Қараусыз қалдырғанға жаза бар

Там 13, 2026

Аудан полицейлері шаруа қожалықтарын аралап, мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмауды ескертті. Малды жаю қағидасын бұзғандарға жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.

Кездесу кезінде республикалық маңыздағы жолдардың маңында төрт түліктің бақылаусыз жүрмеуіне назар аударылды. Полицейлер жол бойында жайылған мал жол апатына әкелетінін айтты.

— Кездесу аясында шаруа қожалық иелеріне қолданыстағы заң талаптары түсіндірілді. Ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жайғаны үшін көзделетін әкімшілік жауапкершілік туралы айтылды. Сондай-ақ, мал жаю орындарын тұрақты бақылауда ұстау, қауіпсіз жағдайда бағу және жол бойына жібермеу мәселері қаралды, — деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің қызметкері Данияр Сүлбаев.

Тәртіп сақшылары қожалық иелерін малды күтіп-бағу мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

Ертіс ауданы