Құрбандық шалу – жай мал сою емес. Ол – адамның ықыласы, иманының беріктігі, тақуалығы мен өзгеге деген мейірімінің айқын көрінетін сәті. Бұл құлшылықта пенденің нәпсісімен күресі, жомарттығы мен сараңдығы, кеңдігі мен тарлығы да сынға түседі. Ал пенденің шалған құрбандығы Қиямет күні оның пайдасына куәлік береді екен. Ендеше, Құрбан айт мерекесінің ғибраты мен құрбандық малын шалудың дұрыс жолдары жайлы маңызды.
Құрбандық шалудың үкімі қандай?
Құрбан айт күндері мұсыл-манның атқаратын ең жақсы ісі – құрбан шалу. Ислам дінінде, соның ішінде Ханафи мазхабында құрбан шалудың үкімі уәжі амал болып саналады. Уәжіп деген – парыз бен сүннеттің арасындағы амал. Уәжіпті тәрк еткен адам сұралады. Оны орындамаған адам қазасын өтейді. Ал сүннетті тәрк еткен адам сұралмайды, қазасын өтемейді. Соған қарағанда, бұл мұсылман үшін жауапкершілігі жоғары. Құрбандық шалу міндеті уақыттың өтуімен мойнынан түспейді. Сатып алған құрбандығын Айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етіп береді немесе сойып, барлық етін таратады. Мұндай жағдайда құрбандық шалудан садақа беру амалына ауысады.
Құрбан шалу кімге уәжіп?
Құрбандық шалу – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, әлеуметтік жағдайы бар және тұрғылықты әрбір ер және әйел мұсылманға уәжіп. Ал жолаушыға, бір орынға уақытша қоныстанған (15 күннен аз), қажыға барған және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Мысалы, өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) жеткен адам шалады. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес. Құрбандық дұрыс болу үшін мына үш шарт орындалуы қажет: малдың дені сау болу, Айт күндері шалу және осыған арнайы ниет ету.
Қандай мал шалынады?
Құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады. Ең алдымен жасына келер болсақ. Сойылатын қой мен ешкі бір жасқа жеткен болу керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі тоқтыларды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал сиыр түлігі екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр немесе түйе шалуға болады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Малдың дені сау және семіз болғаны дұрыс. Ал көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, аяғы ақсақ, ауру, арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес.
Пайғамбарымыз бір хадисінде «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», –
деген. Сатып алған құрбандық малының қандай да бір кемшілігі болса оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, ол кемшілік болып саналмайды.
Бір малды неше адам шалады?
Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынады. Бір адам екі қой құрбандық етсе де болады, онда екеуі де қабыл болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің: «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қара малды жеті адамның атынан бауыздадық» деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.
Құрбандықтың етін қалай үлестіреді?
Сүннетке сәйкес құрбан етiн үшке бөлiп, бiр бөлiгiн мұқтаж жандарға, екiншi бөлiгiн туған-туыстарға немесе көршiлерге, ал қалған бөлiгiн өз отбасына алып қалуға болады. Егер етке мұқтаж болмасаңыз, барлығын таратып жіберуге болады. Сол секілді, бала-шағасы көп отбасылар болса, құрбандық шалған малдың етінің бәрін өзінің отбасына алып қалуына болады. Өйткені өзінің және отбасының қажеті басқаның қажетінен жоғары тұрады. Бұл туралы Пайғамбарымыз: «(Садақа беруді) өзіңнен баста, сосын басқаға бер» деген өсиет айтқан. Алла Елшісі тағы бір хадисінде: «Құрбандық шалсаңдар, оның етінен жеңдер және одан басқаларға да беріңдер», – деген.
Қандай дұға оқылады?
Құрбандық малын мүмкіндігінше ниет еткен адам өзі бауыздағаны абзал. Егер ол қолынан келмесе, қасапшыны өкіл етіп алады. Малды бауыздамас бұрын дұғасын оқып, батасын жасау маңызды. Ол былай болады: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!». Тіпті болмаса, «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп қысқа қайырып барып, малды сойса да болады. Жабир ибн Абдулла бір оқиғаны былай әңгімелейді: «Мен Алла елшісімен бірге мешітте Құрбан айт намазына қатыстым. Ол кісі құтпа оқуды бітіріп, мінберге түсті. Бір қошқар әкелді де, оны өз қолымен бауыздады және «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Бұл құрбандық менен және менің құрбандық шалмаған үмметімнен», – деді» дейді. Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді. Бұл – адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені, мұсылман адам құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла Тағала адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Сондықтан Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында.
Байға — міндет, кедейге — көмек
Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қараусыз қалған қарттарды қуандырудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені, құрбан шалу, садақа беру сынды амалдар — мұсылмандардың арасына мейірімдік, ізгілік сынды жақсы қасиеттерді ұялататын сауабы мол іс. Құрбан шалу – байға — міндет, кедейге көмек болатыны сондықтан деп білеміз.
Әзірлеген – Тілеуберді САХАБА.
