Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қызмет көрсету аясы кеңейіп, тұрғындардың игілігі үшін жаңашылдық енгізілген еді. Бастысы, сақтандыру мәртебесіне қарамастан онкоскринингтер тегін әрі барлық азаматтар үшін қолжетімді болды. Сондай-ақ, бірнеше әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша тегін кеңес беріліп, диагностикалық көмек көрсетілуде. Яғни, туберкулез, АИТВ (ВИЧ), гепатит және бауыр циррозы, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлық ауытқулары, сирек кездесетін аурулар, миокард инфарктісі, инсульт сынды сырқат түрлерін емдеу ақысыз негізде жүргізіледі. Бұдан бөлек, МӘМС жүйесінде цифрландыру бағытында да қолға алынған жобалар бар. Осы орайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетовпен тілдескен едік.
Жангелді Мырзагелдіұлы, облыста қанша адам сақтандырылған?
— Аймағымызда МӘМС жүйесінде мәртебе алған адамдардың саны артып келеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 663 мың адам сақтандырылған. Бұл – жалпы халықтың 88,7 пайызын құрайды. 84 мың тұрғын немесе өңір тұрғындарының 11,3 пайызы сақтандыру жүйесіне енгізілмеген. Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін медициналық сақтандыруға төлемдер жергілікті бюджеттен төленуде. Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санатқа жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлей бастады. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.
— Аймағымызда МӘМС жүйесінде «Qalqan» цифрлық платформасы енгізіліп жатқанын білеміз. Бұл бастаманың маңызы қандай?
— Иә, «Qalqan» жүйесі ҚР Қаржы министрлігінің заманауи технологиялық платформасында орналасқан. Қазір Қор тарапынан денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тетіктерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Платформа медициналық қызметтерді есепке алу, тексеру және төлеу сияқты қаржылық үрдістерді автоматтандыруға арналған. Бұл ретте ол медициналық ақпараттық жүйелерді алмастырмайды және емдеу-диагностикалық процестеріне әсер етпейді. Сонымен қатар, платформаны енгізу қолданыстағы мемлекеттік цифрлық инфрақұрылым негізінде жүзеге асырылатынын және денсаулық сақтау жүйесі үшін қосымша шығындарды талап етпейтінін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда Қордың қызметі толық емес, тек жекелеген бағыттар бойынша ғана цифрландырылған әрі жүйесіз сипатта жүзеге асырылып отыр. Қолданыстағы ақпараттық жүйелер жекелеген үдерістерді автоматтандырғанымен, олардың арасында өзара байланыс жеткіліксіз. Соның салдарынан операциялардың біршама бөлігі әлі де қолмен орындалып, негізгі шешімдер әртүрлі, өзара үйлеспейтін деректерге сүйене отырып қабылданады. Осы ретте Қордың алдында басқарудың толыққанды цифрлық моделіне көшу міндеті тұр. «Qalqan платформасын енгізу – бұл жай ғана IT құралын ауыстыру емес, денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың сапалы жаңа деңгейіне көшу. Бұл жүйе әрбір көрсетілген қызметтің нақты расталуын қамтамасыз етеді және МӘМС жүйесіндегі қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалайды.
— МӘМС аясында халыққа тиімді медициналық қызмет —
бағалы оталардың тегін жүргізілуі. Биыл күрделі ота жасауға қанша қаражат жұмсалды?
— Үш жылда облыстың денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 12,7 пайызға өсті. Бұл ретте 2024 жылы 101 млрд теңге, 2025 жылы 103,8 млрд теңге, 2026 жылы 113,9 млрд теңге бөлінді.
МӘМС қаражатының басым бөлігі стационарлық медициналық көмекке жұмсалады. Өткен жылы бұл бағытқа 25,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 29,5 млрд теңге бағытталды. Қаржыландыру көлемі халықтың қажеттіліктері мен медициналық технологиялардың дамуына сәйкес жыл сайын ұлғайтылады. Жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мыңдаған жоспарлы және шұғыл ота жасалады. Бұл күрделі отаның барлығы сақтандырылған азаматтарға МӘМС қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.
Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында жыл сайын жүздеген жамбас және тізе буындарын эндопротездеу операциясы жасалады. Операциялар кезінде АҚШ пен Германияда өндірілген жоғары сапалы импланттар пайдаланылады. Аурухананың офтальмологиялық орталығы Еуропа мен АҚШ өндірушілерінің премиум санатындағы жабдықтарымен қамтылған. Көз ауруларын диагностикалау мен хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін белсенді түрде енгізуде. Жоғары технологиялық жабдықтардың арқасында мамандар глаукома мен күрделі деңгейіндегі катаракта кезінде микрохирургиялық операцияларды сәтті жүргізеді. Биылғы 5 айда облыстық аурухананың офтальмологиялық орталығында МӘМС аясында
3 мың 143 ота сәтті жүргізілді, ал 2 мың 851 емделуші кеңес беру-диагностикалық көмек алды.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Бетті әзірлеген — Айдана ҚУАНЫШЕВА.
