«Павлодарэнерго» АҚ жылыту орталықтарының алдағы қыс мезгіліне дайындығы қызу жүруде. Биыл екінші және үшінші жылу-электр орталықтары қосалқы жабдықтарын жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға қойылған. Ал бұл бағытқа компанияның өзінің қаражаты есебінен 32,2 миллиардтан астам теңге бөлінетін болады.
Апта басында «Павлодарэнерго» АҚ басшылығы ЖЭО-2-ге журналистер баспасөз турын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде жергілікті БАҚ өкілдері аталған алып жылу өндірісін аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып, болашақтағы жоспарлары туралы мағлұмат алып қайтты.
«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельдің айтуынша, биыл облыс орталығының солтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз ететін 3-ЖЭО жабдықтарын жаңарту және жөндеу науқаны шеңберінде №3 қазандық агрегаты мен №3 турбоагрегаты күрделі жөндеуден өткен. Барлық жобалар уақытында аяқталып, іске қосылды дейді жауапты мамандар. Ал қазіргі таңда №5 қазандықта күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірінші қазандық пен бесінші турбоагрегатын жөндеу жоспарға қойылған. Сонымен қатар, 2-ші жылу-электр орталығында да дәл осындай ірі жобалар атқарылады деп жоспарлануда.
– 2-ЖЭО-ның №5 қазандығын жөндеу жұмысы аяқталып, толығымен іске қосылды. Қазіргі уақытта №2 турбоагрегаты жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта №4 қазандықты жаңғырту жұмысы жоспарланған. Жылу-электр станцияларының жабдықтарын жаңартуға шамамен 32 миллиардтан жоғары теңге бөлу жоспарланған. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымын ешқандай мәселесіз өткізу мақсатында жүргізілуде. Сонымен қатар, электр техникалық жабдықтары мен отын тасымалдау цехтарының жабдықтарына қосымша жөндеу жұмыстары да бар. Барлық жобаларды 10 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді баспасөз туры барысында Олег Анатольевич.
Компания басшылығының айтуынша, аталған жылу-электр орталықтары аймақтағы ең ескі мекемелердің қатарында. Дегенмен, соған қарамастан кәсіпорын құрал-жабдықтарын біртіндеп жаңартып, тозу деңгейін төмендетуді қолға алған. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын кәсіпорынның тозу деңгейі 72 пайыздан асып кетсе, биыл ол көрсеткішті 69,63 пайызға дейін түсіріпті. Өткен қыста 6 жағдай тіркеліп, бірақ олардың ешқайсысы жылумен қамтуға әсер етпеген екен. Ал 2023 жылы мұндай оқиғалар бірнеше есеге көп тіркелген.
Сондай-ақ, 2026 жылы қазандықтарды басқарудың автоматтандырылған жүйесінің жобасы әзірленген. Жақында бұл жоба да іске қосылады. Бұл — адам факторынан туындайтын кейбір апаттар мен қауіп-қатерлердің алдын алатын бастама. Яғни, автоматтандырылған технологиялық жетістіктердің көмегімен ақаулардың алдын ерте алады деген сөз.
– Негізгі агрегаттардан бөлек, өндірістік ғимараттар мен инженерлік нысандарды ретке келтіруге де көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – үшінші жылу-электр орталығындағы №1 түтін мұржасын қалпына келтіру. Бұл жобаға шамамен екі ай уақыт кетеді. Бұдан бөлек, станция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында кәсіпорынның санитарлық тораптар мен душ бөлмелері жөндеуден өткізілді. Әкімшілік ғимараттардың қасбеті ауысып, кабинеттердің іші жаңарды, — деді Олег Анатольевич.
Компания қызметкерлердің кәсіби дамуына да айрықша көңіл бөліп келеді. Жыл сайын «Павлодар- энерго» АҚ компаниялар тобының үш мыңнан астам қызметкері өздерінің оқу орталығы базасында білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, кәсіби шеберлік байқаулары ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарында сырттай білім алуына қолдау көрсетіледі. Бұл күрделі техникаларды тез меңгеріп, жұмыс сапасын арттыруға сеп болады.
Тілеуберді САХАБА.
