Алтай Қадырбек — «Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, ақын, Павлодар ауданындағы жеке шаруа қожалығының басшысы:
«Сайлау туралы айтатын болсам, елімізде болып жатқан осы бір науқанға барып, өзімнің дауысымды беріп, таңдауымды жасауға үш себеп бар деп ойлаймын.
Біріншісі: Ол — менің Құдайдан берілген талантым, ақындық өнеріме байланысты. Ақын, айтыскер болғаннан кейін, елдің алдына шығып, елдің мұңын, қуанышын, жағдайын жырлап жүргендіктен, елімізді жырға қосып жүргендіктен, мемлекетімізде болып жатқан осы үлкен науқанға қатысып, одан тыс қалмай, өзіміздің азаматтық борышымызды өтеп, таңдауымызды жасауды міндетті деп санаймын. Айтыскер ақын болсын, өнерпаздар, спорт, мәдениет және басқа да салалардың өкілдері болсын — осы сайлау еліміздің болашағына байланысты науқан болғандықтан, оған ешқандай сылтау айтпай, кері тартпай, белсенді қатысуды өзіме міндет деп санаймын.
Екіншісі: Сайлауға баруымның екінші себебі — осы атадан келе жатқан кәсіп, ауыл шаруашылығымен айналысып жүргеніме 8 жылдай уақыт болды. Осы кәсіпке байланысты болашақта тың шешімдер, жақсы бағдарламалар шығады деген үмітпен, жеке кәсібіме, ауыл шаруашылығына оң өзгерістер келеді деген ниеттемін. Алдағы Құрылтай депутаттары, соған кіретін мамандар өзгерістерге ниетті болса — ол нұр үстіне нұр болады деген үмітпен осы сайлауға баруды міндеттім деп есептеймін.
Үшіншісі: Сайлауға баруымның үшінші себебі — өзім 2023 жылы Павлодар аудандық мәслихатының депутаттығына үміткер болып, сайлауға түсіп, бағымды сынап көрген болатынмын. Сол кезде сайлаудың қыр-сырын ішінен көрдім. Сайлауға адамдардың белсенді қатысуының қаншалықты маңызды екенін, бейжай қарамау керектігін, үгіт-насихат жұмыстары мен сайлауалды бағдарламалардың халыққа қаншалықты әсер ететінін өз көзіммен көргендіктен, осы шараға бейжай қарамау керек деген түсінік қалыптасты.
Міне, осы басты үш себепке байланысты өзімді сайлауға баруға міндеттімін деп есептеймін. Қазақстан Республикасының барша азаматтарын осы сайлауға белсенді қатысуға шақырамын!
Дүниеге тойып еді адам қашан?
Мін тағып жүр пенделер заманға сан.
Аз ғұмырда көп пайдам тию үшін
Адалдықпен тек алға қадам басам.
Құрылтай құрылады деген кезде
Қуаныш орнап еді санамда сан.
Жағдайды ешкім келіп түзетпейді,
Отырып ап еліңді жамандасаң.
Азаматтық борышы әрбір жанның
Түсініп, мағынасына сәл алаңдасаң.
Ерінбей сайлауға кеп, таңдау жаса,
Еліңнің ертеңіне алаңдасаң!»
