Сауда саласын сөз етсек, көбіміздің көз алдымызға сатушы маман келеді. Алайда, заман өзгерісіне, нарық талабына қарай бұл салада да түрлі жауапты мамандықтар пайда болғаны белгілі. Солардың бірі – экспедиторлар. Олар өндірушіден, көтерме сауда нүктелерінен тауарды қабылдап, бөлшек сауда орындарына жеткізу жолында еңбек етеді. Яғни, тауар айналымына тікелей қатысады.
Осындай қызметті атқарып жүрген азаматтардың бірі – Жанұзақ Нәби. Ол осыдан 20 жыл бұрын дәл осы сауда саласына келеді. Алғашында сауда өкілі ретінде дүкен-дүкенді аралап, тауарларға тапсырыс қабылдайды. Бұл жұмыста әрбір дүкен сатушысымен тіл табыса білудің, өнімді барынша жарнамалай алудың, жаңадан шыққан тауарды ұтымды ұсынудың қажеттігін айтады. Себебі, бәсекелестік жоғары нарықта мұндай қызмет аса маңызды. Екі айдан кейін Жанұзақ сауда саласының келесі сатысына өтеді, яғни экспедиторлыққа ауысады. Аталмыш жұмысқа бүгінде төселіп алған.
– Біздің жұмыс таңертең ерте басталады. Сауда өкілдері дүкендерден тапсырыс жинайды. Ал көтерме сауда фирмасы тапсырыстар негізінде жүкқұжатын дайындайды. Фирманың кеңсесінен қолымызға жүкқұжаты тиген соң соның негізінде тауар жеткізетін дүкендердің тапсырыстарын қоймадан алып, жолға шығамыз. Алғашында Павлодар қаласының ішіндегі дүкендерге өнімдерді жеткізумен айналыстым. Одан кейін облыстың аудандарын араладым. Яғни, әр ауылдағы тапсырысты түпкі тұтынушыға жеткіземіз. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласына күнде қатынаймын, – дейді экспедитор жігіт.
Жанұзақ түрлі шоколадтар мен кофелерді сатумен айналысатын фирмаға жұмыс істейді. Мұндай өнімді бөлшек сауда орындарына бүлдірмей, дұрыс сақтап жеткізудің маңызын жақсы біледі.
– Шоколадтар – ыстықта жылдам еритін тауар. Сондықтан тауарлық түрін жоғалтпай, бүлінбей дүкен сөрелеріне жетуі үшін көлігімізде тоңазытқыш қарастырылған. Оның ақаусыз жұмыс істеуі, санитарлық талаптарға сай болуы да қадағаланады. Мамандар оны жиі тексеріп тұрады. Әрине, күн сайын жолда жүру оңай емес. Жауапкершілігі де жоғары. Өйткені, жүкқұжатымен тауарды дүкенге тапсырған соң оның ақысын да біз қабылдаймыз. Ол жерде азын-аулақ ақша емес, миллиондаған теңге жүреді. Кешкіде фирмаға барып тапсырамыз. Яғни, қолма-қол ақшаны да талан-тараж етпей фирмаға жеткізу міндеті бар. Жиырма жылда бұл жұмысқа үйреніп қалдым, – дейді Жанұзақ Нәби.
Десе де, күн сайын жолда жүру үшін шыдамдылық керек екенін айтады. Сондай-ақ, кейбір дүкендерде тауарды қабылдайтын маманға кезек күтуге тура келеді. Өйткені, өзге де экспедиторлар өнімдерін өткізеді. Мұндайда төзімді болуды, сабырмен күтуді үйренген.
Цифрландыру жұмыстарының бұл салаға да оң әсерін бергенін айтады. Мәселен, бір кездері төлемді қолма-қол ақшамен қабылдайтын. Қазіргі таңда төлем тікелей фирма шотына аударылады, банктер арқылы да төлем жасалады. Ол да экспедиторлардың жұмысын жеңілдеткен.
Одан бөлек, саланың қыр-сырын меңгерген Жанұзақ жеке кәсіпкерлік ашып, көтерме сауда фирмасымен ынтымақтастықта, келісімшартпен жұмыс істеуге көшкен. Бір азаматты еңбекпен қамтуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
