Әсіресе мәдениет, өнер, білім, ғылым және азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері ескеріліп, елдің дамуына қатысты ұсыныстары назардан тыс қалмауы қажет.

Біз шығармашылық адамдары халықтың үніне құлақ асып, қоғамның рухани сұранысын терең сезінеміз. Сондықтан елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын алаңда әділдікке, ашықтыққа және жауапкершілікке басымдық беріледі деп сенеміз. Қоғам сенім артқан азаматтар халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, ұлттық құндылықтарды сақтауға, мәдениет пен өнердің дамуына және жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі деп үміттенеміз.

Еліміздің ертеңі – әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымызға байланысты. Сондықтан барша азаматтарды ел тағдырына бейжай қарамай, осы маңызды үдеріске жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан мемлекетте ғана мәдениетіміз де, руханиятымыз да, тәуелсіздігіміз де нығая түседі.

Баршамыздың тілегіміз – ел игілігі үшін қызмет ететін, халықтың сенімін ақтайтын, мемлекетіміздің өркендеуіне нақты үлес қоса алатын азаматтардың таңдалуы. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіз Қазақстанның келешегі кемел болсын!

 

Павлодар облысының зағип және көзі нашар көретін азаматтарына арналған арнайы кітапханасының директоры Алпысбай Хонж.