Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» халықаралық форумы волонтерлік қозғалыс пен инклюзивті білім беруді дамыту мәселелеріне арналды. Үш күнге созылған ауқымды шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген халықаралық сарапшылар, волонтерлер, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.
Форумның ашылуында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқар-масы басшысының орынбасары Айнұр Раисова өңірде волонтерлік қозғалысты дамыту мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру мекемелері арасындағы әріптестік нығайып, еріктілердің қоғамдағы рөлі айтарлықтай артқан.
– Волонтерлер – жай ғана көмекшілер емес. Олар өздерінің нақты істері арқылы қоғамды біріктіріп, адамдардың өмірін өзгертіп, әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға үлес қосып келеді. Олардың бастамасымен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, қарттарға және көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілуде, – деді А.Раисова.
Форум барысында өңірлер мен шетелдік делегациялар өздерінің табысты жобаларын таныстырды. Шарбақты ауданындағы «Адал жүрек» волонтерлік қозғалысының мүшелері экологиялық және қайырымдылық акциялары туралы баяндап, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстарымен бөлісті. Ал Павлодар ауданының еріктілері қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыға көрсетілген жан-жақты көмекті мысалға келтіріп, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен еріктілердің бірлескен жұмысының тиімділігін көрсетті.
Беларусьтің «СЛОН» волонтерлік клубының өкілі Виктория Мицкевич ерекше білім беру қажеттілігі бар және жетім балаларға арналған «Түрлі түсті армандар» инклюзивті қайырымдылық сән көрсетілімі жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне де ықпал еткен.
Әзербайжан елінен келген «Өңірлік даму» қоғамдық ұйымының өкілі Айсель Гасанова өз елінде жүзеге асырылып жатқан инклюзивті білім беру жобалары туралы айтып, соңғы жылдары 6 ресурстық инклюзивті орталық пен 9 мектепте арнайы кабинеттер ашылғанын жеткізді. Ол ұйымның алдағы уақытта да педагог-терді даярлау және инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жұмыс-тарын жалғастыратынын мәлімдеді.
«Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельвага ерекше қажеттілігі бар балалардың ересек өмірге бейімделуі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, инклюзия мектеп қабырғасымен шектелмеуі тиіс. Сондықтан арт-терапия, әлеу-меттік бейімдеу және сүйемелдеу бағдарламалары тұрақты қолдау жүйесінің құрамдас бөлігіне айналуы қажет.
Форумның екінші күні қатысу-шылар облыстық балаларды оңалту орталығында, Ардагерлер үйінде және Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының Павлодар облыстық филиалында өткен тәжірибелік сабақтарға қатысты. Онда аутизм спектрінің бұзылысы бар балалармен жұмыс істеу тәсілдері, еңбек терапиясы және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, делегациялар Тереңкөл ауданындағы «Ертіс толқыны» жастар жобасымен танысып, Павлодар қаласының қолжетімді инфрақұрылымын аралады. Бағдарлама аясында «Ertis» мультимедиялық музейіне экскурсия жасалып, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде халықаралық экологиялық тимбилдинг өткізілді.
Форумның қорытынды пленарлық отырысында халықаралық ынтымақ-тастықты кеңейту, волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау және инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мәсе-лелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова аймақта волонтерлердің мемлекеттік орган-дармен, қоғамдық ұйымдармен және бизнес өкілдерімен тиімді ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Сонымен қатар, волонтерлік жобалар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» сияқты жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етіп келе жатқанын да тілге тиек етті.
– Волонтерлік жобалар «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. Олар жастардың бойында заңға құрметті, белсенді азаматтық ұстанымды, өзара көмек көрсету мәдениетін, жасампаз еңбек пен ел болашағына деген жауапкершілікті қалыптастырады. Сондай-ақ, инклю-
зивті саясатты дамыту – өңіріміздің басым бағыттарының бірі. Облыстағы волонтерлік қозғалыстың дамуына «VITA» іздестіру жасағы, «Майдан жолы», облыстық Қызыл Жарты Ай қоғамының филиалы және басқа да ұйымдар үлес қосып келеді. Сіздердің адамдарға шынайы көмек көрсетуге деген ниеттеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтамын, – деді Айгүл Мәлікова.
Форум барысында облыстың үздік волонтерлік тәжірибелері ұсынылып, жаңа халықаралық байланыстар орнатылды. Қатысушылар бірнеше бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімге келіп, мұндай халық-аралық кездесулердің инклюзивті қоғам қалыптастыруға және еріктілер қозғалысын дамытуға тың серпін бергенін атап өтті.
Айдана БОРАНБАЕВА.
