Сәндегі ұлттық сарын

Қаз 1, 2026

Ұлттық ою-өрнек пен заманауи сән тоғысқан сәтте тарихтың үні де, бүгіннің тынысы да бір арнада тоғысады. Павлодарда өткен «Great Steppe Fashion» этно-сән фестивалі дәл осындай ерекше үндестікке куә болды. Ашық аспан астындағы сән шеруінде қазақы дәстүрдің бояуы заманауи дизайнерлердің тың ізденістерімен сабақтасып, ұлттық киімнің жаңа қырлары көрерменге ұсынылды.

Ашық аспан астында өткен сән көрсетіліміне барлығы 6 сән
ұжымы қатысып, өздерінің ерекше топтамаларын ұсынды. Олардың қатарында «Hanym» этно-ательесі, «Aruaar», «Qazaq Etno», «LURE», «REMIER» брендтері мен «Vernissage» сән театры болды.

Сән шеруі дәстүрлі ұлттық киім үлгілерінен бастау алып, заманауи коллекцияларға ұласты. Сахна төріне шыққан модельдер шапан, камзол, кимешек, сәукеле, бөрік, тақия секілді ұлттық киімдерді заманауи сән элементтерімен үйлестіре көрсетті. Әр топтамадан дизайнерлердің өзіндік қолтаңбасы, ұлттық мұраға деген көзқарасы мен жаңашыл ізденісі аңғарылды.

Алғашқылардың бірі болып «Hanym» ательесінің балалар мен ересектерге арналған отбасылық топтамасы таныстырылды. Ателье дизайнері әрі жетекшісі Айзат Мұратқызы ұсынған коллекцияда ұлттық киімнің отбасылық құндылықтармен сабақтастығы көрініс тапты. Балаларға арналған тақиялардан бастап, ересектердің камзолдары мен өзге де ұлттық киімдеріне дейінгі әр үлгі дәстүр мен заманауи талғамды ұштастырды.

Келесі кезекте Ольга Кондратьева ұсынған «Aruaar» коллекциясы көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстандық сыртқы киім бренді өз топтамаларында ұлттық ою-өрнектерді заманауи пішіндермен үйлестіреді. Коллекциядағы дәстүрлі элементтер күнделікті сәнге бейімделіп, ұлттық нақыштың қазіргі киім үлгілерінде де өз орнын таба алатынын көрсетті.

Ұлттық сәннің сахналық өнермен сабақтастығын «Vernissage» сән театрының көрсетілімі айқындады. 1983 жылдан бері шығармашылық бағытта жұмыс істеп келе жатқан ұжым осы уақыт ішінде көптеген сән топтамаларын дүниеге әкеліп, ұлттық киім элементтерін заманауи сәнмен ұштастырып келеді. Театрдың әр көрсетілімінде киім, музыка, қозғалыс пен сахналық шешім біртұтас көркем композицияға айналды.

Фестиваль бағдарламасы барысында Айгерім Жұмабекова жетекшілік ететін «LURE» топтамасы да таныстырылды. Коллекцияда әйелдер сәнінің заманауи үлгілері, кешкі көйлектер мен ұлттық нақыштағы эксклюзивті киімдер ұсынылды. Мұнда ұлттық элементтер заманауи силуэттермен үйлесіп, сәннің нәзіктік пен талғампаздықты қатар жеткізетін қырын көрсетті.

Балалар сәніне арналған «REMIER» топтамасы да көрерменнің ерекше ықыласына ие болды. Павлодарда құрылған бренд балалар мен жасөспірімдерге арналған күнделікті киімдердің ыңғайлылығы мен заманауи дизайнына басымдық береді. Сән шеруінде жас модельдердің сахнаға шығуы фестивальдің шырайын кіргізіп, шараға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ал «Qazaq Etno» топтамасында ұлттық және салтанатты киім үлгілері кеңінен қамтылды. Динара Дүйсенбекова жетекшілік ететін салонның коллекциясында қыз ұзату, сырға салу секілді дәстүрлі рәсімдерге арналған киімдермен қатар, ересектер мен балаларға арналған этнокостюмдер ұсынылды. Қолдан жасалған кесте, ұлттық ою-өрнек пен дәстүрлі пішіндер топтаманың өзіндік ерекшелігін айқындады.

Сән көрсетілімдері музыкалық бағдарламамен де сабақтасты. Әншілер Наурыз Көшен мен Айгүл Жұмағұлованың орындауындағы әндер сән шеруіне ерекше ырғақ берсе, «Рух» этно-микс ансамблінің өнері ұлттық мазмұнды толықтыра түсті. Осылайша, сән мен музыка бір сахнада тоғысып, фестивальдің шығармашылық атмосферасын қалыптастырды.

Бүгінде ұлттық нақыштағы киімдер тек мерекелік немесе салтанатты шараларға арналған образ ретінде ғана емес, күнделікті сәннің де бір бөлігіне айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Great Steppe Fashion» фестивалі ұлттық мәдениеттің жаңа буынға заманауи тілмен жетуіне жол ашатын шығармашылық алаң ретінде ерекшеленді.

Фестиваль соңында барлық дизайнер мен модельдер сахна төріне шақырылып, ұйымдастырушылар олардың ұлттық мәдениетті сақтап, жаңғыртуға қосып жүрген үлестеріне алғыс білдірді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.