Ақсу тарихының алтын қазынасы

Мам 14, 2026

Ел тарихын түгендеп, өткенді ұрпақ жадында жаңғырту – рухани құндылықтың маңызды бөлігі. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – Ақсу қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің ашылуы болды.

2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланған кезеңде Ақсу қаласының еңбек және соғыс ардагерлері мен Құрметті азаматтарының қолдауымен аталмыш шаһарда тарихи-өлкетану музейін ашу туралы маңызды шешім қабылданды. Бұл бастама туған өлкенің бай тарихын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етті. Осылайша, тарихи-өлкетану музейін ашу туралы шешім 2000 жылдың 18 қазанында қабылданып, араға бір жыл салып, 2001 жылдың 23 қазанында қаланың 40 жылдық мерейтойына орай С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында музейдің ресми ашылуы өтті.

Алғашында шағын ғана музей залында қала тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар қойылды. Алайда уақыт өте келе музей өңірдің шынайы рухани қазынасына айналды. Бүгінде мұнда археология, қала тарихы, Құрметті азаматтар мен аймақ тұлғалары, өнеркәсіп пен кәсіпорындар, этнография, мәдениет және спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, ауыл шаруашылығы, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлері, тың игеру жылдарына арналған бөлімдер жұмыс істейді. Әр бөлімнің өзіне тән тарихы, сыры мен тағылымы бар.

Музей ашылған кезде қорда небәрі 200 жәдігер ғана болған. Ал қазіргі таңда музей қорында 4 000-нан астам жәдігер сақтаулы. Оның ішінде негізгі қорда 2 850 құнды экспонат бар. Атап айтқанда, фотоқұжаттар, мұрағат деректері, көне фотосуреттер, ыдыс-аяқтар мен жиһаз жинақтары – өңір тарихының үнсіз куәсі.

Ақсу қалалық тарихи-өлкетану музейі ашылған күннен бастап, яғни ширек ғасыр бойы музей тізгінін ұстап келе жатқан Гүлжанар Ақшолақова бүгінде облыс музейлері директорларының арасында озат басшылардың бірі ретінде танылып отыр. Оның басшылығымен музей тек жәдігерлер сақталатын орын емес, өңірдің рухани-мәдени орталығына айналды.

25 жыл ішінде музей ұжымы қала және ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға тарихи құнды деректер мен жәдігерлерді насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Ізденіс пен зерттеуге негізделген шығармашылық жобалар нәтижесінде түрлі байқау, фестивальдар, көрмелер, әдеби-музыкалық кештер, еңбек ардагерлерімен және оқушылармен кездесулер, ғылыми-зерттеу жұмыстары, өлеңдерді мәнерлеп оқу сайыстары мен сурет көрмелері ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, атаулы күндерге арналған фотокөрмелер мен қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, тұрғындардың зор ықыласына ие болуда. Әсіресе, атақты жерлестеріміз – ақын-жазушылар, ғұлама тұлғалар мен елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолын зерттеуде Гүлжанар Ақшолақованың еңбегі зор. Ол тарихи деректерге асқан жауапкершілікпен қарап, шығармашылық ізденіс арқылы тың мәліметтерді көпшілікке танытып келеді. Бұл еңбектің нәтижесін музей жанашырлары, кеңес мүшелері және көрермен қауым жоғары бағалайды.

Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі, мәдени-рухани орталықтардың қызметі және өңірдің белсенді азаматтарының еңбек жолын насихаттайтын әдеби-шығармашылық кештер де тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай тағылымды шаралар көрермен көңілінен шығып, туған жерге деген құрметті арттыруда.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Ақсу қаласы.