Облыста ірі өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін цифрлық бақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Жыл соңына дейін тағы 2 кәсіпорын атмосфераға таралатын шығарындыларды онлайн
режимде бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылады. Сонымен қатар, өңірде экологиялық талаптардың сақталуына жүргізілген тексерулер барысында ондаған заңбұзушылық анықталды.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті кәсіпорындардың табиғатты қорғау талаптарын сақтауына бақылауды күшейтті. Есепті кезеңде барлығы
40 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде жоспардан тыс 16 тексеру, 14 талаптарға сәйкестігін тексеру және 10 профилактикалық бақылау жүргізілген.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, тексерулер нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 50 бұзушылығы анықталып, кәсіпорындарға 25 нұсқама берілген.
– Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Жалпы сомасы 105 миллион теңгеден асатын 106 айыппұл салынды. Оның 97-сі бойынша 29,9 миллион теңге өндірілді, – деді Ә.Сыздықов.
Аймақта өндірістік шығарындыларды цифрлық бақылау жұмыстары да жалғасуда. Бірінші санаттағы кәсіпорындар атмосфераға таралатын эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйесі (АМЖ) арқылы бақылауға міндетті. Бұл жүйе өндірістік шығарындылардың белгіленген нормативтерден асуын нақты уақыт режимінде бақылап, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мұндай жүйені орнатуға міндетті 14 кәсіпорынның 12-сі қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер банкіне мәліметтерді онлайн жолдап отыр.
Биыл АМЖ енгізу талаптарын орындамаған 4 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 6 миллион теңге айыппұл салынған. Оның екеуі жүйе арқылы деректерді уақытылы ұсынбаса, қалған 2 кәсіпорын – «Павлодар-Водоканал» мен «Energy Solutions Center» әзірге автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылмаған.
«Павлодар-Водоканал» өткен жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп әзірлеген жол картасы аясында кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорын жыл соңына дейін автоматтандырылған мониторинг жүйесін іске қосуды көздеп отыр.
Ал Екібастұздағы «Energy Solutions Center» жылу электр орталығында да жыл соңына дейін шығарындыларды онлайн бақылау жүйесі енгізіледі деп жоспарланған. Бұл мақсатта экология департаменті қажетті қаржыландыру мәселесін қарастыру жөнінде облыс әкімдігі мен Экология министрлігіне ұсыныс жолдаған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
