Хабар-ошар жеткізудің қоғамда түрлі тәсілі аз емес. Заманға сай олардың озығы бар, ескіріп, тарих қойнауына кеткені бар. Бірақ, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өміршең екені сөзсіз. Өйткені, оның ел үшін, мемлекет қауіпсіздігі үшін алар орны ерекше. Қазақстанда бұл қызметтің құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Мерейтойлық датаға орай көпшілік үшін таңсық қызмет жайлы білген едік. Мемлекет үшін маңызды қызмет туралы Павлодар қаласындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Эдель Шайдуллаұлы Жансейітов кеңінен айтып берген еді.
– Эдель Шайдуллаұлы, Қазақстанның мемлекеттік фель-дъегерлік қызметі барын біреу білсе, біреу білмес. Еліміз үшін аса маңызды бұл қызметтің құрылу тарихына тоқталсаңыз. Алғашқы құпия хат-хабар тасымалдау қалай басталған еді?
– Биыл Мемлекеттік фельдъе-герлік қызметтің негізі қаланғанына – 35 жыл. Көпшілікке біздің қызмет туралы баяндап берсем, өзіңіз атап өткендей, тұрғындардың бәрі бірдей мұндай қызметтің бары жайлы біле бермейді.
Қазақстанның Мемлекеттік фель-дъегерлік қызметі мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды саласы саналады. Оның негізгі бағыты – мемлекеттік органдар арасында аса маңызды, құпия және қызметтік хат-хабар жеткізу.
Фельдъегерлік байланыс тарихының тамыры тереңде. Қазақстан Респуб-ликасы тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің қорғалған байланыс жүйесін құрды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі ресми түрде 1991 жылы құрылды. 1991 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің №793 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі туралы» Қаулысы шықты. Негізі қаланған алғашқы күннен бастап қызмет мемлекеттік маңызға ие құжаттарды сенімді әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етіп келеді.
– Жалпы, фельдъегерлердің негізгі міндеті не? Кәдімгі пошталық хат тасу қызметінен айырмашылығы неде?
– Фельдъегерь – бұл мемлекеттік құпияларға тиісті рұқсаты бар үкіметтік курьер. Біз Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары кадрлары құрамындамыз. Яғни, қызметтік, конфиденциалдық және мемлекеттік құпияны жеткізуді жүзеге асыратын арнайы дайындалған қызметкерлер. Олардың негізгі міндеті – құжаттардың мүлтіксіз сақталуына, бүтіндігіне және уақытылы жеткізілуіне кепілдік беру.
Кәдімгі пошталық қызметтен айырмашылығы фельдъегерлік байланыс аса жоғары маңызды әрі құпиялы материалдармен жұмыс істеуінде жатыр. Бұл жерде ақпараттың жария болып кету қаупі мүлдем болмайды. Себебі, құжаттарды қызметкерлер тура өзі, қатаң бақы-лаумен әрі қауіпсіздіктің арнайы нұсқаулықтары мен шараларын сақтай отырып жеткізеді. Маршруттың әрбір кезеңі белгіленген, ал жеткізуге деген жауапкершілік дербес болады.
– Цифрландыру заманында фельдъегерлік қызметтің маңызы қалай өзгеруде?
– Цифрландыру кезеңінде фель-дъегерлік қызметтің маңызы еш азайған жоқ, тіпті, жаңа мәнге ие болуда. Электронды құжат айналымының дамуына қарамастан, қауіпсіздік талаптары бойынша цифрлық арналармен жолдануға жатпайтын ақпараттың айтарлықтай көлемі бар. Сонымен қатар, түпнұсқасын, қол қойылуын, мөрінің болуын, нақты қолға тигенін растауды талап ететін құжаттар бар. Мұндай жағдайларда фельдъегерлік қызмет мемлекеттік ақпаратты қорғаудың сенімді әрі таптырмас құралы болып қала бермек.
– Фельдъегерлік қызметті кімдер атқарады? Қарапайым тілмен айтқанда әскери курьер-лерді іріктеу қалай жүреді? Хат-хабар аса құпия санатқа жататындықтан, оларға қойы-латын талаптар да жоғары
болар?..
– Фельдъегерлік қызметте жауап-кершілігі, тәртібі мен кәсіби дайындығы аса жоғары қызметкерлер жұмыс істейді. Әдетте, олар – құқық қорғау органдарында және өзге де күштік құрылымдарда тәжірибесі бар тұлғалар.
Үміткерлерді іріктеу бірнеше кезеңмен өткізіледі және мұнда оның қаншалықты сенімді екені, физика-
лық әрі психологиялық төзімділігі, сонымен қатар, беделге нұқсан келтіретін факторлардың жоқтығы тексеріледі. Қызметкерлерге аса құпия хат-хабарлармен жұмыс сеніп тапсырылатынын ескерсек, оларға өте жоғары талап қойылады. Олар құпиялықтың режимін, қызметтік әдеп ережелерін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету нұсқаулықтарын қатаң сақтауға міндетті.
– Елімізде фельдъегерлік қызметтің құрылғанына 35 жыл екенін білеміз. Ал Павлодар облысында бұл қызмет қашан пайда болды? Бүгінде бұл қызметті қанша адам атқарады?
– Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының ҚР Мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне 2026 жылы 35 жыл толады. Павлодар қаласында бұл қызмет тәуелсіз Қазақстанда фельдъегерлік байланыс жүйесінің қалыптасу кезеңінде құрылды. Павлодар қаласындағы фельдъегерлік байланыс бөлімі кіретін аумақтық бөлімше қайта ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстан құзыретіне берілді.
Павлодар қаласында фельдъегерлік байланыс қалыптасу және дамудың ұзақ жолын, яғни, мамандандырылған үкіметтік байланыстың жалпыодақтық жүйесі құрамында жұмыс істеуден бастап тәуелсіз Қазақстанның толыққанды аумақтық бөлімшесінің қалыптасуына дейінгі кезеңінен өтті.
Жиналған тәжірибеге, ұрпақтар сабақтастығы мен кәсіби дәстүрлерге сүйене отырып, қызмет өзін рет-ретімен жетілдірді және қазіргі таңда мемлекет мүддесіне сай аса маңызды, өте құпия, құпия және үкіметтік хат-хабарларды сенімді әр кепілді жеткізуді қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып келеді.
Бүгінде Павлодар қаласындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасы – қызметтің даңқты дәстүрлерін жалғастырушы әрі мемлекет пен қоғам мүддесіне міндеттерді лайықты атқарып келе жатқан кәсіби мамандардың ұйымшыл ұжымы.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы фельдъегерлік қызметінің 35 жылдығымен барлық қызметкер-лерді құттықтағым келеді. Айтулы күні маңызды қызметтің құрылуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге алғыс айтамын. Бүгінде талмай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге адал еңбектеріне, кәсібиліктері мен ісіне деген адал-дығына ризашылық білдіремін. Еліміз көркейе берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
