Жаңаша бағалауға көшу қаншалықты қажет?

Там 13, 2026

Білім жүйесінде өзгерістер жиі орын алады. Оқыту үдерісінде өзінің өміршеңдігін көрсете алмаған тәсілдерді алмастыру, тиімдісіне көшу сынды жаңашылдықтардың енгізілуіне бүгінде көпшілік үйреніп те алды. Әрине, мұның барлығы – білімді ұрпақ қалыптастыру жолында жасалып жатқан қадамдар. Естеріңізде болар, біраз жыл бұрын білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу кезінде оқушыларды бағалаудың жаңа әдісі пайда болды. Яғни, бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиындық бағалау қолданысқа енген еді. Енді биыл осы бағалау жүйесін ауыстыру көзделіп отыр. Бұл туралы құзырлы министрлік тиісті құжатты қоғам талқысына шығарды. Сонымен, жаңаша бағалау білім жүйесіне не береді? Бағалауды өзгерткен жөн бе? Осы тақырыпты «Алаңда» талқылап көреміз.

 

Мәдина ЕСЖАНОВА,

ардагер ұстаз:

– Пікір білдірмес бұрын біздің кезіміздегі тәжірибемен бөлісейін. 5 балмен оқушымыздың білімін бағаладық. Күнделікті сабаққа қатысуы, күнде алған бағасы мен тоқсандық қорытынды бақылау нәтижесімен тиісті бағасын қоятынбыз. Бақылау жұмысы әр пәнге қарай мазмұндама, диктант жазу, практикалық жұмыстар арқылы өткізілді. Содан жаман болды ма?! Білімді де білікті буын өсті. Мақтанышпен айта аламыз.

Заман көшіне қарай деп әр елдің тәжірибесіне сүйеніп, өзгеріс жасай беруге мен қарсымын. Өйткені, бала, мұғалім жаңа бір бағытқа бой үйрете бергенде тағы бір жаңашылдық енгізу шаршатып жібереді. Құлшынысты басады. Біраз жыл бұрын білім жүйесіне енгізілген бөлім бойынша бақылау және тоқсандық бақылау, меніңше, балаларға жиі көңіл-күйлік күйзеліс әкеледі. Бірнеше тақырыпты өткен сайын бақылау жазу – оқушыға айтарлықтай жүктеме. Бағасы төмен болып қалса, ынтасын жоғалтып алады. Бұрын мұғалімдер тапсыр-маны біртіндеп қиындата, сатылай отырып оқушыны жетелеп келді. Қазіргі жүйе жиі тексеріспен, бақылаумен мазасын алатындай күй қалдырады. Ұстаздардың, ата-аналардың ұсыныс-тілектерін министрлік назарға алып, өзгертпек. Білімді ұрпақ өсіргіміз келсе, балалардың оқу-сауаттылық, функ-ционалдық білімін жетілдіруге көңіл бөлген жөн деп ойлаймын.

 

Анар ИБРАЕВА,

бастауыш сынып мұғалімі:

– Балаға білім бергеннен кейін оның бағалануы – заңды. Бұл бізге баланың оқу бағдарламасын қаншалықты меңгергенін, үйреткені-мізді қалай қабылдағанын қадағалау үшін қажет. Соған сай біз баланы дамытуға ден қоямыз. Күнделікті үй тапсырмасын сұрап, өткен сабақтарды қайталап бекітеміз.

Бағалау жүйесі өзгеріске ұшырап, біраз жыл бұрын бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау енгізілді. Жаңа-шылдықты түсініп, үйренгенше де уақыт қажет болды. Шыны керек, бағалаудың дәл осы жүйесін құпта-мағандар қатарынан едім. Қазір министрлік осы баға-лауды бастауыш сыныптардан алып тастауды ұсынып отыр. Менің ойымша, орынды қадам. Оның орнына формативті бағалау күшейтілмек. Яғни, бағалау қорытынды нәтижеге емес, күнделікті оқу жетістіктеріне негізделеді. Оқушы-ларға диктант жазғызу, мазмұндауға көбірек мән беру керек. Өйткені, бүгінде балалардың ойы шорқақ. Ал жаңаша бағалау осы олқылықтарды жойып, сауаттылықты артты-
рады деп санаймын. Қатесіз жазуға жетелейді. Тілдік деңгейлері, есте сақтау қабілетіне оң әсер етеді деген ойдамын.

 

Айнұр САРБАСОВА,

ата-ана:

– БЖБ және ТЖБ деген сөзден бүгінгі балаларға кәдімгідей күйзеліс сияқты сезіледі. Ертең болады деген күні мазасызданып кететіндері бар. Ал білім беру бұлай балаға әсер етпеуі керек деп ойлаймын. Білімге енді аяқ басып, оң-солын танып келе жатқан бастауыш балаларын жиі тексеріп, қинамаған жөн.

Баламыз күнде сабаққа белсенді қатысып жүріп, бір ТЖБ-да қателік жіберсе, бағасы да төмен болып шыға келеді. Бұл — меніңше, әділетсіздік. Қаншама еңбегі зая кетеді. Кейде БЖБ, ТЖБ тапсыратын күні бала ауыруы, өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Соның салдарынан дұрыс жауап бере алмай қалуы ықтимал. Осыны ескеру керек. Ана ретінде қазіргі техниканың заманында балаларымыздың еркін сөйлеп, қолмен жазуға көбірек уақыт жұмсағанын қалаймыз. Өйткені, қазіргі балалардың ойы өте шолақ. Білуімше, көп жағдайда БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын оқушылар дайын парақтағы сұрақтардың жауабын белгілеп, қысқаша жауап жазып, орындайды. Меніңше, оқушы ойын қағазға кеңінен түсіріп, терең ойлауға дағдылануы тиіс. Кейбір пысық оқушылар сұрақтың жауабын ChatGPT көмегімен көшіріп жаза салады. Мұндайда білім деңгейін ойлаудың өзі қорқынышты. Ал бұрынғы жүйеге ойысудың да оның қаншалықты адам дамуында өміршең екенін көрсетіп отыр.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.