Оқу мерзімін қысқарту қаншалықты тиімді?

Там 27, 2026

Студенттердің жоғары оқу орындарында білім алу мерзімі 2-3 жылға қысқартылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Министр Саясат Нұрбек те төрт жылдық оқу мерзімінің ұзақ екенімен келіскен. Оның сөзінше, 2022 жылдан бастап жоғары оқу орындары оқу мазмұнының 92 пайызын өздері анықтай алады. Оның ішінде оқу ұзақтығы да бар. Мәселен, Astana IT University-де үш жылдық бакалавриат бойынша пилоттық жоба болғанын да атап өтті. Оқу мерзімінің қысқаруы студенттердің бакалавр деңгейінде толық білім алуына жеткілікті ме? Егер жастар ерте жұмысқа орналасса жұмыссыздар саны өсіп кетпейме? Осы сауалдар бойынша алаңнан жауап алып көрдік.

 

Ғабит Сапаров, ақын, Жазушылар одағының мүшесі:

— Менің ойымша, студент мектептен кейінгі жоғары білімді толық төрт-бес жыл алғаны дұрыс. Себебі бұл — белгілі бір мамандыққа даярлайтын маңызды кезең. Сондықтан оны толық игеруге мүмкіндік берген жөн. Өз саласы бойынша терең теориялық білім қалыптастыру үшін студентке жеткілікті уақыт қажет. Әрине, жастар арасында төрт-бес жылды ұзақ мерзім деп қабылдап, болашақ мансабын қалыптастыруды кешеуілдетіп аламыз деген түсінік болуы мүмкін. Алайда біз де осы кезеңнен өттік. Төрт-бес жыл білім алып, ешнәрседен кеш қалған жоқпыз. Керісінше, алған біліміміздің іргетасы кейінгі кәсіби жолымызға негіз болды. Жас мамандардың барынша сауатты әрі білікті болып қалыптасуына да мән берген жөн. Әрине, түптеп келгенде, білімді қаншалықты меңгеру студенттің өзіне байланысты. Дегенмен оқу барысында ол болашақ маман ретінде қалыптасып, кәсіби жолына дайындалады. Сондықтан сапалы кадрлардың даярлану деңгейі төмендеп кетпеуі үшін жоғары оқу орындарындағы қазіргі оқу мерзімін сақтаған дұрыс деп есептеймін.

 

Азамат Смахан, тарих пәнінің мұғалімі:

— Егер оқу мерзімі қысқартылатын болса, ең алдымен оқу бағдарламаларының мазмұнына назар аудару қажет. Университеттерде студенттің болашақ мамандығына тікелей қатысы жоқ пәндер мен қайталанатын тақырыптарды азайтып, кәсіби білім беруге басымдық берген жөн. Бұл жағдайда студент уақытын тиімді пайдаланып, өзінің мамандығына қажетті білім мен дағдыларды тереңірек меңгеруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар жас маман еңбек нарығына ертерек араласып, тәжірибе жинақтуға да уақыт ұтады. Дегенмен оқу мерзімін қысқарту мәселесінің екінші жағы да бар. Екі-үш жылдық білімнен кейін жастардың еңбек нарығына жаппай шығуы жұмыс орындарына деген бәсекелестікті күшейтуі мүмкін. Әсіресе бір мамандық бойынша қысқа мерзімде көп маман даярланса, олардың барлығын жұмыспен қамту мәселесі туындайды. Бұл жұмыссыздық деңгейінің өсуіне немесе жастардың алған мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаларға ауысуына әкелуі ықтимал. Сондықтан оқу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданғанда тек студенттің университетті ертерек аяқтауы емес, одан кейінгі еңбек нарығындағы жағдай да ескерілуі керек. Қандай мамандықтарға қанша кадр қажет екені, олардың еңбек нарығындағы сұранысы, жұмыс орындарының саны алдын ала сараланғаны жөн.

 

Фарида Нұрхиса, жас маман:

— Жоғары оқу орындарында оқыту мерзімінің қысқартылуы әр мамандыққа жеке тағайындалған дұрыс деп санаймын. Мамандыққа деген сұраныс, игерілуі тиіс ақпарат көлемі жеке-жеке талдануы керек. Мен — Astana IT университетінің биылғы түлегімін. Қысқартылған мерзім бойынша 3 жыл оқып, қазіргі таңда мамандығым бойынша жұмыс істеудемін. Менің ойымша, ақпараттық технология мамандығында оқитын студенттер үшін аталған оқу мерзімі өте тиімді. Себебі, осы саланы игерушілер қатарында сырттай курстар арқылы маманданған адамдар да жыл сайын артуда. Нәтижесінде еңбек нарығында ресми түрде білім алған студенттерге кейде орын тапшы болып жатады. Мұндағы артықшылық — өз салаңа ғана қатысты теориялық және практикалық білім алу мүмкіндігі. Уақыттың аз болғаны білім алушының да жауапкершілігін арттыруға көмектеседі деп ойлаймын. Қазіргі таңда мен оқу барысында практикадан өткен мекемеде

қызмет етудемін. Жұмысыма үйренісіп кету ешқандай қиындық туғызбады. Өзіме қойылған міндеттерді уақытылы әрі талапқа сай орындап келемін.

«Алаңды» үйлестірген – Сара ӘБДОЛ.