Қымбат көліктер, зәулім үйлер, брендтік киімдер, соңғы үлгідегі смартфондар мен көздің жауын алатын демалыс орындары – мұның бәрі әлеуметтік желідегі көптеген блогердің өмір салтын сипаттайтын көріністер. Алайда мұндай жарияланымдардың қаншалықты шынайы екені және оның қоғамға, әсіресе жастардың дүниетанымы мен психологиясына тигізетін ықпалы жиі сынға ұшырайды. Сарапшылардың пікірінше, виртуалды кеңістікте қалыптасқан «мінсіз өмір» образы адамдардың шынайы өмірмен салыстыруына, орынсыз бәсекелестікке ұмтылуына және тұтынушылық көзқарастың күшеюіне әсер етуі мүмкін. Осыған орай елімізде көрші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, блогерлердің әлеуметтік желіде сән-салтанатты өмір салтын көрсетуін шектеу мәселесі көтерілді. Бұл бастама қоғамда түрлі пікір туғызуда: бірі оны уақыт талабы десе, енді бірі сөз бостандығына әсер етуі мүмкін деп есептейді. Ал әлеуметтік желідегі «мінсіз өмірдің» мінін біз де «Алаңға» салып көрдік.

Саягүл ШЕГІР,
Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологы:
— Бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі танымал адамдардың, блогерлердің өмірі қызу талқыға түсіп жатады. Олар өз өмірлерінің әдемі картиналарымен бөліседі. Экранның бергі жағында отырған адамға блогерлердің өмірінде ешқандай қиындық жоқтай көрінуі қалыпты. Себебі, жұрттың бәрі өзінің жақсы жаңалықтарымен бөлісіп отыратын жері де сол. Психолог маман ретінде дәл осындай көріністермен бөлісуге арнайы бір шектеу болғаны дұрыс деп санаймын. Себебі, ересектерден бұрын, әдемі өмір жасөспірімдер психологиясына тезірек сіңіседі. Салдарынан жасөспірімдер өмірге барынша жеңіл, салғырт қарайтын деңгейге жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде мектеп оқушыларымен жұмыс істегенде олардың бойынан осы қасиеттер байқалатынын аңғарамын. Яғни, олар үшін өмірден өз орынын табу екінші сатыға түсіп кеткен. Блогерлердің бөлісетін контенттері біреуге шабыт сыйлауы мүмкін. Алайда, қоғамда өздерін басқалармен салыстыратын типтер де кездеседі. Олар үшін өзгелердің әдемі өмірі, өздерінің өмірлерін түкке тұрғысыз етіп көрсетуі мүмкін. Салдарынан, сәтсіздіктер үшін өз-өзіне қол салу фактілері пайда болуы да мүмкін.

Камила Бейсенбай,
студент:
— Егер блогерлер қауымы әдемі өмірді көрсетсе, онымен бірге сол жетістікке жету жолындағы еңбегін, кездескен қиындықтарын, сәтсіздіктері мен тәжірибесін де көрерменге жеткізсе, оның қоғамға берер пайдасы әлдеқайда жоғары болар еді. Сонда аудитория тек сән-салтанатты ғана емес, оған апаратын ұзақ әрі күрделі жолды да көреді. Бұл өз кезегінде адамдардың бойында еңбек етуге, білім алуға, жаңа мүмкіндіктер іздеуге деген ынтаны оятып, жалған әсерден гөрі шынайы мотивация қалыптастыруы мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі мұндай контентке қатысты шектеулердің көбеюі болашақта пікір білдіру еркіндігіне әсер етпей ме деген сұрақ та туындайды. Өйткені, бүгін сән-салтанатты көрсетуге тыйым салынса, ертең қандай да бір көзқарасты немесе жеке тәжірибені жариялауға қатысты да шектеулер пайда болуы ықтимал. Сондықтан бұл мәселеде тепе-теңдік сақталғаны маңызды. Әрине, қоғамға зиян келтіретін әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Әсіресе негізсіз курс сатып, жалған уәде беретіндерге, алаяқтықпен айналы-сатындарға немесе аудиторияны әдейі адастыратын контентке қатысты бақылаудың күшейгені орынды. Алайда адал еңбекпен жеткен жетістікті көрсету мен заңсыз әрекеттің ара-жігін нақты ажырата білу қажет. Себебі, әлеуметтік желі бір жағынан шабыт пен тәжірибе алмасатын алаң болса, екінші жағынан сөз бостандығы сақталуы тиіс қоғамдық кеңістік болып қала береді.

Бәкіжан Кәкім,
Ph докторант, блогер:
— Қазіргі таңда эстетикалық контент оқырманға аса қызықты емес. Керісінше қарапайым блог түсіріп, ауылдық өмірдің тыныс-тіршілігін көрсететін блогерлер көп қаралым жинауда. Бұл жерде басты назарды контенттің мақсатына бұрған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, блогерлер арасында оқырманға пайдалы контент түсіретіндер де бар. Сондай блогерлерді қарап, мотивация алып, өз өмірлерінде жетістіктерге жетіп жатқандар да баршылық. Сондықтан жалпы блогерлерге қойылатын шектеудің салдарынан пайдалы контент азайып кетуі мүмкін. Бұл қазіргі таңда қоғамның алға жылжуына әсер етуі мүмкін. Мысалы, саяхатшы блогерлер кез келген бір елдегі тиімді бағадағы орындарды немесе қауіпті аймақтар жайлы ақпаратпен бөліссе, онда тұрған ешнарсе жоқ. Себебі, бұл таза пайдалы ақпарат санатына жатады. Алайда, оқырман сол контентті «мақтаныш» деп қабылдаса, онда ол оқырманның өз пайымына байланысы. Түптеп келгенде әр адам медиалық сауатты болу керек деп ойлаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Сара ӘБДОЛ.
