Көші-қон тақырыбы — біздің аймақ үшін ең күрлелі әрі маңызды салалардың бірі. Себебі Павлодар облысы көшіп келушілерді қабылдайтын белгілі облыстардың қатарында. Сондықтан, бұл мемлекеттік деңгейдегі саяси маңызы зор бағыт деуге болады. Өткен аптада облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында өткен кезекті «Тікелей желіде» осы саладағы өзгерістер сөз болды. Оған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Дулат Молдагелдинов қатысып, ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы жаңашылдықтар туралы әңгімелеген болатын. Аталған сұхбаттың толық нұсқасын газет оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Тілші:
– Дулат Жасұланұлы, соңғы уақытта осы көші-қон саласында көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып жатқанын көріп отыр-
мыз. Әңгімені осы жаңа-шылдықтардан бастасақ…
– Негізгі жаңашылдықтардың бәрі сыртқы көші-қонға байланысты болып отыр. Ал еліміздің ішкі облыстарынан бағдарлама бойынша келетін азаматтарға қатысты айтарлықтай өзгеріс бар деп айта алмаймын. Бұрын шетелден көшіп келген кез келген қандасымыз өздерінің қазақ екенін растап, құжаттарын рәсімдей беретін еді. Ал бүгінгі таңда бұл саладағы ережелер мен талаптар күшейіп, шектеулер қойылып жатыр. Бұл — біздің тарапта ғана емес, жалпы көші-қон заңнамасында болып жатқан өзгерістер. Биыл жыл басында қандас мәртебесін беру бойынша біздің қағидаларға пилоттық негізде өзгерістер енгізіліп, бүгінгі таңда сол жаңашылдық бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның бірі – қазақ тілінің сынағы. Яғни, Қазақстан Республикасына көшіп келген кез келген адам азаматтық алуға бірден құжат тапсыра алмайды. Алдымен алдын ала тексерістен өтуі керек, ол үшін «migration.enbek.kz» порталына тіркеліп, арнайы жүктелген сауалнаманы толтырады. Онда өзінің азаматтығы, білімі, денсаулығы, әскери қызметі жайлы толық ақпарат береді. Сонымен қатар, өзінің қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тест тапсырады. Қазақ тілін білу деңгейін тексеретін тест тапсырған кезде Б2 деңгейін көрсетуі тиіс. Бұл аса қиын емес, төмен деңгейге жатады. Егер тест нәтижесі 600 балдан төмен болса, ары қарай тексерістерге жіберілмейді. Сонымен қатар, кез келген құжатты сол елден алынғанын растайтын апостиль болуы шарт. Сауалнаманы дұрыс толтырып, тесттен өткеннен кейін ғана құжаттар құзырлы органдардың тексеруіне жіберіледі. Олардың қатарында ҚР ІІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитеті сынды мекемелер бар. Одан кейінгі кезекте әңгімелесу кезеңі бар. Ол адамның жергілікті тапсырған жерінде жүргізіледі.
Тілші:
– Көшіп келушілерді, соның ішінде қандастарды алаң-датқан мәселелердің бірі тіл бойынша емти-
хан тапсыру. Егер сынақ-
тан өтпей қалса не істейді?
– Оларды өткізу немесе өткізбеу біздің құзыретімізге жатпайды. Барлығы портал арқылы жүзеге асады. Яғни, құжаттарын порталға өздері тіркеп, барлық жұмысты өздері жүргізеді. Ал сынақтан өтпей қалса екінші рет қайта мүмкіндік беріледі. Егер екіншіден өтпесе үшінші рет қайта тапсыруға болады. Бірақ, оның арасында белгілі бір уақыт күту керек болады. Яғни, біріншіден өте алмаса бір ай күтеді, егер екінші тапсырғанда өте алмаса қайта үш ай күтеді. Жалпы, бұл жаңашылдық тек қандастарға ғана қатысты емес, Қазақстан азаматы болғысы келетін барлық шетел азаматына қатысты.
Тілші:
– Биылғы жоспар бойынша облысқа қанша адам қабыл-данады?
– Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес Павлодар облысына 2632 адамды қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 1655 адамды ішкі көші-қонмен, 977 адамды сыртқы көші-қон бойынша қабылдаймыз. Бүгінгі таңда көшіп келушілердің жалпы саны 1731 адамды құрады. Ішкі және сыртқы көші-қон бойынша берілетін көмекте еш өзгеріс жоқ. Өңірлік квотаға енгендердің барлығының отбасының әр мүшесіне 302 мың теңге береді. Одан бөлек отбасы санына байланысты бір жылға дейін пәтер жалдауға ақша бөледі. Бұл 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін соманы құрайды. Сонымен қатар, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы 1625 АЕК-ке немесе 7 млн теңгеге дейін ақша береді. Бұған ауылдық жерден үй сатып алуға болады немесе қалаға орналасса үйдің алғашқы жарнасы ретінде қолдануға болады.
Тілші:
– Осы тұста көшіп келу-шілерді жұмыспен қамту бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Көшіп келген отбасылардың кемінде бір мүшесі жұмысқа орналастырылсын деген талап бар. Ішкі көші-қон бағдарламасының басты мақсаты да осы өңірлерге жұмыс күшін тарту ғой. Мысалы, көп жағдайда жұмыс орындары бар да, жұмыс істейтін адам табылмай жатады. Ал оңтүстік өңірлерде жұмыс жоқ, адам көп деген сияқты. Бизнес бастауға ниеті бар жандар болса қайтарымсыз грант алуға болады. Өңірлік квотаға енгізілгеннен кейін сол гранттарға өтініш беруге болады. Ол комиссияның шешімімен беріледі.
Тілші:
– Біздің өңірге келген ағайындар қай аудандарға көп шоғырлануда?
– Қазіргі статистика бойынша қалалар алдыңғы қатарда. Сонымен қатар, Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандарына көп орнығып жатыр. Жалпы, әр ауданның өзінің мүмкіншілігі бар. Әкімдер келген азаматтарды жылы ниетпен қарсы алып, қолдарындағы бар мүмкіндікті көрсетуі керек. Содан кейін әсіресе халқы орталыққа қарай көшіп, тұрғындары азайған ауылдарға қарай орналастыруға тырысады. Өйткені, мұндай жерде жұмыс тез табылады. Екінші, ауылдың түтіні көбейіп, қайта өркендеуге тыныс алады.
Маратбек, Ақсу ауылдық аймағының тұрғыны:
– Бұған дейін жоғарыда «migration.enbek.kz» порталы белгілі бір уақытқа жұмыс істемей, соның салдарынан қанша адам уақыттан ұтылып, кейбір құжаттарының мерзімін өткізіп алды. Бұл туралы не дейсіз?
– Негізі, портал 2021 жылдан бастап істеп тұр. Иә, өткен жылдың басында техникалық ақаулар болды. Бірақ, мамыр айына дейін бүкіл қателіктер жойылып толық іске қосылды.
Уақытын өткізіп алған азаматтар бойынша министрлікпен бірлесе отырып жұмыс жүргізіп, қайта қалпына келтірдік. Дер кезінде квота ала алмағандар кейін толығымен алды.
Тілші:
– Жоғарыда өзіңіз айтқан пилоттық жоба қайта өзгеруі мүмкін бе. Себебі, жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары қандастардан қазақ тілінен сынақ алуын сынға алып еді. Осыдан кейін қандай бір өзгеріс орын алуы мүмкін бе?
– Бұл пилоттық режим тек қандастарға ғана емес, жалпы Қазақстанға көшіп келушілерге қатысты енгізіліп отыр. Бірақ, енгізілген бұл жаңашылдық осылай бекітіле ме, әлде қайта жойыла ма? Ол жағын әзірге айта алмаймын. Жылдың соңына дейін тағы өзгеріс болады деп күтілуде. Бұл мәселе министрлік деңгейінде талқылануда.
Тілші:
– Жоғарыда айтқан жаңа-шылдықтардың қатарында құжаттарды migration.enbek.kz порталына онлайн режимде тапсыру жүйесі бар. Бұл шеттен жаңа келген ағайынға қиын болып жатқан жоқ па? Себебі, олардың арасында кәрі де, жас та бар. Ақпараттық жүйені барлығы бірдей меңгеріп келді дей алмаймыз ғой…
– Цифрлық жүйе керісінше бұрынғыдан қолайлы болды деп санаймыз. Себебі, бұрын отбасының әрбір мүшесіне құжат жинап, оның барлығын тиісті мекемелерге әкеп тапсыратын еді. Ал кейінгі өзгерістердің арқасында ешкім ешқайда келіп жүрмейді. Бір кемшілік болса, телефон арқылы айтамыз. Ол қайта түзетіп тіркейді. Ал үлкен кісілер болса олардың балалары да бар деген сөз. Бұл жүйе өтініш берушіге де, қабылдаушы бізге де қолайлы деп айта аламын. Қазір 21-ші ғасырда барлығының қолында смартфон бар. Сондықтан одан қиындық туып жатыр деп айта алмаймын.
Тілші:
– Жалпы, Павлодар облы-сына қандай мамандықтар қажет болып жатыр? Мамандар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы алдын ала мониторинг жасап, үгіт-насихат жұмыстарын соған сай жүргізетін шығар…
– Әрине, бұл салаға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Биыл біздің мамандар қаңтар айынан бастап, оңтүстік аймақтарға барып, халықпен кездесулер өткізді. Басты мақсаты – бізге өте керек деген маман иелерін тарту. Сараптама нәтижесіне сүйенер болсақ, біздің облыстағы еңбек нарығында дәрігерлер, мұғалімдер, механизаторлар, агрономдар, дәнекерлеушілер, ветеринарлар сұранысқа ие. Жалпы, біздің өңірге Түркістан облысынан көп келеді. Сонымен қатар, Жамбыл және Алматы облыстарынан да келіп жатқандар аз емес.
Айдана, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Ішкі көші-қонмен кел-
гендерге талап бойынша, квота алған өңірде қанша жыл болу керек? Уақытына жетпей көшіп кетсе қандай шара қолданылады?
– Биыл көшіп келгендердің ешқайсысы кері көшкен жоқ. Ал 2017 жылдан бергі статистикаға сүйенсек, 6 пайызы ғана кері көшкен екен. Олардың арасында түрлі себептер бар. Көбіне ауа райы жақпай, ол денсаулықтарына кері әсер етеді екен. Бірақ, олардың барлығы алған ақшаларын мемлекетке қайтарады. Егер белгіленген уақытта біздің қойған талабымызды орындамаса іс сотқа кетеді.
Тілші:
– Көшіп келушілерге айтар ұсынысыңыз болса, мархабат…
– Әрбір адамның бойында адалдық, тазалық болса деймін. Яғни, үкіметтің беретін ақшасын алып, кері қайтып кетемін деген ойдан арылу қажет. Яғни, өзінің отбасын асыраумен қатар, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өміріне атсалысып, өсіп-өркендеуіне үлес қосамын деп келу керек. Себебі, мемлекет бұл бағдарламаны ең алдымен еліміздің тұтастығы мен сіз бен біздің болашағымыз үшін жасап отыр. Осыны әрбір адам дұрыс түсіну керек деп ойлаймын.
«Тікелей желіні» жүргізген — Тілеуберді САХАБА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
