Тереңкөл ауданындағы аграрлық-техникалық колледжінде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында «Еңбегі адал жас өрен» атты жоба жүзеге асырылды.
Бұл бастама арқылы білім ордасы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруды көздеген. Колледждің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасындағы ақпаратқа сәйкес мұнда ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер теориялық білімдерін іс жүзінде шыңдады. Яғни, студенттер үшін «Кәсіптік тізгінінде» деген атаумен тәжірибелік іс-шара ұйымдастырылды. Жастар трактор жүргізу дағдыларын пысықтап, ауыл шаруашылығы техникаларын басқару шеберліктерін шыңдады. Болашақ мамандықтарының теориялық негізін тәжірибе жүзінде беки түсті.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар кәсіби жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, бүгінде дәл осы ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығына сұраныс жоғары көрінеді. Өйткені, заманауи техниканың тиімді жұмыс істеуі аграрлық саланың дамуына айтарлықтай оң әсер етеді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
ТЕРЕҢКӨЛ АУДАНЫ
