Көрнекті ақын, көркем аудармашы, публицист Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы
27 тамызда қазіргі Ақтоғай ауданының «Жаңа ұйым» (қазіргі Өтес) ауылында дүниеге келген. Бүгінде мен ақын ағаның туған күнінде үнсіз қала алмадым. Ол туралы естелік жазуды жөн санадым.
Мен ақын ағаның 1978 жылы тамыз айында өзінің келгені туралы жазғалы отырмын. Ақын аға елге келгенде жанында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев пен талантты ақын Сағи Жиенбаев, композитор Әсет Бейсеуов, жұбайы Бәтіш, ұлдары Ерлан мен Нұрлан болған еді.
Ақын аға Павлодардан шыққан соң басқа машиналарды оздырып жіберіп, әуелі өз ауылы, сол кезде «Жаңа ұйым» аталатын кіндік қаны тамған топырағына табанын тигізіп ерекше толқыды. Ол ауылда Байғабылов Темірболат есімді немере інісі тұратын. Менің сол үйге барып қалған себебім, Күләш апам Серік ұлын мотоциклмен жіберіп, мені алғызды. «Дана, бәрі мектепке, жолға қарсы алуға кетіп қалды, шай беретін кісі жоқ. Тез шай жасасып жіберші. Мен етті дайындайын, — деді.
Ақын аға және жанындағы меймандар үйге кірді. Отырып шай ішті. Мен шайды құйып, ақын аға кесені қонақтарға әперіп отырды. Әңгіме-дүкен құрып бір кезде Жұбан Молдағалиев қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Кітапханада екенімді айттым. «Менің кітаптарым бар ма?» — деді.
«Әрине, бар», — дедім. Мұқабасы қоңыр кітабы түскен, содан бір ауыз өлеңін іркілмей айтып бердім. Бәрінің көңілдері көтеріліп қалды.
Әттең… сол кезде қазіргідей техника яғни фотоға түсіру жоқ қой, қазір балаға дейін бәрін түсіріп жатады. Негізі біздің 500 орындық мәдениет үйіне ақын-жазушылар, атақты композиторлар, әншілер жиі келетін. Есігі жабылмайтын.
Композитор Нұрғиса Тілендиевпен де бірге отырып шайын беріп, ортақ тіл табыстым. Себебі, кітапхананың қарсы бөлмесін сол кісіге босатып бердік. Еркін демалсын, — деп. Задында, мен бақытты адаммын. Қанша еңбек етіп жүргенде адал ниетті, жарқын жүзді, жақсы, зиялы қауымның ортасында болдым. Сол кезде жас болсам да, тез тіл табысып, ортақ пікір тауып, адамды қызықтыратын тақырыпта сөйлесетінмін. Қазір таң қаламын, сөйтсем, жас болсам да, ата-анадан алған қасиет екен…
Мен бүгінгі мақаламда «архив сөйлесін» деп, әкемнің қорында сақталған Қабдыкәрім Ыдырысовтың 1967 жылы жазған мақаласын оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Қабдыкәрім Ыдырысов, «Кереку келбеті» мақаласында ақын былай дейді:
Қала нелер көркем жер бетінде,
Талпынтқан жұртты өсуге, ер жетуге.
Мен үшін ерексің сен, Керекуім,
Қуанам бүгінгі асқақ келбетіңе!
Қадірлі менің жерлестерім —
Бәріңе!
Жасың мен кәріңе —
Мен тұрмыста бақыт,
еңбекте шабыт тілеймін!
Елу жыл ел мерекесі!
Тойларының тойға ұлассын, достар!
Бүгінгі дастархандарың басында мен де сендермен біргемін.
Ал енді 1978 жылы еліне келгенде Қабдыкәрім Ыдырысов жазған «Ауылымның аялы алақаны» мақаласында:
Бәрі де… бәрі есімде,
Ұмытсам мені кешірме.
Көтерген жерден өзіңсің,
Талпытқан алға,өсуге!
Бәрі де… бәрі есімде,
Ұмытсам мені кешірме.
Балапан жырым бал жинап
Қанатын қақты төсіңде…
Паңсынам саған несіне?
Сен берген толы несібе.
Көркіңді көріп көсілген.
Түседі бәрі есіме, деп тебіренеді.
1978 жылы туған еліне қоштасуға келді ме екен… Мектепке кіргенде бәріне құшағын жайып, танып, аттарын атап амандасты. Аузын ашса жүрегі көрінетін, жаны жайсаң, жамандығы жоқ, адамгершілігі мол, бойында адалдық, жүзінен мейірім төгіліп тұратын азамат еді. Найзағайдай жарқылдан өтті. Бірақ… өшпес із қалдырған, ғибратты ғұмыр кешті, алғашқы кездесу соңғы болды.
Еліне келіп, сағынышын басты ма екен… Өшпес мұра әндері қандай шіркін, ауылда мерекелерде, тойларда жиі айтылады.
«Кереку келбеті» мақаласында атап жазған мына фотода менің әкем Қайкен Жармакин, жанында отырған Стремцов Матвей Григорьевич — екі соғысқа қатысқан алғашқы тың игеруші. Осы газетті сақтаған менің әкем Қайкен Жармакин де өмірден өтті.
Қазақ елі барда ақын аты өшпек емес.
Дана Жармакина, Ақтоғай ауданы, Әуелбек ауылы,
ҚР Құрметті кітапханашысы, Ақтоғай ауданының
Құрметті азаматы.
