Қаламгердің қастерлі мұрасы

Там 20, 2026

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Зейтін Ақышевтің туғанына 115 жыл толып отыр. Қалам-гердің тағылымды ғұмыры мен мол шығарма-шылық мұрасын ұлықтайтын орынның бірі –
Баянауыл ауданы Баянауыл ауылындағы Зейтін Ақышев атындағы мектепте орналасқан жазушының мұражайы. Қарапайым мектеп қабырғасындағы бұл шағын музейде қаламгердің өмір жолынан сыр шертетін талай құнды жәдігер сақтаулы.

Мұражайдағы әрбір бұйымның өз тарихы бар. Олардың арасында жазушының балалары 2006 жылы табыстаған киімдері, құжаттары, фотосуреттері, қолжазбалары, кітаптары, хаттары мен түрлі марапаты кездеседі. Сондай-ақ, қаламгердің әр жылдары мәдени шараларға алған шақыртулары, іссапар куәліктері, орден-медальдары және өз қолымен толтырған қойын дәптері де мұқият сақталған.

Өлкетанушы Ерәділ Түсіпбаевтың айтуынша, мұражай қорындағы кітаптардың арасында «Біздің шамшырақтар», «Достарым менің», «Жаяу Мұса», «Иманжүсіп», «Жабай» сынды шығармалар бар. Сонымен қатар, орыс жазушысы Иван Щеголихиннің «Зейтін Ақышев және оның «Жаяу Мұса» романы» атты зерттеу еңбегі де құнды дүниелердің қатарында.

Мұражайдағы ерекше құжаттардың бірі – Зейтін Ақышевтің 1938 жылы Семей қаласындағы мұғалімдер институтының физика-математика бөлімінің толық курсын тәмамдағанын растайтын Қазақ КСР Оқу халық комиссариаты берген аттестат. Құжаттан болашақ қаламгердің оқу бағдарламасын толық орындап, 15 пәннен «өте жақсы» деген баға алғанын көруге болады. Педагогикалық іс-тәжірибеден де сүрінбей өткен.

Зейтін Ақышевтің негізгі мамандығы – математик. Оқуын үздік тәмамдаған ол 1939 жылы Баянауыл қазақ орта мектебінің алғашқы директоры болды. Бүгінде бұл білім ордасы Ш.Айманов атындағы мектеп-интернат ретінде белгілі. Кейін қаламгер Павлодар және Талдықорған облыстық білім бөлімдерінде қызмет атқарды.

Мұражай қорындағы тағы бір бағалы жәдігер –
1977 жылы бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының студенті Ардақ Ажимова жазған «Зейтін Ақышевтің творчествосы» атты дипломдық жұмыс. Еңбекте жазушының өмірбаяны, драмалық шығармалары, романдары, әңгімелері мен аудармалары кеңінен қамтылған.

Дипломдық жұмысқа академик Рымғали Нұрғалиевтің берген пікірі де сақталған. Бұл құжаттың құндылығы –
бір ғана қаламгердің шығармашылығын танытып қоймай, сол кезеңдегі әдеби зерттеулердің де тынысын аңғартатындығында.

Зейтін Ақышев — еңбегі еленген, марапаттан кенде қалмаған қаламгер. Мұражай төрінде оның әр жылдары алған мадақтамалары мен грамоталары бар. Қаламгердің қолының табы, саусақ іздері қалған мұндай дүниелер уақыт өткен сайын тарихи маңызын арттыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, жазушының төс қалтасында жүрген түрлі ұйымның мүшелік билеттері де сақталған. Солардың бірі – Зейтін Ақышевтің КСРО Жазушылар одағының мүшелік билеті.

Дегенмен, мұражайдағы қымбат жәдігерлердің бірі –
жазушының өз қолымен жазған дүниелері. Қаламгердің қолтаңбасы қалған әрбір парақ оның шығармашылық әлеміне жақындауға мүмкіндік береді. Қағазға түскен әрбір жолдан сол дәуірдің тынысы, жазушының ой-толғамы мен ізденісі сезіледі.

Мұражай қызметкерлері алдағы уақытта қорды одан әрі толықтырып, жәдігерлер санын арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, мұражайды кеңейту мәселесі де жоспарланған.

Зейтін Ақышевтің әдеби мұрасы – бір адамның ғана ғұмырнамасы емес, тұтас бір дәуірдің көркем шежіресі. Сондықтан Баянауылдағы бұл мұражайдың маңызы да ерекше. Қаламгердің қолынан ұстап, көзінен көрген дүниелерді сақтап отырған шағын музей уақыт өте келе әдебиетсүйер қауым арнайы ат басын бұратын тағылымды орынға айналары анық. Өйткені өткеннің өнегесін ұрпаққа жеткізетін мұндай рухани мекендердің әр жәдігері – тарихтың үнсіз сөйлеген бір парағы.

Айдана БОРАНБАЕВА.