Егін алқабында еңбек қызу

Мам 14, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымыздың астықты аудандары қатарындағы Шарбақты мен Успен диқандары көктемгі егіс жұмыс-тарына білек сыбана кірісіп кеткен. Бұрынғыдай бұйырғанына ғана тоқмейілсімей, барынша ғылыми негізге, тыңайту тәсілдеріне ден қойған. Облыс әкімі Асайын Байханов дәл осы маңызды науқанның барысымен танысып, қос аудандағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың да жай-жапсарын біліп қайтты.

Құнарын арттырмақ

Алдымен аймақ басшысы Шарбақты ауданының егіс алқа-бына барды. Биылғы жоспар таныстырылды. Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың мәлімдеуінше, ауданда 216 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы егіледі. Олардың ішінде 118,6 мың гекта-рында дәнді дақылдар, 74,5 мың гектарда майлы дақылдар, 159 гектарда картоп және 126 гектарда көкөніс өсірілмек. Сонымен қатар, 22 мың гектарға малдың жем-азығы егіледі. Бүгінде 2876 гектарға дәнді дақыл, 1450 гектарға майлы дақыл дәні себіліпті.

Диқандар топырақтың құнар-лылығын арттыруды да естен шығармауда. Бұл мақсатта тыңайт-қыштарды уақытында алып, пайда-
лануда. Аудан алқаптарына биыл 22 287 тонна құрғақ және сұйық түріндегі тыңайтқыш себу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 60 пайызы сатып алынған. Күзде топыраққа енгізілетін қалған бөлігі жазда диқандарға жеткізілмек. Шаруашылықтар еңбек өнімділігін арттыруда заманауи техниканың маңыздылығын түсінген. Биыл шарбақтылық шаруалар 1,3 млрд теңгеге 11 жаңа техника сатып алған. Олардың басым бөлігі – тұқым себу кешендері. Көктемгі егіс жұмыстарына диқандар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдікті несие алуда. Шарбақты шаруаларынан «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 7 өтінім қанағаттандырылып, жалпы сомасы 1,1 млрд теңге несие берілген. Тағы 11 өтінім қарастырылуда. Бұл сома өткен жылғыдан әлдеқайда аз. Аудан әкімі оның себебін түсіндірді. Айтуынша, өткен жылы мол өнім алған ірі шаруашылықтар көп істі өз қаражаттарына атқаруды жөн көрген.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудан диқандарымен жүздесіп, бұйымтайларын тыңдады. Көпшілігі шұғыл шешуді қажет ететін мәселенің жоқтығын, бәрі уақытылы әрі еш кедергісіз іске асып жатқанын алға тартты.

– Жұмыстың 99 пайызы өзде-ріңіздің еңбектеріңізге байланысты. Мемлекет тікелей әсер ете алмайды. Өздеріңіз егіп, өздеріңіз жинап, тұқымды да, сұрпын да өздеріңіз таңдайсыздар. Ал біздің тарапымыздан билікке байланысты мәселелерді шешуде көмек көрсету әрі сіздерге кедергі келтірмеу. Соңғы екі жыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру қолға алынды. Бұрын көктемде өтінім қабылдап, бір мезетте бәрін қаржыландыру тығырыққа тірейтін. Қазір желтоқсан айынан бастап шаруаларға беріле бастап, жұмысты айтарлықтай жеңілдетті, – деді А.Байханов.

Айта кетерлігі, ауданда кәдеге жаратылмай жатқан ауыл шаруашылығы жер көлемі едәуір азайған. Пайдалана алмай жатқан жерді ұсақ шаруашылықтардан ірілері сатып алып, айналымға қосуда. Шарбақтылық шаруалар цифрлық технологияларды қолдануда. Мәселен, арнайы дрондар арқылы зақымданған аумақтарды анықтап, шұғыл шешім қабылдау мүмкіндігіне ие. Ал аудандағы «Никром» шаруашылығы ғылыми негізге иек артуға мықтап кірісіпті. Бұл шаруашылық бүгінде 6 мыңға жуық алқапта егін егеді. Бидай, жасымық, зығыр егістіктері бар. Шаруашылық басшысы Валерий Сорокин бұл іске қос ұлын тартуда. Тұңғышы Никита Барнауылдан агроном мамандығын меңгеріп келген. Диқан егістік алқаптарын цифрландыруға ден қойған. Күзде топыраққа аммофос тыңайтқышын енгізген. Ол қыс бойы еріп, сіңіп үлгеретін көрінеді. Сондай-ақ, тыңайтқыш себілген егістіктің өлшемдері картаға енгізілген. Сәйкесінше, көктемде техникаға осы деректер жазылады, техника сол өлшеммен жүріп, дән себеді. Осылайша, егіннің өнімді өсуіне ықпал ету көзделген. Одан бөлек, жас фермер өзі оқыған білім ордасынан ғалымдарды шақырып, көктемде егістік топырағының әр жерінен әртүрлі тереңдіктен сынама алынған. Ол енді зертханада зерделенеді. Нәтижесінде топы-рақтың жағдайына баға беріліп, қай тұсқа тыңайтқыш аса қажет екенін жоспарлайды.

– Мұндай тәсілдерге көшуге бұрын материалдық-техникалық базамыз жарамады. 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығы техникаларымызды жаңарта бастадық. Қазіргі таңда техникамыз 98 пайызға жаңарды. Сондықтан тың тәсілдерді енгізуге көшудеміз, – дейді В.Сорокин.

Аймақ басшысы аталмыш шаруашылықта ғылыми тұрғыдан қадам жасалып, ақылды жас фермерлер буыны қалыптасып жатқанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, жаңа технологиялар қолданылып, деректер картаға енгі-
зілетіні, тіпті, механизатор ауысқан күннің өзінде бүкіл алқап алақан-дағыдай айқын көрініп тұратыны өте маңызды ілгерілеушілік екенін де тілге тиек етті. Облыс әкімі қызметкерлердің айлығына да назар аударды. Шаруашылық басшысының мәлімдеуінше, былтыр орташа жалақы 480 мың теңге болса, биыл 560 мың теңге болады деп болжануда. Өнімділікке қарай ол да өзгеріп тұра-
тынын жасырмады. Бүгінде шаруа-шылықта 18 адам еңбек етеді.

Ал Успен ауданында биыл 249,6 мың гектарға дән себіледі. Өткен жылғымен салыстырғанда егістік алқабы 6,6 мың гектарға ұлғайған. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің айтуынша, әдеттегідей алқаптың негізгі бөлігіне дәнді, майлы және мал азығы дақылдары егіледі. Аудан басшылығы егіс алқаптарын әртараптандыру аясында биыл әлеуметтік маңызды өнім қарақұмық егісі 2,1 мың гектарға арттырылғанын айтты. Техника толық егін науқанына дайын. Биыл диқандар 29 техника сатып алған. Көктемгі егіс жұмыстарына жалпы сомасы 1,2 млрд теңгенің 18 жеңіл-дікті несиесі берілген. Ауданға 3,4 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген.

Аймақ басшысы аудан шаруа-ларымен кездесіп, көктемгі егіс науқаны барысын тыңдады. Успен ауданының шаруалары да бәрі қалыпты жағдайда жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Несие алуда да еш түйткіл туындамағанын атады. Бірқатар шаруашылықтар мұнда да цифрлық технологияларды енгізуді қолға алған. Ауданда жалпы жер қоры 389 мың гектарды құраса, соның 289 мыңы — егістік, 100 мыңы — жайылымдық жер. Кәдеге жара-тылмай жатқан жерлерді қайтару жұмысы жалғасуда. Аудан билігі құзырлы басқармамен бірлесіп, жыл соңына дейін мұндай  3 мың гектарға жуық жерді қайтаруды көздеп отыр.

Күнбағыс өсіретін шаруалардың бірі өңірімізде осы өнімді өңдейтін кәсіпорындар құрылысына қатысты сұрады. Облыс әкімі аймақта күнбағыс майын шығаратын ірілі-ұсақты үш кәсіпорын салынып жатқанын мәлім етті. Олардың бірі ағымдағы аптада іске қосылса, екіншісі шілдеде жұмысын бастамақ. Картопты қайта өңдейтін жобалар да қолға алынғанын айтты. Қазіргі таңда инвесторлар жобаның оң-солын зерделеп жатқан көрінеді.

Успендік «Руслан» шаруа қожалығының алқабына барып, аймақ басшысы диқанның жоба-жоспар-ларын тыңдады. Шаруашылық басшысы Руслан Дауылбаев қазіргі таңда қыша дәнін себуде. Бұл дақыл гектарынан кемінде 15 цент-нерден беретін көрінеді. Атасы бастаған кәсіпті әкесінен кейін өзі дамытуда. 780 гектар жері бар. Одан бөлек, өзгелерден жалға алып та егін егеді. Жерінің құнарлығын арттыруға маңыз берген. Ол үшін сапалы тыңайтқыш қолданбақ. Аммофос тыңайтқышымен қатар плантин атты француздық түрін қолдануда. Бағасы алғашқысынан екі есе жоғары болса да, шаруа тиімділігін тексеріп көрмек.

Тас жол толық төселеді

Екі ауданға сапары кезінде аймақ басшысы инфрақұрылымдық жобалар барысын да тексерді. Шарбақты ауданында екі жылдық жобалар аясында Красиловка, Жылыбұлақ, Есілбай, Шарбақты ауылдарында 6,1 шақырым жол жөнделген. Биыл тағы аудан орталығы мен Назаровка елді мекендерінде 10,5 шақырым жол салынуда. Бұл жолдар құрылысын алдағы бір ай дересінде аяқтау межеленген. Аймақ басшысы жұмыстарды ерте бастауды тәжі-рибеге енгізгеннен бері ахуал айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Әйтпесе, жобалар кеш басталып, күздің қара суығына дейін асфальт төсеу жалғасатын еді. Бір айта кетерлігі, аудан орталығында бүгінде қысқа көшелер ғана асфальтсіз. Облыс әкімі Асайын Байханов келесі жылы бұл көшелерге толық тас жол төселетінін мәлімдеді. Осылайша, 2027 жылы Шарбақты ауылында тас жолсыз көше қалмайды. Аудан тұрғындары ауылдарға асфальт төсеу ісінің жақсарғанына алғыс білдірді. Облыс әкімі жолдың жайын талқылау кезінде Маралды көлінің жағалауын абаттандыру мәселесін де қаузады. Аудан билігіне жауапты басқармамен бірлесіп, күзге дейін жобасын жасауды тапсырды. Бұл жағалауды Сабындыкөл, Жасыбай көлдерінің жағасындай жайнату көзделген. Жоба әзір болса, облыс бюджетінен келесі жылы қаражат бөлінбек.

Успен ауданында да жол жөндеу қарқынды. Мұнда Успенка, Галицкое ауылдарында жол салынуда. Одан бөлек, су тасқынына қарсы автомобиль жолдарына су өткізу құбырлары орнатылады. Облыс әкімі жұмыстарды қара суыққа жеткізбей аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, Тобылжан мектебіне, Қызылағаш ауылының мәдениет үйіне  күрделі жөндеу жүргізілмек. Қоңырөзек елді мекенінде фельдшерлік-амбулаторлық пункт салынады. Бұл нысандарға қатысты мәселені тұрғындар аймақ басшысымен кездесуде бұған дейін көтеріп, өтінген еді. Аталмыш ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Қазіргі таңда 36 пәтерлі үй бой көтеруде. Тамызда құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл үйдің қасында алдағы жылдары тағы 36 және 24 пәтерлі екі үй салынбақ. Бүгінде ауданда 295 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 61 азамат әлеуметтік осал топқа жатса, 42-сі – жетім бала.

Аймақ басшысы Шарбақты ауданы орталығында салынып жатқан ветеринарлық пункт құрылысы алаңына да барды. Бұл нысан маусым айының 1-інде қолданысқа берілмек. Облыс көлемінде бүгінде 37 ветеринарлық пнукт, үш ветеринарлық станция және 48 мал қорымы салынуда.

– Аймағымызда мал басы көбеюде. Сәйкесінше, ветеринарлық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Мал ауырады, ал оларды қауіпсіз жою биологиялық қауіпсіздік және тұрғындар денсаулығы тұрғысынан өте маңызды. Сондықтан бұл жұмыстар жалғасады. Келесі жылы да елді мекендерде осындай көлемде нысандар салынады, – деді Асайын Қуандықұлы.

Қос ауданның даму қарқынына, көктемгі егіс жұмыстардың барысына оң баға берген облыс әкімі алдағы уақытта да ауылдарды дамыту бағытында қолдау болатынын атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Шарбақты және Успен аудандары.