Көпшілік шығармашылықтың ордасы ретінде Алматыны, ал зор мүмкіндіктердің қаласы ретінде Астананы атайды. Алайда креатор әрі жүргізуші Еркебай Тауасқан бұл түсінікпен келісе қоймайды. Оның ойынша, кез келген қаланың келешегін айқындайтын – зәулім ғимараттар мен дамыған инфрақұрылым емес, сол жерде өмір сүретін адамдардың идеясы, талпынысы мен батылдығы.
Еркебай – Павлодардың тумасы. Біраз жыл Астанада тұрып, шығар-машылық ортада шыңдалды, түрлі жобаға қатысып, мол тәжірибе жинақтады. Дегенмен, туған жердің дамуына үлес қосуды азаматтық парызы санаған ол қайтадан Павлодарға оралды. Бүгінде жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, креативті қауымдастық қалыптастыру жолында еңбек етіп жүр. Оның ойынша, шығармашыл адамдардың бір-бірімен байланыс орнатуы өңірде тың идеялардың дүниеге келуіне жол ашады.
– Идеялар қалаларды өзгертеді. Павлодарға да осы сеніммен оралдым. Бұл қалада да шығармашыл адамдардың басын қосып, мықты креативті орта қалыптастыруға болады. Мақсатым –
адамдарды біріктіріп, бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру. Сонда ғана өзгелерге шабыт беретін жаңа идеялар пайда болады. Бір адамның бастамасы екіншісіне серпін беріп, үлкен өзгерістерге бастайды, – дейді ол.
Еркебайдың айтуынша, шығар-машылықтың нақты бір мекені болмайды. Үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін міндетті түрде мегаполисте өмір сүру шарт емес. Бастысы – адамның өзіне, оның ізденісіне, еңбекқорлығы мен тәуекелге бара білуіне байланысты.
– Көпшілік Алматыны шығар-машылықтың әрі барлық мүмкін-діктің қаласы деп санайды. Бірақ меніңше, бәрі қалаға емес, адамдарға байланысты. Белсенді, ізденімпаз, арманына адал адамдар қай жерде болса, сол жердің де тынысы өзгереді. Сондықтан жастар туған жерінде де үлкен бастамаларды жүзеге асыра алады, – дейді креатор.
Ол Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Сондықтан жастар жарқын келешекті күтіп отырмай, бүгіннен бастап өз мақсаттарын айқындап, нақты әрекетке көшкені жөн деп есептейді. Оның пікірінше, елдің дамуы әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.
Еркебайдың үлкен армандарының бірі – Павлодар туралы көркем фильм түсіру. Ол туған өңірдің тарихын, мәдениетін және қарапайым адамдардың өмірін үлкен экран арқылы көрсетуді қалайды. Оның ойынша, мұндай туынды өңірдің өзіндік болмысын танытып қана қоймай, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
– Бір күні павлодарлықтар «Туған қаламыз туралы фильмді өз жерлесіміз түсірген» деп мақтанышпен айтса, сол мен үшін зор жетістік болар еді. Бұл – менің ғана емес, туған өлкеме деген құрметімнің көрінісі, – дейді Еркебай.
Бүгінгі жастардың бойындағы білім, тәжірибе мен жігер туған жердің игілігіне жұмсалса, әр өңірдің өзіндік бренді қалыптасады. Еркебай Тауасқанның таңдауы – соның жарқын мысалы. Осындай туған жерінің болашағына бейжай қарамайтын жастар көбейсе, елдің де еңсесі биік болары анық.
Айдана БОРАНБАЕВА.
