Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде белгілі өлкетанушы, тарихшы, облыстың Құрметті азаматы Бекболат Хазыровтың туғанына 100 жыл толуына арналған тарихи сағат өтті. Тағы-лымды кездесуге ғалымның көзін көрген әріптестері, туған-туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, оның өмір жолы, елге сіңірген еңбегі және адамгершілік қасиеттері жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Жиында Бекболат Мана-пұлының інісі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Мансұр Хазыров ағасының өмір жолына тоқталып, отба-сының тағдырымен сабақтас естеліктерін айтты. Оның сөзінше, әкесі 1942 жылы Ленинградты қорғауға майданға аттанса, ағасы 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Жеңіс күнінен кейін де бірнеше жыл бойы «орман ағайындары» деп аталған қарулы топтарға қарсы күреске қатысқан.
– Әкеміз соғыстан оралған соң Ресейдің Түмен облысында қалмай, отбасымызбен жаяу Павлодарға көшіп келдік. Бұл 1948 жыл еді. Бір жылдан кейін Бекболат ағам да елге оралды. Қазақ халқы бізді туғанындай қарсы алды. Осы жерде өсіп, білім алып, ел қатарына қосылдық. Ағамның талапшылдығының арқасында оқып, еңбек етіп, өмірден өз орнымды таптым. Ол Қазақстанның нағыз патриоты болды. Бар ғұмырын елдің өсіп-өркендеуіне арнады, –
деп еске алады Мансұр Манапұлы.
Ал майдангердің қызы Ғалия Бекболатқызы әкесінің қызметте қатал тәртіпті ұстанғанымен, отбасында ерекше қамқор, мейірімді жан болғанын зор тебіреніспен баяндады.
– Әкем алдымен әскери адам еді. Офицерге тән тәртіп, жауапкершілік, мақсатқа беріктік оның бойынан әрдайым көрініп тұратын. Бірақ үйде бізге мейірімді болды. Әсіресе, мереке сайын міндетті түрде гүл сыйлайтын. Таңертең оянсам, дастархан үстінде гүл шоғы тұратын. «Әке, мұны қайдан алдыңыз?» деп сұрайтынмын. Қалай тауып жүргенін білмеймін, бірақ өмірінің соңына дейін осы дәстүрінен жаңылған емес. Ол біз үшін қамқор әке, нағыз азамат болып қала береді, – деді ол.
Бекболат Хазыров – тек майдангер емес, өлке тарихын зерттеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. Ол тарихи-танымдық бағыттағы көптеген кітаптың авторы атанды. Оның «Олар Ленинградты қорғады», «Соғыстың қиын жолдары», «Қатыгез уақыттың ащы ізі», «Қара қызғалдақ», «Ақ мешіт», «Ерік-жігері мызғымас адамдар», «Құрметке лайық жол», «Павлодар татарлары: тағдырлар мен жетістіктер» және басқа да еңбектері оқырманға кеңінен танымал.
Сондай-ақ, Бекболат Манапаұлы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен павлодарлықтарға арналған «Боздақтар» естелік кітабының авторларының бірі болды. Бұл еңбек еліміздің барлық өңіріне тарап, оның даналары Мәскеудегі Поклонная тауындағы Ұлы Отан соғысының Орталық музейінің Еске алу және аза тұту залында сақтаулы.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Отан мен оның ұлдары және қыздарының ажырамас тағдыры» атты кітабы жарық көрсе, 2019 жылы «Павлодар татарлары: тағдырлар мен жетістіктер» еңбегі басылып шықты. Бұл кітапта тағдыр тәлкегімен Павлодар өңіріне қоныс аударған татар халқының өмір жолы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі жан-жақты баяндалған.
Кеш барысында қатысу-шылар Бекболат Хазыровтың ел тарихын түгендеуге, өңірдің өткенін зерделеуге және патриоттық тәрбиені насихаттауға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті. Оның өнегелі ғұмыры мен мол мұрасы кейінгі ұрпақ үшін құндылығын жоғалтпайтын рухани қазына болып қала бермек.
Айдана БОРАНБАЕВА.
