Баян-Өлгей — өшпес іздер өлкесі

Мау 25, 2026

(«Ертіс Медиа» ЖШС-нің экспедициясынан)

Көктемнің алғашқы лебімен бірге Павлодар төріне Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан жағымды жаңалық ілесіп келді. Наурыз айында өңірімізге арнайы ат басын бұрған Баян-Өлгей аймақтық радиосының ұжымы Алтай асып келген ағайынның сағынышы мен ыстық ықыласын арқалай жетті.

Бауырластық пен құндылық

«Ертіс Медиа» ЖШС мен «Алтын сақа» инновациялық орталығындағы жүздесулер, Марғұлан университетіндегі жастармен қауышу – қос өңірді жалғаған рухани дәнекер. Бұл сапар — жай ғана тәжірибе алмасу емес, бағзыдан келе жатқан бауырластық пен ортақ құндылықтың жаңа парағы. Баян-Өлгей – тіл мен дәстүрден ажырамаған, рухани сабақтастығы берік сақталған қасиетті мекен. Ондағы әріптестерімізбен бірлескен хабарлар мен деректі жобаларды жүзеге асыру – уақыт жүктеп отырған қажеттілік. Радио директоры Нұрболат Өнерханұлының шақыруы да осы ниеттен туындап, шекарадан тыс қазақ руханиятын біріктіретін ортақ миссияға ұласты.

Бұл әуе жолының қадірін көк жүзінде, әуе кемесінің ішінде отырып барынша сезіндік. Маусымның басы, жаздың жадыраған күні. SCAT әуе компаниясының тұрақты рейсімен Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы қашықтық үш жарым сағатқа ғана қысқарды. 6 маусым күні таңертең біз Моңғолияның астанасына келіп қондық.

Моңғолия – ұлы империялардың ізі қалған, аспаны ашық, даласы кең, табиғаты қатал әрі сұлу өлке. Бұл елде ұлттық болмысты көзінің қарашығындай сақтаған қандастарымыз өмір сүреді. «Ертіс Медиа» ұйымдастырған бұл іссапар – тарих пен бүгінгінің, Отан мен диаспораның арасын жалғайтын алтын арқау. Делегация құрамында Гүлнаш Әбішева, Бекболат Сауырбай, Алина Кох және өзім — Моңғолияның тылсым әлемін тануға аттандық.

Ұлан-Батырға қонған сәтте, қаланың ызғарлы самалы бетімізді шарпып өтті. Заманауи зәулім ғимараттар мен ежелгі көшпенділер мәдениетінің ізі қатар өрілген бұл қала – бүгінгі Моңғолияның жүрегі. Аспаны ашық, таулары аласалау, бірақ болмысы бөлек. Мұндағы қазақтар – қаланың дамуына үлес қосып жүрген, өзіндік орны бар, зиялы қауым. Мұндағы қазақ зиялыларымен болған жүздесуде ойымызға оралғаны – «ұлт қайда болса да, рухы бір» деген қағида. Олар қаланың қарбалас тіршілігінде жүрсе де, қазақ тілін, дәстүрді жадында сақтаған. Жастардың көзінде ұмтылыс бар, болашаққа деген сенім ұялаған. Ұлан-Батырдағы орталықтарда қазақ өнері мен мәдениетінің жаңғырып жатқанын көріп, көңіліміз марқайды.

Сапарымыз Шыңғыс хан атындағы халықаралық әуежайынан басталды. Ұлан-Батыр – әлемдегі ең суық астаналардың бірі болғанымен, бізді жаймашуақ, күн шуақты ауа райымен қарсы алды. Әуежайдан қала орталығына қарай бет алғанда, Ұлан-Батырдың таңғы арайға шомылған шұғыласы 2 миллионнан астам тұрғын тұратын мегаполистің айбынын көрсетті. Қаланың келбеті таңғалдырады. Заманауи биік ғимараттар мен тарихи ескерткіштер, батыстық стильдегі қызмет көрсету жүйесі мен шығыстық салт-дәстүр ұштасып жатыр. Гүлнаш Әбішева атап өткендей, қала сәулеті мен жастардың мәдениеті жағынан Оңтүстік Кореяның ірі шаһарларын еске салады. Дегенмен, бұл қала – Моңғолиядағы 150 мыңға жуық қазақтың 30 мың өкілінің тағдыры тоғысқан үлкен рухани астаналардың бірі. Моңғолиядағы қазақтардың өмірі тек Баян-Өлгеймен шектелмейді. Елорда Ұлан-Батырда, сондай-ақ Дархан, Эрдэнэт, Хэнтий, Налайх, Түнхэл сияқты өндірістік аймақтарда да қазақ қауымдастықтары қалыптасқан. Олар елдің экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Әсіресе Налайх ауданындағы 6000 қазақ ұлттық құндылықтарды сақтауда үлкен рөл атқарады. Ал қазақ диаспорасының негізгі бөлігі Баян-Өлгей аймағында шырқы бұзылмай тұрып жатыр. 30 мыңға тарта тұрғын аймақ орталығы Өлгейді мекендеуде.

Ұлан-Батырдағы сапарымыздың ізашары Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшілігінде өтті. Қазақ елінің көк байрағы желбіреген дипломатиялық өкілдік табалдырығын аттағанда, жат жерде жүрсең де өз еліңнің бір бөлшегіне келгендей әсерде боласың. Делегация мүшелерін елшіліктің консулдық кеңесшісі Нұрлан Оқаұлы қабылдады. Кездесу барысында «Ertis Media» медиахолдингі директорының кеңесшісі Гүлнаш Әбішева Ертіс-Баян өңірінің қоғамдық-саяси өмірі, өңірлік медианың тынысы және Моңғолияға ұйымдастырылған ақпараттық-танымдық сапардың мақсаты туралы әңгімеледі. Қонақжай жүздесуде Павлодар өңірінің тарихы мен мәдениетін танытатын арнайы басылымдар мен естелік сыйлықтар табысталып, делегацияның Баян-Өлгей аймағында өткізетін кездесулері мен шығармашылық жоспары таныстырылды. Ал Нұрлан Оқаұлы екі ел арасындағы достық пен рухани сабақтастықты тереңдетуде журналистиканың айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, ақпараттық көпірге айналған мұндай сапарлардың маңызын ерекше бағалады. Әңгіме барысында Қазақстан мен Моңғолияны жалғап жатқан тарихи байланыстар мен қандастар тағдыры сөз болып, алдағы уақытта да мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың нығая түсетініне сенім білдірілді. Осы жүздесу алдағы сапардың мәнін айқындап бергендей еді: біз Моңғолияға жай ғана шетел көруге емес, қазақ әлемінің тағы бір бөлшегімен қауышуға келгенімізді тереңірек сезіндік.

Ұлан-Батырдағы «Арулар», «Алаш» және «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымдары – ұлттық болмысты сақтаудың алтын қазығы. Біз «Ел бірлігі» орталығының тыныс-тіршілігімен таныстық. Ұйымның атқарушы жетекшісі Жеңісбек Қабидолда-ұлының айтуынша, домбыра үйірмесіне келетін балалардың саны 200-ден асты. Күні кеше ғана 40 жас өнерпаздың қатысуымен өткен қорытынды концертте шәкірттердің ұлттық өнерді қалай меңгергенін көріп, көзімізге жас келді. Бұл – Қазақстаннан мыңдаған шақырым жерде жатқан қазақ рухының өркендеп келе жатқанын танытады.

Баян-Өлгей – алтын бесік

Моңғолиядағы қазақтар – шетелдегі қандастарымыздың ішінде ұлттық болмысын, ана тілін және салт-дәстүрін біршама тұтас сақтап қалған қауымдардың бірі. Әсіресе, Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей аймағы бүгінде қазақ мәдениетінің шетелдегі ірі орталығы саналады. Бұл өңір тұрғындарының басым көпшілігі – қазақтар. Сондықтан мұнда қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылады. Қазақ мектептері жұмыс істейді, ұлттық театр өнер көрсетеді, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тілінде хабар таратады. Қазақтардың тоқсан пайыздан астамы осы өлкеде шоғырланғандықтан, қазақтың тілі ғана емес, тұрмыс салты, қолөнері, ұлттық музыкасы мен дәстүрлі мәдениеті де жақсы сақталған. Сондықтан Баян-Өлгейді кейде «Моңғолиядағы қазақ руханиятының орталығы» деп атайды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы келісімдер негізінде тарихи отанына қоныс аудару үдерісі басталды. 1991 жылдан бері Моңғолиядан Қазақстанға ондаған мың қандас көшіп келді. Бүгінде олардың жан саны 130 мыңға жетті деген болжам бар. Көпшілігі Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және басқа өңірлерге қоныстанды. Кейбір отбасылар түрлі әлеуметтік және тұрмыстық себептерге байланысты Моңғолияға қайта оралғанымен, басым бөлігі Қазақстанды өздерінің жаңа мекеніне айналдырды.

Бүгінде Моңғолия қазақтары екі елді жалғап тұрған рухани көпір іспетті. Олар бір жағынан ата дәстүрді сақтап отырса, екінші жағынан Қазақстанмен мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді. Алтайдың арғы бетіндегі ағайынның тағдыры – күллі қазақ әлемінің ажырамас бір бөлігі.

Баян-Өлгейге сапарымыздың алғашқы күндерінің бірінде аймақтық музейдің табалдырығын аттадық. Бізді мұнда он екі жылдан бері экскурсовод болып қызмет атқарып келе жатқан Айсұлу Мұратқызы қарсы алды. Оның әңгімесінен-ақ бұл музейдің өңір тарихының ғана емес, Моңғолиядағы қазақтардың шежірелі жадын сақтап отырған рухани қазына екенін аңғардық. Баян-Өлгейге келген адам ең алдымен бір нәрсеге таңғалады. Мемлекеттің шекарасы бөлек болғанымен, мұндағы тіршілік қазақы қалпынан мүлдем ажырамаған. Көшеде қазақша сөйлеген баланы көресіз, дүкенге кірсеңіз қазақша амандасасыз, театрға барсаңыз қазақтың әні мен күйі қарсы алады. Кейде өзіңнің Қазақстаннан тысқары шыққаныңды ұмытып кететіндей ғажайып әсерде қаласың. Біздің бұл ойымызды Баян-Өлгей аймақтық музейінде болған кездесу одан әрі бекіте түсті. Экскурсовод Айсұлу Мұратқызы өңір тарихын жатқа біледі екен. Оның әңгімесі құрғақ дерек емес, ұрпақ жадында сақталған халық шежіресіндей әсер қалдырды. Ол бізге музейдің ұлттық жадыны сақтаушы рухани орталық екенін асқан мақтанышпен жеткізді.

Музей экспозициясы бес негізгі бөлімнен тұрады: Алтай өңірінің табиғаты, көне тарихы, этнографиясы, ұлт-азаттық күрестер мен қазіргі заман тынысы. Айсұлудың айтуынша, музейге жыл сайын 27 мыңға жуық турист келеді. Олардың дені Алтайдың айбынына айналған, биіктігі 4374 метрге жететін Күйтін шыңы мен аңызға толы Бесбоғда тауын көруге асығады екен. Баян-Өлгей – тек қазақтардың ғана емес, түрлі этностардың мекені. Жалпы, Моңғолияда 24 этникалық топ өмір сүрсе, соның төрт ірі тобы – қазақтар, тывалар, дүрбіттер мен ұранқайлар осы өңірде қатар қоныстанған. Жалпы, бүгінде Моңғолияда 150 мыңнан астам қазақ тұрса, оның 30 мыңнан астамы осы Өлгей елдімекенінде. Бұл көрсеткіш – қазақтардың осы өңірдегі мәдени, демографиялық және әлеуметтік ықпалын айқын аңғар-тады. Ғасырлар бойы көршілес отырған ұлттардың бір-бірінің мәдениетіне құрметпен қарауы, салт-дәстүрдің тоғысуы мен соған қарамастан қазақ халқының өз болмысын таза сақтауы – әлемдік этнографияда сирек кездесетін феномен.

Музейдегі әр жәдігер өткен ғасырлардың үнін жеткізеді. Мәселен, мұрағат деректері Алтайдың құз-жоталарын мекендеген аймақтың фаунасы мен адамдардың тұрмыс-тіршілігі арасындағы тығыз байланысты таныстырады. Сол сияқты, көне дәуірлерден қалған тас мүсіндер, балбал тастар, сақ пен ғұн кезеңінің түпнұсқа жәдігерлері бұл өлкенің адамзат өркениетінің ежелгі ошақтарының бірі болғанын айғақтайды. Көне түркі заманының қолтаңбасы сезілетін экспонаттар қазақ халқының арғы ата-бабаларының осы Алтай қойнауында ат ойнатып, мемлекеттілік негізін қалағанын дәлелдей түседі.

Баян-Өлгей қазақтарының тарихы – ата жұртқа оралған елдің шежіресі. Мұрағат деректері бойынша, 1867 жылы Абақ Керейдің Жәнтекей руы Қытайдан көшіп келіп, тарихи мекеніне ірге тепті. Олардың бұл өңірге заңды орнығуы Тоқтаубайдың Боғда ханға жазған өтінішімен бекітілді.

Алтай тарихының ақтаңдақтары да аз емес. 1912 жылғы Дамбийжанцан (Жалама) зұлматы қазақ халқына қара бұлт үйірді. Ахмет пен Үмбеттің қасіретті тағдыры – озбырлықтың ащы сабағы. Кейін моңғол батыры Магсаржавпен бірлесіп, халық бұл қысымнан азат болды. Ал 1921 жылғы Толбо-Меңдікөл маңындағы 42 күнге созылған шайқаста жергілікті қазақтар 300-дей қызыләскермен бірге 5 мың жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Бұл ерлік суретші Өмірзақ ақсақалдың қылқаламымен кенепте мәңгілікке қалдырылды.

Өлкенің іргесін бекіткен тұлға – Жеңісхан Дүзелбайұлы (1906-1951). 1943-1951 жылдары аймақты басқарған ол соғыстың ауыр жылдарында елді ашаршылықтан сақтап, білім мен мәдениет ошақтарын қалыптастырды. Таулы Алтаймен 60 түйелі артель арқылы сауда байланысын орнатып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етті. Тіпті, сол заманның өзінде Өлгийде мешіт салдырып, ұлттық құндылықтардың сақталуына күш салды. Жеңісханның көрегендігі – Баян-Өлгей қазақтарының өз болмысын жоғалтпай, дербес мәдениеті бар аймақ болып қалыптасуының алтын қазығы. 1939 жылы 28 ақпанда Моңғолия үкіметі мен Кіші Хуралының қаулысымен Баян-Өлгей аймағы ресми түрде құрылды. Аймақ 1940 жылы дербес әкімшілік бірлік ретінде құрылған, бүгінде 13 сұмын және 86 бақтан тұрады.

Мәдениет мәйегі

Туризм, тау-кен өндірісі және мал шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Баян-Өлгейдің табиғаты қатал болғанымен, оның экономикалық әлеуеті мен туристік тартымдылығы жыл санап артып келеді. Әсіресе, бүркітшілік өнері, Саятшылар фестивалі әлемнің түкпір-түкпірінен жиһангездерді тартатын брендке айналған. Соңғы жылдары білім беру саласында да өте маңызды және оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Моңғолия мемлекеттік білім университетінің Баян-Өлгейдегі филиалы мен Павлодардағы Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университет арасындағы меморандум өзара рухани және ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі таңда бұл оқу орнында жүз сексенге жуық студент білім алып, болашақ қазақ тілі мен өзге де пән мұғалімдері даярлануда. Екі тарап арасында академиялық алмасу бағдарламалары жүзеге асуда. Әсіресе музыкалық білім мамандығы бойынша оқып жатқан жастарға Моңғолияда білім алуға жағдай жасалған. Жиырмадан астам жергілікті оқытушы мен мұғалім Қазақстанның ірі ғылыми орталықтарында, соның ішінде Қарағанды мен Павлодар қалаларында біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып қайтқан. Ең бастысы, аймақта қазақ тілінде таза білім беретін 21 мектеп жұмыс істейді. Бұл – ана тілінің мемлекеттік деңгейде сақталуының, ұрпақ тәрбиесінің қазақы арнадан ауытқымауының басты кепілі.

Моңғолия қазақтары тек өз елінде ғана емес, әлемнің 40-тай елінде білім алып, ғылым мен мәдениетте үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Олардың арасынан 24 ғылым докторы, 61 ғылым кандидаты, 26 Моңғолияның Еңбек ері және 70 мемлекет қайраткерінің шығуы – қазақ зиялы қауымының өсіп-өркендеуінің айқын дәлелі.

Қазақ мәдениетінің жүрегі саналатын Құрманхан Мұқамадиұлы атындағы Баян-Өлгей аймақтық музыкалы-драма театрының тарихы да өте терең. 1940-45 жылдары клуб ретінде бастау алған бұл мекеме, 1956 жылы толыққанды театр статусына ие болды. Қ.Мұқамадиұлының «Кезең үстінде» пьесасымен шымылдығын ашқан өнер ордасы кейін М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сынды қазақ классиктерінің туындыларын сахналап, ұлттық эстетиканы қалыптастырды. Театр жанынан құрылған ұлт аспаптар оркестрі мен драма, балет кластары қазақтың кәсіби өнер мектебіне айналды. Қазақстаннан келген Х.Тастанов, А.Мырзабеков, М.Әубәкіров сынды музыка мамандарының кеңесшілік қызметі өнерпаздардың кәсіби деңгейін биікке көтерді. 1990 жылы театрдың жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі мәдени өмірге жаңа тыныс сыйлаған. Біз бұл ғимараттың күрделі жөндеуден өтіп жатқанынан куә болдық. Мәдени нысанның қасбеті заманға сай қапталып, шатыры жөндеуден өтуде.

Театрдың аймақтан тысқары, елді мекендерді аралап қойған гастрольдік концерттері шеттегі қазақтың ұлттық санасын оятуда теңдессіз рөл атқарды. Соңғы рет жазушы, драмагург Рақымжан Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанып қайтқаны бар. Моңғол ортасында шашырап жүрген қандастарымыз үшін театрдың келуі – нағыз ұлттық мейрам еді. Атақты әнші Қабылаш Әбікейұлы мен әзілкеш Латиф сынды өнер саңлақтарының өнері қазақ мәдениетін моңғол төрінде паш еткенін театр ақсақалдары ағынан жарыла айтады. Абай әндерінің моңғол сахнасында еркін шырқалуы – ұлт рухының жеңісі мен қуатының бел-гісі іспетті.

Аймақтық Қазақ радиосы

Баян-Өлгейдегі қазақ руханиятының ең өміршең арналарының бірі – аймақтық Қазақ радиосы. Биыл оның құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы мерейтой қарсаңында Баян-Өлгей радиосының өкілдері Қазақстанға арнайы келіп, ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақ – Павлодардағы «Халық радиосында» болып, тәжірибе алмасу сапарын жүзеге асырғанын атадық. Екі елдегі әріптестердің бұл жүздесуі кәсіби байланыстарды нығайтып қана қоймай, ортақ медиакеңістіктегі рухани сабақтастықты айқындай түсті.

Өлгей бұқаралық радиосының ұжымы бізді ерекше ықыласпен, шынайы кәсіби құрметпен қарсы алды. Бұл кездесу екі ұжым арасындағы әріптестік байланыстың жүйелі түрде қалыптасып келе жатқан ықпалдастықтың екінші бір белесі екенін аңғартты. Шекара асқан қазақ журналистикасының рухани көпірі дәл осындай жүздесулер арқылы нығая түсетіні анық. Кездесу барысында бірлескен жобалар жасау, ақпарат алмасу арналары мен шығармашылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ашық әңгіме, еркін пікір алмасу, ортақ тәжірибені саралау – бәрі де шынайы рухани байланысқа ұласты. Радио ұжымының жұмыс барысы, эфирлік жоспарлары, жергілікті аудиториямен байланыс тәсілдері туралы мазмұнды ойлар ортаға салынды. Бұл сапар қазақ журналистикасының шекарадан тыс тұтас рухани кеңістік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осы басқосуға Моңғолияда тұратын қандасымыз, белгілі жазушы, тарихшы, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шынай Рахметұлы да арнайы келіп қатысты. Ол кездесу барысында жүрекжарды тілегін білдіріп, ел мен елді жалғап отырған осындай рухани сапарлардың мәніне ерекше тоқталды. Абыз ақсақалдың ақ батасы жиынның салмағын арттырып, кездесуге айрықша рухани рең берді.

– Тарихи отанымыздан арнайы ат басын бұрып, осындағы қандастарыңмен араласып, пікір алмасып жатқандарыңа дән ризамын. Береке-бірліктен айырмасын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін, – деді Шынай Рахметұлы ақжарма тілегін арнап.

Осы бір қарапайым ғана, бірақ салмағы ауыр сөздер Баян-Өлгейдегі қазақ руханиятының жүрек соғысын бір сәтке айқын сездіргендей болды.

Баян-Өлгей радиосының тарихы өткен ғасырдың ортасынан бастау алады. 1944 жылдан бастап Моңғолиядағы қазақ қауымына арналған алғашқы қазақ тіліндегі хабарлар эфирге тарай бастаған еді. Сол кезеңде радио шалғайдағы көшпелі тіршілік кешкен қазақ үшін тек ақпарат құралы емес, рухани тірек, білім мен мәдениетке жол ашатын маңызды құрал болды. Алтайдың баурайында мал бағып отырған жұрт үшін радиодан тараған әрбір сөз ел мен әлемнің тынысын сезіндіретін жалғыз көпір еді. 1961 жылы Өлгей қаласында Чехословакияның техникалық көмегімен қуатты радиостанция іске қосылып, оның үні Баян-Өлгеймен шектелмей, Қобда, Увс аймақтарына, сондай-ақ Қытайдағы Алтай қазақтары мен Ресейдің Қос-Ағаш өңіріне дейін жетті. Осылайша қазақ сөзі бір ғана өңірдің шеңберінен шығып, кеңістігі кең рухани арнаға айналды.

Бүгінде ақпараттық технологиялар дамып, интернет арқылы әлем жаңалықтары қолжетімді болса да, Баян-Өлгей қазақтары үшін жергілікті Қазақ радиосының орны айрықша. Радио күн сайын қазақ тілінде хабар таратып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жалғастырып келеді. Ол ана тілінің табиғи болмысын сақтаған рухани мектеп ретінде қызмет атқарып отыр.

Шеберлер шаңырағы

Сапарымыздың ерекше әсерлі, көңілге жылылық ұялатқан тұстарының бірі – Өлгей қаласындағы киіз үй жасайтын шеберлердің шаңырағына ат басын бұруымыз болды. Қолөнерші Көпбергенқызы Зейнеш, үйші Нәби Аманжол және шебер Базаргүл Тоқтаған сияқты шеберлер әулетімен кездесу бізді ата-баба кәсібінің тірі шежіресімен жүздестіргендей қылды. Олардың шеберханасына кіргенде, мұрынға киіздің, жусанның және жас ағаштың хош иісі аңқиды. Мұнда өндірістің барлық кезеңі тек қолмен атқарылады: әйелдер бұйымдарды тігіп, текемет басып, сырмақ сырып, ұлттық өрнектермен безендірсе, ер адамдар киіз үйдің сүйегін – керегесін, уығын, шаңырағы мен сықырлауығын ағаштан иіп, жонып дайындайды. Киіз дәстүрлі әдіспен, яғни халықтық технологияны толық сақтай отырып басылады. Өнімдердің сапасының жоғарылығы сондай, оларға деген сұраныс тек Моңғолия ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өте жоғары. Шеберлердің айтуынша, өнімдердің негізгі тапсырыс берушілері Ресейдің Таулы Алтай, Сібір өңірлерінің және өзге де алыс-жақын шет елдердің тұрғындары мен этнографиялық орталықтары екен. Ұлттық кәсіпті ұрпақтан ұрпаққа алтын тін үзбей жалғап келе жатқан бұл отбасы жыл сайын жиырмаға жуық толық жабдықталған қазақ үйін дайындап шығарады. Бұл тек кәсіп қана емес, бұл – ұлттық кодтың, материалдық мәдениеттің ешбір қоспасыз, таза күйінде сақталып, әлемге танылуының жарқын көрінісі.

Баян-Өлгей – шекараның ар жағындағы қазақтың қаймағы бұзылмаған қара шаңырағы. Жат жұрттың саясаты мен бөтен ортаның қыспағында жүрсе де, ұлттық болмысын таза сақтап, ана тілін – білім мен мәдениеттің, рухтың тіліне айналдырған өршіл жұрт. Он күндік сапар барысында Жеңісбек Қабидолдаұлының: «Қазақ әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қазақ болып қала бермек!» деген сөзінің ақиқатына көз жеткіздік.

Алтайдың ақбас шыңдарына қарап тұрып, қазақтың рухани кеңістігі ешқандай мемлекеттік шекарамен шектелмейтінін анық ұқтық. Қазақтың шынайы мекені – оның тілі. Тілі сақталған жерде ұлт та жасампаз. Бұл сапардан біз жай ғана жолжазба емес, бауырлас жұрттың ыстық ықыласы мен сөнбес қазақы рухты арқалап қайттық. Алтайдың ар жағындағы ағайын –
өткеніміздің айнасы ғана емес, ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі. Олардың жүрегі – біздің жүрегіміздің бір бөлшегі.

Айбек ОРАЛХАН,

Астана – Ұлан-Батыр.
Ұлан-Батыр – Баян-Өлгей – Павлодар.

Суреттерді түсірген — Алина Кох.