Жаңа Конституция талабына сәйкес ҚР Құрылтайына депутаттар сайлау науқаны қызу жүргізілуде. 23 тамыз күні дауыс беру мәртебесіне ие барлық құқылы азаматтар белсенділік танытып, ел болашағы үшін сайлауға қатысуы міндетті.
Бұл — өте маңызды қадам. Осыдан кейін Қазақстанның дамуында жаңа даңғыл жол басталады. Сол себепті, азаматтардың алдын ала өзін сайлаушылар тізімінен аты-жөнін тексеріп алғаны абзал. Оның бірнеше жолы бар.
Сайлаушылар өз учаскелерінің мекенжайын Call-орталықтар арқылы немесе WhatsApp нөміріне хабарлама жіберу арқылы біле алады. Call-орталықтар облыстың барлық қалалары мен аудандарында құрылған. Олардың телефондары әкімдіктердің сайттарында жарияланды, аумақтық сайлау комиссияларының әлеуметтік желілерінің беттерінде орналастырылған. Сондай-ақ, өз учаскесін сайлаушы «Сайлау учаскесін іздеу сервисі» Telegram-ботына ЖСН теру арқылы да біле алады.
Егер сайлаушы әртүрлі себептермен 23 тамыз күні тиісті учаскесінде сайлауға қатыса алмайтынын білсе, мәселен, жол жүрсе, онда ол тіркелген жері бойынша учаскеден есептен шығару куәлігін алуға құқылы. Ол куәлікті азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп ала алады
– Есептен шығару куәлігі нотариалды куәландырудың қажеті жоқ сенімхат бойынша да берілуі мүмкін. Жоғалған жағдайда есептен шығару куәлігі қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейтінін ескеру қажет. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 18.00-де, яғни 2026 жылғы 22 тамызда тоқтатылады, – дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Г.Аманжолова.
Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізуге Павлодар облысында 536 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 1 облыстық, 13 аумақтық және 522 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Оның ішінде 22-сі – қолжетімділігі шектеулі учаскелер. Яғни, олар ауруханалар, шипажайлар және уақытша оқшаулау орындарында ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда саяси науқанның үгіт-насихат жүргізу кезеңі іске асырылуда. Үгіт жұмыстары 22 тамыздағы сағат 00.00-ге дейін жүргізіледі.
22 тамыз күні тыныштық күні болып белгіленген.
23 тамыз — сайлаушылар учаскеге келіп дауыс беруге қатысады.
Г.Түгелбай.
