Қауіпсіздікті қадағалау қажет

Мам 14, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Санаулы күннен кейін барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, балалар демалысқа шығады. Осы орайда облыс оқушылары жазғы демалысын қалай өткізеді деген сауал туындайтыны сөзсіз. Бұл мәселе бұрнағы күні аппараттық жиында жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, аталған шара барысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы да баяндалды.

Басым бөлігі қамтылады

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова осы жазда 1–10-сынып аралығындағы 111309 павлодарлық оқушының 99,1 пайызын жазғы лагерьмен және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, биыл өңірде мектеп жанындағы лагерьлер мен еңбек отрядтарының саны артқан. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтардан шыққан және арнайы есепте тұрған 35 мыңнан астам баланың барлығын жазғы демалыспен, сауықтыру шараларымен қамтуға басымдық беріліп отырғанын мәлім етті. Оның ішінде 9127 бала мектеп жанындағы, 1702 оқушы қала сыртындағы және 24587 бала профильдік лагерьлерде демалатын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24 518 балаға көп екенін атап өткен жөн.

– Жазғы кезеңде қала сыртында 11 лагерь жұмыс істейді. Аталған мекемелерде 5338 бала сауықтырылады. Мектеп жанынан 356 лагерь ашылады. Олар жалпы саны 38325 баланы қамтиды деп жоспарлануда. Балаларды сауықтыру үшін 131,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, мектептер, колледждер және қосымша білім беру ұйымдарының базасында
576 профильдік жазғы лагерь жұмыс істеп, 61056 баланы қамтиды, – деді Әйгерім Әбенова. Оның айтуынша, маусым айында аймақтағы барлық мектепте 9-10-сынып оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындайтын профильдік сыныптар ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен де оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізулеріне мүмкіндік жасалмақ. Мәселен, «Жолдама сыйла» акциясы аясында 3964 балаға, Екібастұз қаласына қарасты кәсіпорындар есебінен 2060 оқушыға тегін жолдама берілсе, Ақсу ферроқорытпа зауытының атынан 360 баланың лагерьлерде демалуына жағдай жасалмақ.

Облыс әкімі жазғы лагерьлердің санитарлық талаптарға сай болуына баса мән беру керектігін қадап айтты. Осы мәселе бойынша жауап берген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда департаментке 3 лагерьден өтініш келіп түскен. Бірқатар нысандардың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы әзірленуде екен.

Аймақ басшысы сондай-ақ, өткен жылы орын алған жайсыз жағдайларлар қайталанбауы керектігін, яғни балалармен жұмыс істейтін мамандардың арасында бұған дейін сотталған немесе қылмыстық істерге қатысы бар адамдардың болмауын жіті қадағалауды тапсырды. Басқарма басшысы биыл кадрлық құрамға қатысты бақылауды күшейткенін мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта жергілікті құқық қорғау органдарымен, атап айтқанда, прокуратура және полиция өкілдерімен бірлесіп, жаз айларында балалармен жұмыс істейтін барлық қызметкердің деректерін база арқылы тексеріп жатырмыз. Әрбір қызметкерде қажетті анықтамалар мен арнайы рұқсат құжаттары болуы қажет. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда.

Жалпы, облыстағы барлық оқушының жазғы демалысын қауіпсіз әрі пайдалы етіп ұйымдастыру мақсатында білім басқармасы кешенді бағдарлама әзірледі. Сол бойынша қалалар мен аудандар да өздерінің жазғы демалыс бағдарламаларын дайындады, – деді Әйгерім Әбенова.

Алқалы жиында Ақсу, Екібастұз қалаларының әкімдері де сөз алып, қос шаһардағы оқушылардың жазғы демалысын, сауықтыру шараларын ұйымдастыруға қатысты жоспарларымен таныстырды. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл жазда шахтерлер қаласындағы 22 мыңнан астам бала демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осы мақсатта 44 лагерь қызмет көрсететін болады.

Ал Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің сөзіне қарағанда, бұл өңірдегі 11 мыңнан астам оқушының 95,5 пайызы жазғы демалыспен қамтылып, бос уақыттарын тиімді өткізеді деп жоспарлануда.

Аймақ басшысы Асайын Байханов әкімдерге қала сыртындағы 11 лагерьді өз көздерімен көріп, ондағы санитарлық жағдай, қауіпсіздік талаптары және ұялы телефон байланысының қолже-тімді болуын мұқият тексеріп қайту керектігін тапсырып, ата-аналар алаңдамауы тиіс екенін айтты.

Айта кетерлігі, басқарма басшысы ағымдағы жылы IT саласындағы жетістіктерді кеңінен насихаттауға және бос уақытты ұйымдастыруда жасанды интеллект құралдарын енгізуге баса мән берілетінін атап өтті.

– Маусым айында Ақпараттық технологиялар колледжінің IT-хабында облыс мектептерінің 5-9-сынып оқушылары үшін AI және бағдарламалау негіздерін үйрететін «Prompt AI Lab» жазғы мектебі іске кіріседі. Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлерде «Болашақ IT лагері: жасанды интеллект және цифрлық бағдарламалық қамтамасыз ету ресурстары» атты
12 күндік хакатон өтеді. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – балалардың шығармашылық ойлауын дамыту, заманауи құралдарды меңгеру, дайын жобаны жасау, – деді ол.

Осылайша, жазғы кезеңде 984 лагерьде 110 277 павлодарлық бала демалыспен қамтылмақ.

Аппараттық жиында сондай-ақ, облыс әкімі ауыл-аймақтағы балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдардың жағдайын үнемі бақылап, сынған-бүлінген жерлерін дер кезінде жөндеп отыру керектігін де тілге тиек етті. Ең бастысы, жаз айларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, деді Асайын Байханов.

Эпизоотиялық жағдай тұрақты

Алқалы жиында аймақтағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында қолға алынып жатқан іс-шаралар барысы да талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев төрт түлікке диагностикалық зерттеулер жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ауылдардағы жануарлар-
дан бруцеллезге зерттеу үшін қан сынамаларын алу жұмыстары жалғасуда.

– Осы жылы 1,2 млн диагностикалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 527,5 мың ірі қара мал және 678,2 мың ұсақ мал бар. Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 188 090 бас ірі қара және 205 794 бас ұсақ мал зерттелді. Оң нәтиже бергені – 880 бас. Оның 763-і ірі қара және 117-і ұсақ мал. Ауру жануарлар 15 күнтізбелік күннен кешіктірілмей санитарлық сою орындарына жіберілуде, – деді аймақтың бас ветеринары. Ол сондай-ақ, биыл 6,1 млн манипуляция жүргізу жоспарланғанын, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын аса қауіпті 8 ауруға қарсы вакцинациялау, иттерді дегельминтизациялау шаралары жалғасатынын жеткізді. Осы орайда ағымдағы жылы облысқа 2 922 541 доза ветеринариялық препарат әкелінгенін атап өткен жөн. Қуантарлығы, 2026 жылдың 4 айындағы ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар жоспары 100 пайыз орындалған.

Басқарма басшысы қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары да назардан тыс қалмағанын атап өтті.

– Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен қаңғыбас жануарлар үшін 109 млн 282 мың теңге бөлінді. Биыл жыл басынан бері 140 қаңғыбас ит ауланып, уақытша ұстауға жіберілді. Жануарлардың шабуыл және агрессия фактілері бойынша 353 жағдай тіркелді, – деді Асылтас Тілеубаев. Сонымен қатар, ол өңірімізде салынып жатқан ветеринариялық нысандар мен мал қорымдарының құрылысы жайлы да есеп берді.

– Павлодар облысының қатаң климаттық жағдайларын және ветеринариялық пункттердің елді мекен орталықтарынан шалғай орналасуын ескере отырып, жоба күрделі құрылыс форматында іске асырылуда. Ал күрделі құрылыстың артықшылығы ғимараттардың климаттық әсерлерге жоғары төзімділігіне байланысты болмақ. Ветеринариялық станциялар құрылысы Екібастұз қаласында, Баянауыл және Тереңкөл ауылдарында жоспарланған. Ветеринариялық пункттер құрылысын (қоршау және расколымен) Павлодар, Ақсу қалаларынан басқа барлық қала-аудандарда салу көзделген. Тереңкөл, Шарбақты және Ақтоғай аудандарында жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізілуде. Сондай-ақ, мал қорымдарының құрылысы Ақтоғай және Шарбақты аудандарында басталып кеткен, – деді Асылтас Тілеубаев. Оның айтуынша, бірқатар өңірлерде жер-құқықтық құжаттарды рәсімдеу мерзімінің созылуы құрылыс жұмыстарына бөгет болуда.

Облыс әкімі бұл өте маңызды жоба екенін айтып, жауапты тұлғаларға аталған мәселені 1 маусымға дейін толықтай рәсімдеуді тапсырды.

Жиын барысында ветеринариялық қыз-меттің өзекті мәселелерінің бірі – автопаркті жаңарту керектігі айтылды. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы автокөліктердің көбі тозған және ветеринариялық іс-шараларды уақтылы жүргізу талаптарына толық сәйкес келмейтін көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 172 техника қажет. Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде автокөліктерді лизинг арқылы сатып алу қарастырылмақ.

Бастысы, бүгінде облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты және ветеринариялық қызмет бақылауда, деді баяндамашы.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.