Күмбірлеген күй, жаңғырған дәстүр

Нау 19, 2026

Биыл Павлодар қаласындағы музыкалық колледж және дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының жанынан құрылған «Қазақ халық аспаптар» бөліміне 35 жыл толып отыр. Осыған орай осы бөлімнің оқушыларынан құрылған «Топжарған» фольклорлық ансамблінің есеп беру концерті өтті. Өнер кеші облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының сахнасында өтіп, ұлттық музыка өнерін ұлықтаған мазмұнды шараға айналды.

Концерт шымылдығы әсерлі күймен ашылып, сахнаға шыққан ансамбль мүшелері көрерменді бірден ұлттық әуеннің тылсым әлеміне жетеледі. Бірінен соң бірі орындалған туындылар тыңдарманға ерекше әсер сыйлап, әрбір композиция көркемдік нақышымен, орындаушылық шеберлігімен ерекшеленді. Әсіресе, жетігеннің нәзік үні мен қылқобыздың қоңыр сазы, домбыраның күмбірлеген әуені өзара үйлесім тауып, ұлттық музыкаға тән терең мазмұнды айшықтай түсті.

Кеш барысында сахна мәдениеті де жоғары деңгейде көрініс тапты. Әрбір шығарма шағын түсіндірмемен сүйемелденді. Бұл концерттің танымдық мәнін арттыра түсті. Залда жиналған көрермен әр орындауды жылы қабылдап, өнерпаздарға зор қошемет көрсетті.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ұғыбайдолла Мүфтәннің айтуынша, ұжым соңғы жылдары түрлі байқау мен мәдени іс-шараларда белсенді өнер көрсетіп келеді. Жетістіктері де баршылық.

– Осы ансамбльге жетекшілік етіп келе жатқаныма екі жыл болды. Құрамында 12 оқушы бар. Сондай-ақ, концертте вокал-солистер де қатысты. Біз үшін бұл концерт – соңғы жылдары атқарылған еңбектің қорытындысы. Концерт барысында көрерменге 15 туынды ұсынылды. Олар жетіген, сазсырнай, қылқобыз, домбыра сынды ұлттық аспаптарда орындалды, –
деді ол.

Концерт барысында домбырашылар триосы мен «Кербез» жетігеншілер триосы, сондай-ақ музыкалық колледж студенттері өнер көрсетіп, кеш мазмұнын байыта түсті. Түрлі жанрдағы шығармалардың орындалуы концерттің мазмұнын арттырып, ырғағын арттыра түсті.

Кеш бағдарламасы мазмұндық тұрғыдан да бай болды. Отандық композиторлардың шығармалары, ансамбльге арнайы өңделген музыкалық туындылар және жас өнерпаздардың авторлық шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Бұл – дәстүрлі өнер мен заманауи шығармашылықтың өзара үйлесім тапқанын көрсетті.

Жалпы, «Топжарған» фольклорлық ансамблінің есеп беру концерті ұлттық музыка өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұрпақтар сабақтастығын айқындаған тағылымды кеш ретінде есте қалды.

Айдана БОРАНБАЕВА.