Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Павлодар облысында мемлекеттік тілді оқыту курстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бастама қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің халқымыздың тарихы мен мәдениетін тануына мүмкіндік беріп отыр.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика жұмыстары және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ержан Төкеновтің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері облыс орталығы мен қала-аудандарда қазақ тілін оқыту курстары үздіксіз ұйымдастырылып келеді.
– Мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 762 адам қазақ тілі курстарынан өтті. Оның 390-ы өзге этнос өкілдері болса, қалғаны — қазақ ұлтының азаматтары. Жыл соңына дейін жалпы 2116 адамды оқыту жоспарланған. Бұл – тіл саясатын жүзеге асыру бағытында қойылған маңызды межелердің бірі, – дейді Ержан Төкенов.
Курстарға қатысушылардың құрамы әртүрлі. Олардың қатарында мемле-кеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери сала мамандары, медицина қызмет-керлері, жеке кәсіпкерлер, банк қызметкерлері бар. Курс жүйесі мен бағдарламалары тыңдаушылардың күнделікті өмірде қазақ тілін еркін қолдануына бағытталған.
Аталған курстарды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы бойынша «Ана тілі» орталығы жүргізіп келеді. Мемлекеттік тілді оқыту бірнеше жоба арқылы жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Тіл керуені» жобасы. Бұл жоба дәстүрлі тіл курстарынан өзгеше форматта өтеді. Тыңдаушылар қазақ тілін меңгерумен қатар, өңірдің және еліміздің тарихи-мәдени орындарын аралап, халқымыздың бай мұрасымен танысады. Жақында қатысушылар Семей қаласына барып, Абай елінің тарихи орындарын аралаған. Ал тамыз айында Баянауыл өңіріне танымдық сапар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қатысушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына жол ашады. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдері арасында тілдік орта қалыптасып, өзара қарым-қатынас нығая түседі.
– Тіл үйретудің тағы бір тиімді бағыты – «Тілдік стартап» жобасы. Бұл жоба халыққа қызмет көрсететін мекемелердің мамандарына арналған. Атап айтқанда, банк қызметкерлері, байланыс саласының мамандары, сауда және қызмет көрсету орындарының қызметкерлері қазақ тілінде сапалы қызмет көрсету дағдыларын жетілдіреді. Курстың басты мақсаты – тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру.
Заманауи талаптарға сай ұйымдас-тырылып отырған қазақ тілінің онлайн курстары да тұрғындар арасында сұранысқа ие. Бұл форматта қаты-сушылар арнайы мобильді қосымша арқылы кез келген уақытта сабақ оқып, тапсырмалар орындап, білімдерін жетілдіре алады. Қашықтан оқыту жұмысбасты азаматтар үшін өте қолайлы.
Оқыту бағдарламасы 80 сағатқа есептелген. Тыңдаушылар екі ай бойы қазақ тілінің негізгі деңгейлерін мең-
геріп, курс соңында арнайы сертификат алады. Дегенмен мамандар үшін басты нәтиже – сертификат емес, үйренушілердің мемлекеттік тілді күнделікті өмірде тұрақты қолданып, қазақ тілінде сөйлейтін орта қалыптастыруға үлес қосу.
Мамандардың айтуынша, мемле-кеттік тілді оқыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат –
қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың санын арттыру және қоғамда қазақ тіліне негізделген табиғи тілдік ортаны қалыптастыру. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қазақ тілін меңгеруге ниетті тұрғындардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Тілеуберді САХАБА.
