Күнделікті өмірде көліктің адам өміріндегі орны ерекше. Пойызға мінсек те, автобуспен жол жүрсек те, ұшақпен сапарласақ та, діттеген жерімізге аман-есен жететінімізге сенім артамыз. Алайда осындай қауіпсіз әрі жайлы сапардың артында көлік жүргізушілерінің зор жауапкершілігі жатқанын көп жағдайда ескере бермейміз. Жол ешқашан салғырттықты кешірмейтіндіктен, жүргізуші мамандығы жоғары кәсібилікті, төзімділікті, ұқыптылық пен қырағылықты талап етеді.
Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 30 жылдан астам уақыт ауыр жүк көлігін тізгіндеген тәжірибелі жүргізуші Бекмұхамбет Садықовпен сұхбаттасқан едік.
Кейіпкеріміз бұл салаға нағашы атасының жолын жалғап келген. Бала күнінен нағашысының жанында жүріп, темір тұлпарға деген қызығушылығы оянған ол, есейе келе өмірін көлік жүргізу кәсібімен байланыстырған.
– 1984 жылы Баянауыл көпсалалы колледжіне жүргізуші мамандығына оқуға түстім. Нағашы атам өмір бойы көлік жүргізген адам еді. Сол кісінің жанында жүріп, көлік тізгіндеуге қызығушылығым артты, – деп еске алады ол.
Бекмұхамбет Әнуарбекұлы әскер қатарында да жүргізуші болған. Қызмет барысында үлкен жүк көліктерін, танкілерді, сондай-ақ «ГАЗ-66» және «Урал-4320» секілді әскери техникаларды тізгіндеген. Әскерден кейін туған өлкесіне оралып, Майқайың кентіндегі «Керегетас» кенішінде еңбек жолын бастайды.
— 2008 жылы Керегетас кенішіне «БелАЗ» жүргізушілерін іріктеп жатқанын естідім. Байқаудағы алты орынның біріне ие болғаныма қатты қуандым. Алғашында жүк көтергіштігі 25 тонна болатын «БелАЗ» көлігін жүргіздім. Кейін техникалар жаңартылып, 42–45 тонналық алып көліктерді басқардым. Мен үшін «БелАЗ-дан» артық төзімді техника жоқ. Қандай қиын жағдайда да сенімді серік бола білді, – дейді тәжірибелі жүргізуші.
Өз мамандығын ерекше жақсы көретін кейіпкеріміз үшін жол қауіпсіздігі – басты қағида. Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелерін сақтау ең алдымен жүргізушінің өзінің және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүргізуші өз тәжірибесінде көптеген қызықты да қорқынышты оқиғалармен бетпе-бет келген кездерін жымия еске алады.
– Бірде «БелАЗ»-бен кен үйіндісіне өндірістік қалдықтарды төгіп жатқанбыз. Сол сәтте көлікті шамадан тыс артқа жіберіп алып, ауыр техникамен бірге төмен қарай сырғанап кеттім. Абырой болғанда, дер кезінде көліктен шығып, аман қалдым. Сол оқиға маған әр сәтте қырағылық танытудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте ұқтырды, – деп еске алады Бекмұхамбет Әнуарбекұлы.
Қазіргі таңда Бекмұхамбет Садықов Майқайың кентіндегі «Керегетас» әктас кенішінде айырлы тиегіш техникасын басқарады. Өз саласына адал азамат бұл қызметін зейнет жасына дейін жалғастырмақшы.
Сара ӘБДОЛ.
