Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі. Бұл — Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларды еске алып, майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ететін ерекше күн. Осыған орай Жеңістің 81 жылдығы аясында облыс орталығында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, соның бірі ретінде «Даңқ» обелискіне гүл қою рәсімі өтті.
9 мамырдың таңы Жеңіс саябағында ұйымдастырылған «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс» атты реквием-митингтен басталды. Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алауға майдан даласында қаза тапқан боздақтарды еске алып, тағзым ету үшін мыңдаған қала тұрғыны жиналды. Олар соғыс қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Тыныштықта метроном үні естіліп, кейін алаңда салтанатты түрде қарудан оқ атылды.
Павлодар өңірінен майданға 40 мыңнан астам адам аттанды. Олардың жартысынан көбі — 21 830 жауынгер туған жеріне қайтып оралмады. 10 мыңнан астам жерлесіміз жауынгерлік наградалармен марапатталды. 23 павлодарлыққа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, тағы сегіз жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Қазірде өңірімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан бес ардагер тұрады.
Аталған іс-шара Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, олардың ерен еңбегі мен батырлығын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған. Шараға ардагерлер, тыл еңбеккерлері, облыс басшылығы, әскери бөлім өкілдері, құқық қорғау органдары, жастар ұйымдары мен қала тұрғындары қатысты. Соғыстан аман-есен оралған Оспанқұл Жанкин ардагердің қызы Нағима Жанкина да бұл күнді ерекше құрмет тұтамын дейді.
— Әкем Оспанқұл Жанкин 1990 жылы өмірден өтті. Бірақ ол бізге ең үлкен аманат қалдырды. Ол — бейбіт өмірдің қадірін ұмытпау. Ол соғыста біз үшін шайқасты, кейінгі ұрпақ тыныш өмір сүрсін, елде әрдайым бейбітшілік пен береке болсын деп күресті. Ол — Баянауыл өңірі, Торайғыр ауылының тумасы. Соғысқа дейін 1932-33 жылдары ауылда мектеп ашып, халықты сауаттандыруға үлес қосқан. Соғыс жылдары ол майданда да ерлігімен танылған. Әкемнің айтуынша, майданда өзіне қарасты 30 сарбазбен бірге жау қоршаған қалаларды азат етуге қатысқан. Ол Берлинге дейін жеткенін мақтанышпен айтып отыратын. Соғыстан кейін де әкем елге адал қызмет етті. Ол өмірінің көп бөлігін білім беру саласына арнап, ұстаздық етіп, ағартушылық қызмет атқарды. Тіпті соғысқа дейін, 1932-1933 жылдары ауылда мектеп ашып, халықты сауаттандыруға үлес қосқан. Біздің тілегіміз бір – елімізде әрдайым тыныштық, бейбіт өмір, амандық болсын. Баршаңызға бақыт, денсаулық, табыс тілеймін. Бұл мереке жыл сайын атап өтіліп, кейінгі ұрпаққа тарих пен ерліктің маңызы ұмытылмай жетсе екен, — деп еске алды.
9 мамыр – бейбіт өмір мен тыныштықтың қадірін ұғындырып, Отан үшін от кешкен ардагерлердің ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртатын тағылымды мереке. Облыс көлемінде Жеңіс күніне орай бірқатар шара ұйымдастырылды.
Сара ӘБДОЛ.

