Әлеуметтік желіде қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына, соның ішінде домбыраның діндегі орнына қатысты талай әңгіме айтылды. Әсіресе, асыл дінімізді дәстүрлі жолмен емес, көлденең көк аттылардың уағызымен үйренген кейбір жастар «домбыра тартуды харам» деп санайды және ол ойын әлеуметтік желілер арқылы да ашық білдіріп жатады.
«Адам білмегеніне дұшпан» демекші, әдетте мұндай жаңсақ ой домбыра жайлы хабары жоқ жаннан туады. Бұрынғылардың сөзімен айтсақ, «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің». Сондықтан дінге шектен тыс беріліп, ұлттық мәдениет пен құндылықтардың бәрін жоққа шығару – үлкен қасірет. Ендеше музыка жайлы шариғатымызда айтылған бірқатар дерекке назар аударайық. Айша анамыз (р.а.) бір ансар қызды ұзатады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Айша! Ойын-сауық (музыка) болды ма? Ансарлар ойын-сауықты жақсы көреді», — деген екен. Міне, соған қарағанда Алла Елшісінің заманында да отбасылық қуаныштар ойын-сауықпен өткенін көреміз.
Музыка және әуенге қатысты риуаяттарға талдау жасаған хадисші ғалым Ибн Хазмге назар аударамыз: «Кісі әуен тыңдауын күнә іске арқау етсе – пасықтық. Әуеннен басқа істе де дәл осылай. Ал (музыка, әуен тыңдаумен) жанын тыныштандырып, құлшылыққа қуат алмақ боп, онымен ізгілікке өзін жігерлендіру болса, ол — ізгі адам. Әрі оның бұл әрекеті жақсылық болмақ. Ал енді (музыка тыңдаумен) құлшылықты мақсат етпесе, сондай-ақ күнәні де ниет етпесе, оның бұл әрекеті шариғат кешіретін бос әрекет болмақ. Бұл адамның бау-бақшада серуендеуі, есік алдында демалып отыруы сияқты жай іс-қимылы сияқты болмақ», – деген (Мухаллә 9/60).
«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын
кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар…», деген хәкім Абайдың сөзі музыка мен әуенге берілген өлшем іспетті.
– Ислам ғұламаларының пікірі бойынша, ізгілікті насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, мысалы арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» деп жазады. Ірі ғалым Иззуддин Ибн Абдуссаламнан музыкалық аспаптардың үкімі жайында пәтуа сұрағанда ол кісі: «Бұл – мубах», – деп жауап берген. Мубах деген сөз орындаса да, орындамаса да сауап не күнә жоқ деген мағынаны білдіреді, — дейді белгілі дінтанушы Төлеби Оспан.
Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Жырауларымыз ел басына күн туған шақта батырларымызды жігерлендіру мақсатында қара домбыраны қолға алып, жыр айтып, Отанды қорғауға үндеген. Бұл жырлар жауынгерлерімізге рух берген.
«Екі ішектің бірін қатты,
бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
нағыз қазақ – домбыра!
Білгің келсе біздің жайды,
содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре,
одан асқан жоқ дана!»
деп Қадыр Мырза-Әлі ақын айтқандай, домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас, құнды қазына, ұлттық рухымыз.
Тілеуберді САХАБА.
