Ел болашағы үшін орны айрықша сайлауға қатысып, таңдау жасау маңызды. Себебі сіз бен біз елімізде алғаш рет құрылатын Құрылтай депутаттарын анықтаймыз. Бірақ саяси науқан өтетін 23 тамыз күні түрлі себепке байланысты кей адамдар өзі тіркелген сайлау учаскесіне бара алмауы мүмкін. Сондай жағдайда қайтпек керек?
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын таңдайтын шақта басқа елді мекенде болатын дауыс берушілерге есептен шығару куәлігін алуға кеңес береді. Яғни, егер дауыс беру күні басқа қалада, облыста немесе елде болып, тұрақты тіркелген жеріңіз бойынша дауыс бере алмайтын болсаңыз, қазір есептен шығару куәлігін алуға құқығыңыз бар. Осылайша, 23 тамызда болатын жеріңіздегі учаскеге барып, дауыс бере аласыз.
— Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға құқығы бар. Ол үшін жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну жеткілікті. Есептен шығару куәлігі 7 тамыздан бастап 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі. Есептен шығару куәлігін жеке өзіңіз, сондай-ақ сенімхат бойынша өкіл арқылы алуға болады. Сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді. Сайлаушы болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады, — деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясы өкілдері.
Бұл ретте учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді. Бірақ есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейтінін және оның телнұсқасы берілмейтінін ескеру керек. Сондықтан бұл құжатқа мұқият қараған жөн.
Ал кей адамдар тіркелген сайлау учаскесінде емес, өзі тұратын ауыл не қала ішіндегі жұмысына жақын немесе басқа кез келген учаскеде дауыс беруді қалап жатады. Алайда бұлай болмайды. Бір елді мекен ішінде басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі берілмейді. Демек, тіркелген мекенжайы бойынша белгіленген сайлау учаскесіне барып, бюллетень алуы керек.
Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
