Қазіргі қоғамда жастардың әскери қызметке көзқарасы жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Бірі әскерді ер азаматқа міндет деп санаса, енді бірі заманауи мамандықтарды таңдауға ұмтылып, әскери салаға қызығушылық таныта бермейді. Дегенмен, ел қорғаны болар ұрпақ тәрбиелеу —
кез келген мемлекеттің басты міндеті. Осы мақсатта мектеп бағдарламасында оқытылатын алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні ерекше рөл атқарады. Бұл туралы облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Шыңғысхан Амангелді толығырақ тоқталды.
Бұл пән жасөспірімдерді әскери өмірге дайындап қана қоймай, олардың бойында тәртіп, жауапкершілік, төзімділік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады. Ал қазіргі таңда пәннің мазмұны да жаңарып, жаңа бағыттармен толықтырылып келеді.
Шыңғысхан Асқарұлының айтуынша, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп жүргеніне алты жыл болған. Балалық шағынан әскери салаға жақын болғанымен, өңірде арнайы кадет мектептерінің болмауына байланысты, бұл бағыттағы білімін университет қабырғасында тереңдеткен. Қазіргі таңда ол өз тәжірибесін мектеп оқушыларына үйретіп, оларды елге қызмет етуге бағыттап жүр.
Соңғы жылдары бұл пәннің атауы да, мазмұны да өзгеріске ұшыраған. Бұрын «Алғашқы әскери дайындық» деп аталып келген пән бүгінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» болып толықты. Мұғалімнің айтуынша, бұл өзгеріс тек атауда ғана емес, оқу жүйесіне де жаңашылдықтардың енгізілгенін көрсетеді. Пән бағдарламасына жаңа бөлімдер қосылып, қазіргі заман талабына сай тақырыптар енгізілген. Соның ішінде көлік жүргізу техникасы, жол жүру қауіпсіздігін сақтау, қауіпсіздік ережелерін білу секілді бағыттар қамтылады.
— Бұл пәннің ең басты мақсаты — оқушылардың бойында патриоттық сезімді оятып, ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Себебі, соңғы жылдары жастар арасында әскери салаға қызығушылардың саны азайып бара жатқанын байқауға болады. Алайда бұл жағдайды мұғалім жастардың әскерді жек көруімен емес, керісінше жаңа әрі озық салалардың алдыңғы қатарға шығуымен байланыстырады. Қазіргі заман технология дәуірі болғандықтан, көптеген жас IT, бизнес, медиа немесе өзге де жаңа бағыттарға көбірек қызығатыны — заңдылық, — дейді ол.
Дегенмен, пән мұғалімдері оқушы-лардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи әдістерді қолдануға тырысады. Мысалы, сабақ барысында түрлі көрнекі құралдар пайдаланылып, интерактивті тәсілдер енгізіледі. Қазіргі таңда «kahoot» онлайн платформасының тиімділігін ерекше атап өтті. Бұл платформа арқылы оқушылар жаңа тақырып бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, өзара жарысады. Мұнда басты мақсат қатарластарынан озық шығу. Ал бұл өз кезегінде балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, жаңа ақпаратты
тез қабылдауына ықпал етеді.
Әскери дайындық пәнінде теория мен практика қатар жүруі керек екені белгілі. Мұғалімнің айтуынша, ең алдымен оқушы жаңа тақырып бойынша теориялық білімді меңгеруі қажет. Теорияны толық түсініп, ұғынғаннан кейін ғана практикалық сабақтар жүргізіледі. Дегенмен практикалық жұмыстардың толық өтуі әр мектептің материалдық-техникалық базасына тікелей байланысты.
Қазіргі таңда көптеген мектептерде арнайы құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі байқалады. Шыңғысхан Амангелдінің сөзінше, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні 10-сыныптарда аптасына бір рет өткізіледі. Бірақ оқушы саны көп болған жағдайда, мектепке берілген бір-екі автомат барлық балаға жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл практикалық сабақтардың толыққанды өтуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, мұғалімдер бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оқушыларға негізгі білімді үйретуге тырысады.
Аталған дарынды балаларға арналған мектепте шағын тир бар. Сол арқылы оқушыларға қару-жарақпен дұрыс жұмыс істеу тәртібі, қауіпсіздік ережелерін сақтау жолдары үйретіледі. Сонымен қатар көптеген мектептердің материалдық базасында Калашников автоматының макеті, граната үлгілері, арнайы әскери киімдер де болады. Бұл құралдар оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырып, практикалық білімді нақтылай түсетін көрінеді.
Бұдан бөлек, оқулықтардың ішінде арнайы дискілер енгізілген. Ол арқылы тақырыптарды видео немесе ойын форматында түсіндіруге мүмкіндік бар. Мұғалімнің айтуынша, мұндай визуалды тәсілдер оқушылардың материалды тез қабылдауына және пәнді қызығушылықпен оқуына көмектеседі.
Оқушылардың пәнге қызығушылығы да әртүрлі. Шыңғысхан Амангелді әсіресе қару-жарақ және әскери техникамен жұмыс істеуге көбіне ұл балалардың ынталы болатынын айтады. Дегенмен жалпы оқушылардың бұл салаға қызығушылығы жоқ деп айтуға болмайды. Көптеген оқушы Төтенше жағдайлар Министрлігі саласында қызмет еткісі келеді. Бұл да жастардың елге қызмет етуге деген ішкі ниеті бар екенін көрсетеді. Бірақ заман талабына сай жаңа технологиялардың дамуы нәтижесінде жастар арасында басқа салаларға қызығушылықтың артуы – қалыпты құбылыс.
Алғашқы әскери дайындық тек сабақпен шектеліп қалмайды. Оқушыларды әскери өмірмен таныстыру мақсатында сабақтан тыс шаралар да ұйымдастырылады.
— 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай әскери бөлімдерге алдын ала өтінім беріліп, оқушыларға арнайы экскурсиялар өткізіледі. Мұндай шаралар барысында оқушылар нағыз сарбаздардың өмірімен танысып, саптық дайындықты көзбен көреді. Сонымен қатар әскери техника мен қару-жарақтардың қалай жұмыс істейтінін көріп, әскери орта туралы нақты түсінік алады, — деді ол.
Әскери пәннің тағы бір маңызды қыры – оқушылардың психологиялық дайындығын қалыптастыру. Бұл жөнінде Шыңғысхан Амангелді алғашқы әскери дайындықты тек тактикалық дайындық деп қарастыру дұрыс емес екенін айтады.
— Бұл пәннің әсері теориялық та, практикалық та дайындықты қалып-тастырады. Себебі, мектептер толық жабдықталмағандықтан, пәнді тек техникалық дайындық деп айту қиын. Дегенмен бұл сабақтар арқылы оқушыларда әскери өмір туралы базалық түсінік қалыптасады. Ал нағыз әскери өмірдің қыр-сырын толық түсіну — тек әскери борышын өтеп келген азамат-тарға тән тәжірибе, — деп санайды ол.
Шыңғысхан Асқарұлы — қазірде облысымыздағы белсенді мұғалімдердің бірі. Оқушыларын облыстық әскери қолданбалы спорт түрлерінен жарыс-тарға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленген.
Жалпы алғанда, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні — жасөспірімдерді тек әскери өмірге дайындайтын пән емес, бұл тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін өмір мектебі. Бұл пән арқылы оқушылар Отан алдындағы борыштың мәнін түсінеді, төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйренеді және азаматтық көзқарасы қалыптасады.
Қазіргі таңда ел болашағы жастардың қолында екені жиі айтылады. Ал сол болашақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін әр азаматтың бойында патриоттық рух пен елге қызмет етуге дайындық болуы тиіс. Осы жолда алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні өзінің маңызын ешқашан жоғалтпайды. Керісінше, қоғам дамыған сайын бұл пәннің мазмұны жаңарып, оқыту әдістері де заман талабына сай жетіле беретіні анық.
Сара ӘБДОЛ.
