Жеке шаруашылық иелеріне мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? Павлодар облысындағы саяжай кооперативтерімен кездесу барысында анықталғандай, мыңдаған бағбан заңнамалық жұмыстар мен толық инфрақұрылым жүргізілмегендігінен зардап шегуде. Мемлекеттік деңгейде бекітілген 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы қаржыландырудың жетіспеушілігі себебінен іс жүзінде орындалмай, жергілікті билік органдарының нақты қолдау шаралары әлсіз болып отыр.
Кенжекөл ауылы маңында орналасқан «Металлург», «Южный» және «Яблонька» кооперативтерінің базынасы бір болып шықты. Саяжай қаладан шеткері жатқандықтан ондағы шаруалардың да жағдайына онша мән берілмесе керек. «Мемлекет тарапынан көрсетіледі деген көмек келгенше мұндағы халық саяжайды тұрғын үйлерге айналдырып жібереді» деген уайым бар, дейді «Южный» кооперативі төрағасы Сергей Бондарь.
— Біздің кооперативтер қазіргі таңда тұтыну кооперативтері қата-рында. Бұл қазіргі жағдайымызға сай келмейді. Себебі, басқару, салық және меншік мәселелері қол байлап тұр. Кейбір адамдар ашық картографиялық сервистер арқылы өзге біреудің жерін өз атына рәсімдеп алып жатыр. Ал олардың қай жерді сатып алып, кімге сатып жатқандарынан бейхабар-
мыз. Жерге байланысты нақты жауапкершілік белгіленбегендіктен болар, жер комитеті «жаңа заң шықты, біздің құзіретімізде емес» деп жауап беріп отыр. Бұған дейін мұндай шешімдер төрағаның тікелей келісімімен жүргізілетін. Соған қарағанда бұл жерде қолыңнан келсе, қонышынан бастың кебі ме деп ойлаймыз, — дейді ол.
Саяжай кооперативтері Үкімет бекіткен 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы баяу орындалуда деп бағалап отыр. Бағдарлама бойынша саяжай аймақтарында жолдарды жөндеу, электр және су желілерін тарту, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерін орнату көзделген болатын. Алайда тұрғындардың айтуынша, жұмыстардың қарқыны мардымсыз. Негізгі себеп қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен жергілікті деңгейдегі үйлестірудің әлсіздігі.
Саяжай аумақтарындағы инфра-құрылымға көңіл бөлінбеуінің салдарын қарапайым халық шегуде. Олар күнделікті қатынайтын автобустардың өздері тұрмақ, аялдамалардың орны ғана қалған. Ал жөндеуден өту керек жолдардың нақты кімге тиесілі екенін түсінбедік, — дейді «Яблонька» кооперативінің төрайымы Гүлнар Жақыпова.
— «Жол сапасы нашар. Мыңдаған бағбан жаяу қатынауға мәжбүр. Саяжайларға шығатын жолда көпір бар. Ол да жөндеуді қажет етеді. Бұл қиындықтар ең әуелі мұндағы жұмыстардың дұрыс жүрмей жатқа-нына алып келуде», — дейді ол.
Сонымен қатар бау-бақша аймақтарындағы электр желілерін де тұрғындар өздігінен тартқан. Салдарынан кейбір жерлерде сымдар араласып еткен. Бұл қысқа тұйықталу туындаған жағдайда өте қауіпті жағдай туғызатыны анық.
Саяжай кооперативтері басшы-ларының мәселесі мұнымен біткен жоқ. Олар су бағасына қатысты әділет-сіздікті де тілге тиек етті.
— Біз Павлодар қалалық су шаруа-шылығына текше метріне 39 теңге төлейміз. Ал солтүстік жақтағы серік-тестіктер 6 теңгеден ақы төлейді. Бір маусымда миллион текше метр су тұтынатымызды есептейтін болсақ, осы аралықта 40 миллион теңге төлейміз. Ал олар 6 миллионмен шектеледі, — дейді «Металлург» саяжайының төрағасы Илья Фёдоров.
Саяжай тұрғындары бау-бақша аймақтарын тек жазғы демалыс орны емес, қаланың экологиялық айнасы деп санайды. Сондықтан мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілсе, жоспардағы жұмыстар жүзеге асса дейді.
Сара ӘБДОЛ.
