Құрылтай сайлауының үгіт-насихат жұмыстары қызды. Әр партия еңбек ұжымдарымен, сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларының басты бағыттарын таныстыруда. Осы ретте, сайлауға түсетін 7 партияның аймағымыздағы сайлауалды штабтары мүшелерінің кездесулеріне, өткізген іс-шараларына шолу жасадық.
«Әділет» партиясы
Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС станциясында «ӘДІЛЕТ» партиясының облыстық және қалалық сайлауалды штаб мүшелері еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партия өкілдері «ӘДІЛЕТ» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, энергетика саласын дамыту, еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тұрақтылыққа қатысты бастамаларды баяндады. «ӘДІЛЕТ» партиясы қалалық штабының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өңірдегі кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында жүйелі түрде жалғасуда.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)
ЖСДП белсенділері Павлодар қаласында үгіт-насихат акциясын өткізді. ЖСДП Павлодар облыстық филиалының жастар қанатының белсенділері мен әйелдер қанатының жетекшісі қала көшелеріне шығып, үгіт-насихат материалдарын таратып, тұрғындармен жүздесті. Іс-шара барысында қатысушылар ақпараттық материалдарды таратып, павлодарлықтарды партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды және қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Тұрғындармен тікелей қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлінді. Мұндай кездесу халықтың пікірін тыңдауға және оларды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық диалог форматы партияның ұстанымын жеткізудің және азаматтардың пікірін білудің ең тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді.
– Біз үшін ЖСДП бағдарламасын таныстыру ғана емес, әрбір азаматтың пікірін жеке тыңдау да маңызды. Дәл осындай тікелей жүздесу барысында тұрғындарды қандай мәселелер алаңдататынын жақсырақ түсінесің. Барлық ұсыныстар мен өтініштерді мұқият тіркеп, оларды алдағы жұмысымыздың негізіне айналдырамыз, – деді ЖСДП Павлодар облыстық филиалының әйелдер қанатының жетекшісі Әйгерім Рыспекова.
«Байтақ» партиясы
Павлодар қаласына халықаралық SILRODIA №1 – 2026 гуманитарлық-спорттық бастамасының авторы, Халықаралық Бейбітшілік Елшісі Нодар Беридзе арнайы аялдады. Алматыдан Талдықорған мен Семей арқылы бағыт алған сапары барысында ол Павлодарда аялдап, партиямыздың жақтаушысы әрі досымыз Юрий Павленкомен және BAYTAQ партиясы Павлодар облыстық филиалы Әйелдер қанатының төрайымы Дилором Махсадовамен кездесті. Кездесу аясында SILRODIA жобасының мақсаты мен миссиясына арналған шағын сұхбат өтті.
SILRODIA – жай ғана спорттық экспедиция емес. Бұл – Орталық Азия елдерін спорт, экология, гуманитарлық құндылықтар және халықтық дипломатия арқылы біріктіретін халықаралық бастама. Жоба Орталық Азия мемлекеттерінің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына және қоршаудағы Ленинградтан 150 баланы аман алып қалған Тоқтоғон Алтыбасарованың ерлігіне арналады. BAYTAQ партиясы үшін экологиялық ынтымақтастықты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және өңір елдері арасындағы тату көршілік байланыстарды нығайту ерекше маңызды.
Қазақстан халық партиясы (ҚХП)
Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат науқаны аясында Қазақстан Халық партиясы Павлодар облыстық филиалының белсенділері «Майкөбе-Вест» АҚ-да болды. Еңбек ұжымымен өткен кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Әлімбек Әгібаев пен Евгений Миронов, сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының белсенділері Райхан Жақыпова мен Вячеслав Починок қатысты. Кәсіпорынның басты тірегі – кеншілер, жүргізушілер, машинистер, жөндеушілер және басқа да жұмысшы мамандықтарының өкілдері.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі еңбек адамын қолдау мәселесі болды. Кездесу барысында лайықты еңбекақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әлеуметтік кепілдіктер және жұмысшы мамандықтарына деген құрмет туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ сапалы білім мен медициналық көмекке тең қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылды. Адам облыс орталығында, шағын қалада немесе жұмысшы кентінде тұрса да, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға бірдей мүмкіндікке ие болуы тиіс. Қазақстан Халық партиясының өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді, кәсіпорын қызметкерлерінің пікірлерін тыңдады. Осындай ашық әрі тікелей диалог еңбек адамдарының бүгінгі таңда қандай шешімдерге мұқтаж екенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
«Ауыл» партиясы
«Ауыл» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Сайлауды байқау миссиясының өкілдерімен кездесу өтті. Меймандарды «Ауыл» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Әлия Құрметова қарсы алып, штабтың қызметімен таныстырды. Кездесу барысында тараптар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысы, өңірлік штабтың қызметі және сайлау науқанының ұйымдастырылуы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ халықаралық байқаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріліп, сайлау үдерісінің ашықтығы, заң талаптарының сақталуы және сайлауалды жұмыстың ұйымдастырылуы мәселелері талқыланды. Кездесу ашық әрі сындарлы диалог форматында өтіп, тараптар алдағы уақытта да өзара ынтымақтастық пен ақпарат алмасудың маңыздылығын атап өтті.
«Ақ жол» партиясы
«Ақ жол» демократиялық партиясы Павлодар облыстық штабының мүшесі Дмитрий Корепанов жастарға арналған оқыту семинарын өткізді. Оқудан кейін жастар үгіт-насихат материалдарын қала көшелеріндегі арнайы ақпараттық тақталарға және заңнамада белгіленген рұқсат етілген орындарға орналастыру жұмыстарын жалғастырды.
«Respublika» партиясы
Бүгін «Respublika» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелері сайлауалды үгіт-насихат науқанын өңіріміздегі маңызды стратегиялық нысандардың бірі – «Қазақстан Теміржолы-Жүк тасымалы» ЖШС «Павлодар бөлімшесі» филиалының Екібастұз станциясының ұжымында жалғастырды. Теміржол саласының қажырлы еңбеккерлерімен өңірдегі түйткілді мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Партия өкілдері әрбір бастама тұрғындардың жарқын болашағы үшін екенін атап өтті.
Әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
