Тереңкөл ауданының орталығындағы қос білім беру ордасы жаңа оқу жылында оқушыларды жаңарған күйде қарсы алады. Екі мектепке күрделі жұмыстар жүргізілуде.
Тереңкөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жайнат Біләлованың айтуынша, екі мектептегі құрылыс жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Бүгінде А.Текенова атындағы №2 мектептегі құрылыс жұмыстарының 85 пайызы іске асырылған. Ал А.Елгин атындағы мектепте жұмыстардың 78 пайызы аяқталыпты.
Естеріңізге сала кетейік, екі мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан жалпы 822,6 млн теңге бөлінген. Жөндеу барысында мектептердің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Дәліздегі ағаш еден кафельге ауыстырылмақ. Қос мектептің де сыртқы қасбетіне заманауи тәсілмен сылақ жүргізіледі. Кіреберісіндегі пандус ауыстырылып, жөнделеді. №2 мектепте терезелер толық ауыстырылса, №1 мектепте ішінара жаңартылады. Қос білім ордасында жылу желілері ауыстырылады. Мектептерде кабинеттер де заманауи үлгіде көрініс табады. Жөндеу жұмыстарына мердігер ұйымдар оқу жылы аяқталысымен кіріскен еді.
Г.МАҒЖАН.
Тереңкөл ауданы
