Түпкі себебімен күресу көзделген

Сәу 30, 2026

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. 2022-2026 жылдарға арналған құжаттың мерзімі аяқталды. Ендігі тұжырымдамада жасанды интеллект көмегімен бұған дейін кемшін түсіп жатқан тұстарды реттеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптас-
тыруды түбегейлі өзгерту мақсат етілген. 

Стратегиялық құжат Достық үйінде өткен жиында кеңінен талқыланып, ұсыныстар тыңдалды. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин тұжырымдамада ескерілген басты бағыттарға тоқталды.

– Бұған дейін мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Қазіргі таңда ҚР Парламентінде «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қаралуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бағдарламалық құжатты қабылдау – мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың қисынды жалғасы, – деді Мадияр Байғабылұлы.

Департамент басшысының айтуынша, тұжырымдамада, алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тәсілдерін тұтас өзгерту көзделген. Мұнда ағарту жұмыстарын күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа оқытудың көпдеңгейлі тұтас моделін жасау ұсынылып отыр.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясаттың негізгі элементтерінің бірі цифрлық трансформация болмақ. Онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жылдам әрекет ету, мүдделер қайшылығын, латенттік құқықбұзушылықтарды анықтау үшін жасанды интеллект көмегімен талдау құралдары пайдаланылмақ. Сондай-ақ, жасырын мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстар жалғасады, – деді М.Әбілдин.

Мамандар қоғамда әлі де тұрмыстық ризашылық білдіру үрдісі үзілмей келе жатқанын атап өтті. Тағы бір айта кетерлігі, жемқорлық жайлы хабар берген азаматтарды қорғау институтын дамытуға айрықша күш салынбақ. Талқылау алаңында қоғам белсенділері ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бәкір Демеуов соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде айтарлықтай ілгерілеушілік байқалатынын мәлімдеді. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстар барын жасырмады.

– Тұжырымдаманың өзі жеткен нәтижелерге қарамастан әлі де күрмеулі жүйелі мәселелердің барын көрсетіп отыр. Мәселен, халық үшін өте «нәзік» саналатын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік салаларда тұрмыстық жемқорлықты атауға болады. Бюджеттік жоспарлау мен қаражатты жұмсау толық ашық емес. Мемлекеттік сатып алуларда жемқорлық тәуекелдері жоғары. Яғни, бір көзден сатып алу, құнын асыра көрсету, шарт талаптарын формалды орындау сияқты кемшіліктер кездеседі, – дейді Бәкір Саматұлы.

Осы ретте, ол жаңа тұжырым-дамада орын алған жемқорлықпен күрестен гөрі оған жол берілген тұстарға, себептерін жоюға басымдық жасалып жатқаны құптарлық бастама екенін атап өтті. Қоғамның әр санатына қарай жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту жұмыстары нәтиже беретініне сенеді.

Ал облыстың билер кеңесінің төрағасы, Ұлттық заң академиясының академигі Амангелді Хамзин сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қатал әрі құқықтық болуы тиіс деген пікірде. Сондай-ақ, ол жекелеген сыбайлас жемқорлық көріністерімен күрестен бұқаралық адалдық режимін қалыптастыруға көшу маңызды екенін атады.

– Жемқорлықтың алдын алу мемлекеттік қызмет сапасымен, қызметтік әдеппен, кадр саясатымен, мемлекеттік аппараттың ұйымдастырушылық мәдениетімен және лауазымды тұлғалардың кәсіби жауапкершілік деңгейімен байланысты. Яғни, жемқорлық қылмыстық заң бұзылған жерде емес, түсінікті үдерістер, тиісінше мотивация, әділ кадрлық іріктеу, мүдделер қайшылығына тиімді бақылау және азаматқа бұқаралық құқық қатынасының қатысушысы ретінде құрмет жоқ жерде орын алады. Осыны ескеру керек, – дейді Амангелді Шәпиұлы.

Тұрмыстық ризашылық білдіру мәселесін де қаузады. Бұл ретте, ол тұрмыстық жемқорлық күнде-лікті өмірде заңды айналып өту екенін атады. Сондықтан тұрмыстық жемқорлыққа заңнамалық негізде нақты анықтама берілуі керек. Яғни, заңсыз әрекеттермен байланысты емес адами алғыспен шатастырылмауы қажет.

«Қала құрылысы кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұргүл Қайырденова кейбір мекемелердің ойға қонымсыз конкурс жариялау деректерінің әлі де тыйылмай тұрғанына қынжылады. Мұндай келеңсіздіктерге қоғам белсенділері мемлекеттік сатып алулар конкурсын қадағалау арқылы куә болуда. Тиісті органдарға хабарлап, бірқатар жағдайларда бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуының алдын алған. Міне, осы олқылықтарды алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен сүзгіден өткізіп отыру енгізілсе, нәтиже болады деген ойда. Яғни, бағдарлама қисынсыз әрі мақсатсыз конкурстың өтуіне тосқауыл жасап, бірден жолын кесіп отыратындай болғанын қалайды.

Жаңа тұжырымдамаға құзырлы органдар, қоғам белсенділері әлі де ұтымды ұсыныстарын жолдауға болады. Құжат біраз уақыт талқыланып, толықтырыла түспек.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.