Тізімде – 545 кандидат

Шіл 30, 2026

Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдерді тіркеу қорытындысын жариялады. Сонымен қатар, шетелдік байқаушыларды тіркеу, үгіт-насихат материалдарын орналастыру мәселелері талқыланды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров күнтізбелік жоспарға сәйкес, 16-21 шілде аралығында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жеті саяси партияның әрқайсысы ұсынған кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу мәселелерін қарағанын атап өтті. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімдерді тіркеу жұмысының қорытындылары мен жалпы статистикалық мәліметтерге тоқталды.
— Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер 7 саяси партияның тізімдеріне 545 кандидат енгізілді. Депутаттық мандаттардың жалпы саны — 145. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптарды барлық саяси партиялар сақтады. Жалпы партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9 пайызды құрайды. Оның ішінде 172 әйел, 373 ер адам, 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Орташа жас — 45,4 жас, — деп атап өтті Шавхат Өтемісов.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі де айқындалды. Жеребе тарту рәсімін ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өткізді. Саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік тілдегі атауларының әліпбилік реті бойынша үстелге шақырылды. Олар ішінде нөмір жазылған жабық конвертті таңдады. Енді дәл сол нөмір бойынша әрбір саяси партия сайлау бюллетенінде көрсетілетін болады.
— Орталық сайлау комиссия-сының отырысында өткізілген жеребе тартудың қорытындысы бойынша, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде мынадай ретпен орналасатын болады:
1. «Әділет» партиясы»,
2. «Жалпыұлттық социал-демок-ратиялық партиясы»,
3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы,
4. «Қазақстан Халық партиясы»,
5. «Ауыл» партиясы»,
6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы»,
7. «Respublica» партиясы», — деді М.Ерман.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынба-сары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу рәсімі жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл рәсім 17 тамызға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Құрылтай депутаттарын сайлауға 12 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 86 халықаралық байқаушы аккредиттелді.
Отырыс барысында өңірлерде үгіт материалдарын орналастыру орындарын дайындау мәселесі де талқыланды. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда ел көлемінде үгіт материалдарын орналастыруға арналған 8 мыңнан астам орын, сайлаушылармен кездесу өткізуге арналған шамамен 4,5 мың орын дайындалған. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мегаполистер мен халық тығыз қоныстанған өңірлердегі сайлаушылар санын, қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған резервтік орындарды дайындаудың маңыз-дылығын атап өтті.
— Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық партиялар үшін үгіт материалдарын орналастыру орындарын белгілейді және оларды жарақтандырады. Үгіт материалдары барлық партиялар үшін тең құқықтарын қамтамасыз етілетіндей жағдайда орналас-тырылуы тиіс. Осы сайлау науқанының шеңберінде саяси партияларды ұсыну және тіркеу кезең-дерінде жоғары бәсекелестік пен белсенділік көрсетілгенін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындар мен үй-жайлардың осы санымен шектеліп қана қоймай, олардың резервін қамтамасыз ету қажет, — деді Нұрлан Әбдіров.
Ал комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік қазіргі сайлау науқаны кезіндегі сайлау алдындағы үгітке қатысты заңнамадағы жаңа нормалар туралы баяндады. Атап айтқанда, енгізілген жаңалықтардың бірі — дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото немесе бейне-
түсірілім жасауға және оны таратуға тыйым салынуы. Сондай-ақ ағым-дағы сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға жол берілмейді.
— Дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенінің фото немесе бейнетүсірілімін жүзеге асыруға, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады. Бұл норма саяси партияларды жария түрде қолдауды көрсетуге жол бермеуге бағытталған және еркін әрі жасырын дауыс беруді, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайларды, сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру туралы талап өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұрыннан қолданыста болған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салумен қатар, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынды, — деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Айта кетейік, 23 шілде күні сағат 18.01-де Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастады. Үгіт-насихат науқаны 21 тамыз күнгі сағат 23.59-ға дейін
жалғасады.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.