23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысты сұрақтарыңызға жауап алу үшін Орталық сайлау комиссиясы сайтындағы жасанды интеллект көмекшісіне жүгінулеріңізге болады.
«SAILAU AI» ЖИ-көмекшісі қазіргі таңда көпшілікке қолжетімді. Яғни, өзекті сұрақтарға тұрғындар түсінікті жауап ала алады. Мәселен, «Үйден қалай дауыс беруге болады?», «Есептен шығару куәлігін қалай алуға болады?», «Егер сайлаушылар тізімінде болмасаңыз, не істеу керек?» деген және басқа да сұрақтарға дәл осы «SAILAU AI» ЖИ-көмекшінің көмегімен оңай жауап алуға болады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ЖИ-көмекші мемлекеттік және орыс тілдерінде тәулік бойы үзіліссіз ақпарат ұсынады. Ол AlemLLM тілдік моделі негізінде әзірленген. ЖИ-көмекші Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер негізінде сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша ақпаратты іздеуге және ұсынуға арналған. Бұл көмекшіні Telegram мессенджерінен де табуға болады. Ұсынылатын жауаптардың сапасы мен дәлдігін арттыру мақсатында қазіргі уақытта ассистентті кезең-кезеңімен қосымша жетілдіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқан көрінеді.
Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.
