Май ауданының Май ауылында елді мекен тұрғындары мен осы өңірден түлеп ұшқан азаматтардың қолдауымен «Анаға тағзым» саябағы ашылды. Сондай-ақ, ананың қадір-қасиетін дәріптейтін жаңа мүсіндік композицияның салтанатты тұсауы кесілді.
Туындының авторы – павлодарлық мүсінші Марат Әбілқасымов. Оның айтуынша, ескерткішті жасау туралы ұсыныс Май ауылының тумалары Ербол және Жанбол Қайырхановтардан түскен.
– Олар ауылға шағын саябақ салып, оған ана тақырыбын арқау еткен ерекше мүсін орнатуды ұсынды. Композицияда 2 әйел бейнесі болуы керек деген ой айтылды: бірі – домбыра ұстап, ұлттық өнердің белгісін танытса, екіншісі – сәбиін құшағына басқан ана бейнесінде көрініс табуы тиіс болды. Сондай-ақ, олардың тілегі бойынша домбыра ұстаған ананың келбеті елге танымал емші Санира апайдың бейнесіне ұқсатылып жасалды, – дейді мүсінші.
Шара барысында жиналған жұртшылық жаңа саябақ пен мүсіндік композицияның ауылдың рухани өмірін байытып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды қастерлеуге үндейтін тағылымды орынға айналатынын атап өтті. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, көпшілік жаңа нысанның ашылуын ерекше ықыласпен қарсы алды.
А.БОРАНБАЕВА.
МАЙ АУДАНЫ
