Шәкен есімі сақтала ма?

Там 27, 2026

Облыс орталығындағы Шәкен Айманов атындағы кинотеатрдың жаңа атаумен жұмыс істей бастауы қала тұрғындарының назарын бірден аударды. Бірнеше онжылдық бойы қазақ киносының көрнекті тұлғасының есімімен аталған мәдени нысанның атауын өзгерту қаншалықты орынды? Жаңа компанияның өз бренді болуы түсінікті-ақ. Бірақ жаңа атау мен тарихи есімді қатар сақтаудың мүмкіндігі бар ма? Бүгінгі мәселенің түйіні – осы.

Павлодар қаласындағы аталмыш кинотеатр бірнеше буын көрерменнің жадында Шәкен Аймановтың есімімен қалыптасты. Бірі мұнда бала кезінде алғаш кино көрсе, енді бірі жастық шағын осы орынмен тығыз байланыстырады. Уақыт өте келе мәдени нысанның атауы қала тұрғындарының естелігіне еніп, жергілікті тарихтың бір бөлігіне айналды. Алайда соңғы уақытта кинотеатрдың жаңа атаумен жұмыс істей бастағаны әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүр. Бірқатар онлайн сервисте нысан
«G Cinema Park» ретінде көрсетіледі, ал кей платформаларда бұрынғы атауы қаз-қалпында сақталған. Осыған байланысты атаудың өзгеру себебі мен тәртібіне қатысты ресми түсініктеме қажеті анық.

Мәселе жаңа компанияның келуінде емес. Кәсіпкердің өз бренді мен жұмыс нұсқасын таңдауы –
заңды құқығы. Кинотеатрдың жаңарып, көрерменге сапалы қызмет көрсетуі де қала үшін маңызды. Алайда жаңа брендтің пайда болуы Шәкен Аймановтың есімінен бас тартуды міндеттей ме? Бұл сауалды алғаш болып көтерген азаматтардың бірі – Мәдениет саласының үздігі Ерлан Рахимов. Оның сөзінше, мәселе жаңа компанияның жұмысына немесе оның таңдаған брендіне қарсылық білдіруде емес. Негізгі түйткіл – бірнеше онжылдық бойы сақталып келген тарихи атаудың тағдырында.

– Әр компанияның өз бренді, өз жұмыс нұсқасы болатыны сөзсіз. Оны жақсы түсінеміз. Біз ешкімнің бизнесіне қарсы емеспіз. Кинотеатрдың жаңарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсеткеніне біз де қуанамыз. Бірақ жаңа компанияның келуі Шәкен Аймановтың есімін сақтап қалуға кедергі болмауы керек деп ойлаймын. Әңгіме жаңа атаудың жақсы не жаман екенінде емес. Әңгіме – Шәкен Аймановтың есімі сақтала ма, жоқ па дегенде.

Шәкен Айманов – қазақ өнерінің тарихында өзіндік орны бар тұлға. Ол өзінің атағын біреуден сұрап алған жоқ, елдің құрметіне талантымен, еңбегімен жетті. Павлодар облысында оның есімі берілген мәдени нысандар көп емес. Ендеше, барымызды сақтап қалудың жолын неге іздемеске? –
дейді ол.

Мәселенің тарихи қырына қатысты тағы бір дерек бар. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Гүлжайнат Мағазқызының айтуынша, 1990 жылдары, елдегі экономикалық қиындықтар күшейген кезеңде кинотеатрдың жабылып қалу қаупі болған. Сол уақытта Майдаш Рахимжанова секілді азаматтар нысанның жұмысын сақтап қалуға күш салған. Сол кезеңде Шәкен Аймановтың есімін де сақтауға әрекет жасалған.

Бұл деректі сол жылдардағы құжаттармен және оқиға куәгерлер-інің естеліктерімен нақтылай түсу қажет. Дегенмен, оның өзі бүгінгі мәселенің мәнін аңғартады. Қазір қалыпты көрінетін атаудың артында бір кездері оны сақтап қалуға күш салған адамдардың еңбегі бар.

Әлеуметтік желідегі қоғам белсенділерінің пікірлері де бұл мәселенің көпшілік үшін бейжай тақырып емес екенін аңғартады. Солардың бірі – мәдениет саласы-
ның үздігі, ақын Алмагүл Бұзаубаева.
Оның пікірінше, қазақ киносының көрнекті тұлғасы, жерлесіміз Шәкен Аймановтың есімі туған жеріндегі мәдени нысанда сақталуы тиіс.

– Мен осы маңайда тұрамын. Таяуда кинотеатрдың жаңа атауын көргенде, шынымды айтсам, намысыма тиді. Қазақ киносының алғашқы режиссерлерінің бірі, жерлесіміз, талай биік атаққа ие болған Шәкен Аймановтай тұлғаның есімін осы кинотеатрдан алып тастауға кім рұқсат берді? деген сұрақ туындайды. Шәкен Аймановтың атауын қайтару керек деп есептеймін. Бұл – жай ғана атау ауыстыру мәселесі емес, елдің мәдени мұрасына деген құрмет мәселесі, – дейді А.Бұзаубаева.

Әрине, әлеуметтік желідегі бірнеше пікірді тұтас қоғамның ұстанымы деп бағалау жаңсақ. Бірақ мұндай пікірлердің пайда болуының өзі тұрғындардың бұл атауға бейжай қарамайтынын аңғартады. Өйткені, кейбір атаулардың өмірі ресми құжаттағы мерзімнен әлдеқайда ұзақ болады. Олар адамдардың жадында сақталып, белгілі бір дәуірдің, белгілі бір ортаның белгісіне айналады.

Шәкен Аймановтың есімі де осындай мәнге ие. Кинотеатрға барған жас көрермен маңдайшадағы «Шәкен Айманов» деген жазуға назар аударып, «Бұл кім?» деп кейін осы тұлға туралы ақпарат жинастыруы мүмкін. Ал сол қарапайым сауалдың өзі қазақ киносының тарихына бастайтын алғашқы қадамға айналары сөзсіз. Демек, тарихи атаудың тәрбиелік әрі танымдық маңызы да зор.

Айдана БОРАНБАЕВА.