Ұнсіз көптің көңілін көтереді

Мам 21, 2026

Кезекті сұхбатымның кейіпкерімен кездестім. Тілдестім. Тілдестім деймін-ау, тікелей емес. Сурдоаудармашы арқылы сырын тыңдадым. Себебі, ол туғанынан тыныштық әлемінде өмір сүреді. Бірақ, бала кезінен есту қабілетінен айырылған павлодарлық азамат Дмитрий Вилюнов мойыған жоқ. Қоғамда өз орнын табуға, жанына жақын іспен айналысуға әрдайым ұмтылыспен келеді. Бар ықыласымен істейтін жұмысын да тапқан. Күнделікті қызметінен рахат алады.

Кондитерден — әртіске…

Дмитрий Александрович бүгінде Павлодар қаласындағы құлағы естімейтін және нашар еститін балаларға арналған мектепте балаларға ым-ишара тілімен ән айтуды үйретіп, клоунада өнерін дамытып жүр. Бүгінде 44 жастан асқан азаматтың бала күні де тыныштық әлемінде өткен. Ата-анасының да, бауырының да туғанынан құлағы естімеді. Тек әжесі естіп, сөйлей алғандықтан немерелерін қарайласып, өсіруге қолғабыс жасайды. Оқушы кезінен зерек болады. Мектепте әдебиет, математика, биология, химия сабақтарын сүйіп оқыпты. Биді де жақсы көреді. Өнерге жақын болады. Алайда, мектеп бітірген соң өнер жағын қууға құлағы естімейтін шәкірттерге дәріс беретін оқу орны табылмайды. Содан кондитерлік мамандықты таңдайды

– 2000 жылы мектепті бітіріп, колледжге кондитер мамандығына түстім. Екі жыл оқып, облыста әйгілі «Крендель» компаниясына жұмысқа орналастым. Осында 14 жыл үздіксіз қызмет еттім. Түрлі етті, жеміс-жидекті, сүзбелі, балықты бәліштер пісіретін бөлімде еңбек еттім. Торт, кекс, түрлі тоқаштар да пісірдім. Тамақ пісіру – әлі де ермегім. Не пісірсем де дәмді шығады. Бірде тапсырысқа торт пісіріп беріп едім, қатты ұнағаны соншалық бір отырғаннан тауысып тастапты, – дейді Дмитрий.

Қанша жыл кондитер болып еңбек еткенімен өнерге деген махаббаты әрдайым жүрегінде жүреді. Сондықтан құлағы естімейтіндер қоғамына барып, осында клоунада өнерімен айналыса бастайды. Қостанай қаласында өткен сайыстан бірден жүлдемен оралады. Содан сұрастыра келе, Ақсудағы колледжге шығармашылық мамандыққа оқуға түседі. Алғашында құлағы естімейтін жігітті қабылдаудан білім ордасы қорқақтайды. Бұрын-соңды мұндай студенттермен жұмыс істемеген соң ұстаздары «оқыта аламыз ба?» деп күмәнмен қарайды. Бірақ, емтиханда шығармашылық нөмірін көрсеткенде қазылар алқасы таң-тамаша болады. Сөйтіп, сырттай көпшілік шаралар режиссері мамандығын меңгеріп шығады. Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет үйіне қызметке орналасып, құлағы естімейтіндер қоғамымен жұмыс істейді. Кейін осы қоғамда қызметін жалғастырады. Ересектер арасында клоунада өнерін дәріптеп, өзі де қатысады. 2013 жылы республикалық жарысқа жалғыз өзі жеке қаражатына барып, бас жүлде алып келген. Еліміздің барлық өңірінен қатысқан әрбір ұжым, өнерпаз кәсіби түрде жүлдеге таласады. Сол тартысты жарыста топ жарды. Ал бүгінде оқушыларды осы өнерге баулуда.

Әнді ыммен әрлейді

– Ал 2022 жылы өзім білім алған мектепке мұғалім болып келдім. Мұнда балаларды өнерге баулу жаныма өте жақын. Балалар сондай сүйкімді, сондай жақсы ғой. Жүректері нәзік. Бірден клоунада сайысына дайындықты бастап кеттік. Қысқа мерзімде «Балықшы» және «Кім мықты?» деген екі қойылым дайындадық. Сәтті шықты. Осындай сәттер маған қуаныш сыйлайды. Жаңа қойылымдар құруға құлшыныс оянады. Ұжымға да үйреніп кеттім. Әріптестерімнен сұрасаңыздар да, ешқандай теріс пікір болмайтынына сенімдімін. Бәріміз бір-бірімізге ылғи көмектесіп жүреміз, – дейді кейіпкерім.

Бүгінде Дмитрийдің шәкірттері өнер додаларында топ жарып жүр. Жуырда ғана Дельфий ойындарында, «Екі жұлдыз» сайысында ым-ишара тілінде ән шырқап, шәкірттері алдыңғы орыннан көрінген. Оқушылары ұстазының талапшыл екенін атап өтті.  Шәкірттерінің бірі Қанат Бейісханды кезекті дайындық кезінде кезіктіріп қалдық. Мұғалімін мақтай жөнелді. Әрдайым көңілді жүретінін, тез тіл табысып кеткенін айтады. Оқушылардың үлкен-кішісі Дмитрий Александровичпен қол беріп, ілтипат көрсетіп амандасқанды ұнатады. Алыстан қол созып жүгіріп келе жатқандарына қарап, балаға деген сүйіспеншілігін аңғару қиын емес.

– Музыканы мүлдем естімей-тіндіктен оны балаларға үйрету оңай емес. Әрине, ым тілін жақсы меңгергендіктен өзім сияқты құлағы естімейтін оқушыларға барымды саламын. Бұл істе әріптесім Динара Шаймерденова көмектеседі. Оның құлағы нашар естиді. Қазақ тілді әндерді үйреткен кезде де біраз еңбектенуге тура келеді. Өйткені, алдымен әннің сөзін орыс тіліне аудартып аламын, сосын ым-ишара тілін әннің сөзімен үйлестіреміз. Әрбір сәті дөп түсуі керек. Көп еңбектенгеннің нәтижесінде шәкірттерім жүлделі орындар алып жүр, – дейді сүйікті ісінің кейбір
сәттерімен бөліскен өнерлі азамат.

Шәкірттерінің жетістіктерін жылылықпен, мақтанышпен жеткізген Дмитрий оларды республикалық, халықаралық өнер сайыстарына апаруда қаржылық қиындықтарға тап болатынына қынжылады. Ресей мемлекетінде құлағы естімейтіндерге арналған өнер додалары жиі ұйымдастырылатын көрінеді. Алайда, ақшаның жоқтығынан көбінде балалар бара алмай қалады. Сондықтан мемлекет демеушілермен бір байланыс жасап қойса, өздері сияқты ұйымдардан, азаматтардан өтінім түскенде, қаржы бөлетіндей мүмкіндік болғанын қалайтынын жасырмады. Ал мұндай өнер сайыстары құлағы естімейтін балалардың қоғамға бейімделіп, әлеуметтенуі үшін аса қажет, дейді ол.

Кейіпкерімізден тағы қандай мәселелермен бетпе-бет келетінін сұрап едік, ылғи жанынан табылатын сурдоаудармашы Валентина Владимировнаға күлімдеп бір қарады да, «аудармашым бар, мәселе жоқ» деді. Шынымен, мемлекет тарапынан құлағы естімейтін азаматтарға сурдоаудармашы маман бөлінеді, арнайы техникалық құралдары тегін үлестіріледі, шипажайға жылына бір рет тегін жолдама да қарастырылған. Әсіресе, аудармашының болуы қоғамда мұндай жандардың өмірін айтарлықтай жеңілдеткен.

– 2002-2003 жылдарға дейін мұндай мүмкіндік болмады. Құлағы естімейтіндер қоғамының төрағасы Светлана Владимировна Олейник өзі осындай отбасында өскен соң ым-ишара тілін жақсы білетін. Сол кісі алдына келгендерге шама-шарқынша көмектесіп жүрді. Кейін елімізде сурдоаудармашылар оқытылып, бөлінді. Әр азамат қалаған аудармашыға тіркеліп алады. Белгілі бір мекемелердегі жұмыстарына алдын ала жазылып, ертіп барады. Барлық жұмыстарына қолғабыс жасап, ақпаратты өз тілдеріне аударып береміз, – дейді В.Владимировна.

Кез келген бастамалары кезінде де аудармашымен ақылдасады. Жанында көп жүретін аудармашы Дмитрийдің өмірде өте көңілді, жауапкершілікті азамат екенін айтады. Отбасылық құндылықтарды сақтап, салауатты өмір салтын ұстанатын көрінеді. Әкесі сырқаттанып, есту қабілетімен бірге қос жанарынан айырылғанда да Дмитрий жанынан табылып, өмірінің соңғы сәттеріне дейін қызметін көрсетіп, күтімін жасаған екен. Әкесін айтқанда кейіпкерімнің жанары мөлтілдегені байқалды. Бір сәт балалық шағына ойысып, әкесімен өткен күндерін есіне алып, айтып берді.

– Бала кезімде ауылдағы туыстарымызға жиі баратынбыз. Қалада өскен соң ауылдың өмірі ұнайтын. Ауладағы үйрек-қаз, тауықтың арлы-берлі жүргені, мен үшін әдемі көрініс еді. Әкем ағаштан бұйымдар жасайтын. Түрлі жәшік құрастыратын. Туысқан қарындасыммен бірге әкемнің айналасында көмектесіп жүретінбіз. Қазір ойласам, ол да бір жарқын кездерім екен, – дейді балалық кезін еске алып.

Дмитрий әлі өмірлік серігін жолықтырмапты. Алайда, үміт үзбейді, сыңарын табатынына сенеді. Достыққа адал дейді аудармашы ханым. Клоунада өнерімен Қазақстанның барлық қаласына барып үлгерген Дмитрийдің достары да еліміздің түкпір-түкпірінде тұрады. Интернет желісі арқылы әрдайым байланыс жасайтынын айтады. Тіпті, көрші мемлекеттерден бөлек Испания, Польша елдерінде де достары бар. Ал Павлодарда араласатын достарымен жиі табиғат аясына шығып, тыныққанды ұнатады.

Клоунада өнері арқылы көптің көңілін көтергенді ұнатады. Пантомимоның да қыр-сырын меңгеріп алған.

– Адамдарға күлкі, қуаныш сыйлағанды жақсы көремін. Әрбір қойылымды дайындау үшін ізденемін. Кейбірін интернеттен алсам, кейбір қимыл-әрекеттерді өзім ойластырып қосамын. Костюмдерін де ойластырамын. Әр қойылымның бір әдемі, әсерлі сәтімен өзгелерден ерекшеленіп тұруы тиіс. Оған да мән беремін. Шығармашылықпен айналысқаннан демаламын. Өмірге ризамын, қол қусырып отырғанды ұнатпаймын, – дейді еңбекқор азамат.

Шығармашылық туралы сөз еткенде Дмитрий үлкен арманын айтты. Ол болашақта сахналық қойылым қоюды армандайды. Жеке орын болса, ересектерді де қамтып, би үйретіп, ым-ишара тілінде ән айтып, сахналық қойылымдарды жиі ұйымдастырып тұруды қалайды. Осылайша, алысқа көз тігеді. Өмірдің сынағын кедергі ретіндей көрмейді. Керісінше, қанаттанып, алға басуда. Ендеше, Дмитрийдің діттеген мақсатына жетуін тілейік.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.