Баланы неше жастан мектепке берген дұрыс?

Шіл 23, 2026

Осы сұрақ дәл қазір баласы балабақшамен қоштасқан ата-аналардың көкейінде жүр. Елімізде заң бойынша күнтізбелік жыл соңына дейін 6 жасқа толатын балаларды мектепке қабылдайды. Алайда, баласы 1 қыркүйекке дейін алты жасқа толмаған, тіпті, толғандарының да ата-аналары екі ойлы күйде. Бірі «оқуды алып кетер» деп тәуекелге баруда. Олар жаздың үш айында жанталасып, ақылы орталықтарда баласының оқуға даярлығын жылдам пысықтауға кірісіп кеткен. Бірі құжаттарын тапсырса да, түпкі шешімге келе алмауда. Ал 7 жасқа толған соң немесе жетіге жақындатып 1-сыныпқа беремін дегендер бір жыл баласын қайда апарып, қалай көңілін аулаудың амалын іздеп тағы әлек. Себебі, жылдың соңғы айларында туған балалар 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толмаса да, балабақшадан шығарылады. Cонымен, баланы неше жастан мектепке сабаққа беру керек? Баланың қаншалықты дайын екенін қалай анықтау қажет? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздейміз.

Жанар ҚАЛИЕВА, психолог:

– 6 немесе 7 жаста бала мектепке барған дұрыс деп кесіп айтуға келмейді. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның даму, жетілу ерекшелігіне мән беруіміз керек. Оны балабақшада да түрлі тест, әңгімелесу арқылы анықтауға болады. Ал психолог мамандар сурет, сюжеттік ойындар көмегімен де баланың қиялын, зейінін біле алады. Қысқа сұрақтар қойып, баладан жауап алып, оның зейінін таниды. Сұрақтар баланың жасына, қиялына қарай қойылуы тиіс. Бүгінде балалардың көбінде ойлау қабілеті бар, бірақ тілі жетілмеген. Былайша айтқанда, қабылдаушы ретінде мықты болғанымен, жеткізуге келгенде қиналады. Оған смартфондардың әсері көп болуда. Сондықтан баланың әрдайым монологпен қалып қоймай, диалог құруға маңыз беру керек. Ойын айта алатындай деңгей болуы қажет.

6 жастан беруден қорқып жүрген ата-аналар болса, алда әлі бір жарым ай бар. Осы уақытта баласымен әңгімелесуді күшейтіп, дамыту орталықтарына апарып, күш салуларына болады. Сол кезде баланың ақпаратты қаншалықты қабылдай алатыны аңғарылады. Егер өте қиын болса, әлбетте, 7 жасқа толтырып, берген жөн болады. Себебі, ол мектепке барса, түсінбегеннен агрессия оянып, жылап, мазасы кетеді. Кейбір бала зерек келеді, оларға сәл ғана түрткі жасап, демеп жіберсе, ілгерілей алады. Оларды 6 жастан оқуға беруге болады. Көп ата-ана баланың зияткерлік дайындығына көңіл бөліп кетеді. Баласы санап, есеп шығарып, әріп таныса болды, дайын деп ойлайды. Бұл – қателік. Ең маңыздысы – баланың психологиялық, эмоционалдық дайындығы.

Меруерт КУДРЫШЕВА, бастауыш сынып мұғалімі:

– Бастауышта білім беріп жүргеніме 6 жылға аяқ басты. Бір байқағаным 6,8-7 жаста бала оң-солын біліп келеді. Бүгінде «бала неше жаста мектеп табалдырығын аттау керек?» деген сұрақ – педагогтарды да, ата-аналарды да толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Менің ойымша, баланың жасынан бұрын оның мектепке психологиялық, танымдық тұрғыдан әзірлігіне қарау керек. Дегенмен, әлемдік ғылыми зерттеулер көрсеткендей, 7 жас – баланың жүйелі білім алуды бастауына ең қолайлы кезең. Осы жаста баланың зейіні тұрақталып, есте сақтау қабілеті мен логикалық ойлауы дамиды. Мұғалімді тыңдап, сабақ тәртібіне бейімделіп, өз әрекетін реттей алады. Сонымен қатар, сыныптастарымен қарым-қатынас түзіп, ұжымдық жұмысқа анағұрлым дайын болады. Әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде білім сапасы жоғары бағаланатын Финляндияда балалардың мектепке 7 жастан баруы – осы ғылыми зерттеулерге негізделген тәжірибе. Ал мектепке дейінгі білім ұйымдарында бала ойын арқылы дамып, шығармашылық, тілдік, әлеуметтік дағдыларын қалыптастырады. Мектепке келгенде бейімделуі, білім алуы жеңіл, нәтижелі болады.

Мұғалім ретінде әр баланың дамуы әртүрлі екенін жақсы түсінемін. Сондықтан мектепке қабылдау кезінде тек күнтізбелік жасына ғана емес, оның жеке дайындығына назар аудару маңызды. Десе де, 7 жас баланың дене, психологиялық, зияткерлік дамуы мектеп жүктемесін жақсы қабылдауға сәйкес келетін кезең деп санаймын. Баланы мектепке мүмкіндігінше ерте емес, оқуға шын мәнінде дайын кезде әкелген жөн деп есептеймін. Өйткені, мектепке алғашқы қадам баланың білімге деген қызығушылығын қалыптастырып қана қоймай, оның болашақтағы оқу жетістіктеріне әсер етеді.

Шынар ҚОСЫБАЕВА, ата-ана:

– Елімізде заң бойынша жыл соңына дейін 6 жасқа толатын балаларды балабақшадан толығымен шығарады. Ары қарай олар мектеп табалдырығын аттауы тиіс. Сондықтан ата-аналар қатарынан қалмасын деп дайыны бар, дайын емесі бар мектепке жіберуге мәжбүр. Әрине, үйде тағы бір жыл қарайтын адамы немесе ақылы түрде жекеменшік балабақшаларға, дамыту орталықтарына апаруға мүмкіндігі бар ата-аналардың кейбірі 7 жасқа толтырып, мектепке береді. Яғни, заң баланы 6 жаста немесе 7 жаста жіберу құқығын ата-аналарға беріп отыр. Бірақ, сол мүмкіндікті жүзеге асыру тетігін қарастырмағаны қынжылтады. Себебі, бір жыл үйде қарауға немесе дамыту орталығына апару мүмкіндігі бәрінде бола бермейтінін ескерсек, қазіргі жүйенің олқы тұсы осы деп ойлаймын. Меніңше, 1-қыркүйекке дейін 6 жасқа толмайтын баланы ата-анасы мектепке баруға ерте деп есептесе, олардың тағы бір жыл балабақшада қалуына жағдай жасалғаны жөн. Әйтпесе, мәжбүрлі түрде мектепке ерте жіберу балалардың дамуына да, денсаулығына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ, бүгінде бүлдіршіндердің тілі де кеш шығуда. Ойын жинақтап жеткізе алмайтын бала ертең мектеп жүктемесінде қиналады. Осыны да ескеру керек.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.