Экологиялық акция жалғасуда

Там 27, 2026

Баянауылдың көркем табиғатын көздің қарашығындай сақтау – баршаға ортақ міндет. Осы мақсатта аудан жастары «Вандализмге жол жоқ!» акциясын ұйымдастырып, Жасыбай демалыс аймағы мен «Ұлу тас» маңын тазалады.

Аталған акцияға 40-тан астам ерікті қатысып, табиғи аумақтағы қоқысты жинады. Бұдан кейін жартастарға бояумен жазылған есімдер мен түрлі жазуларды өшірді.

Баянауыл жастар орталығының басшысы Ренат Ілден табиғи нысандарды бұрынғы қалпында сақтау – акцияның басты мақсаты екенін атап өтті. Еріктілердің айтуынша, жартастардағы жазуларды кетіру оңайға соқпаған. Соған қарамастан, олар аянбай еңбектеніп, тазалау жұмыстарын жүргізген.

Жалпы, акция барысында әр ерікті шамамен бір қап қоқыс жинаған. Жастар мұнымен ғана шектелмей, әлеуметтік желілер арқылы экологиялық мәдениетті насихаттап, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін бейнероликтер жариялауда.

Экологиялық бастамаларға аудан ардагерлері, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері мен мектеп оқушылары да өз үлестерін қосып, көмекке келгенін атап өткен жөн. Ендігі кезекте еріктілер Сабынды көлі жағалауын тазалауға кіріспек.

Н.ШОДЫР.

Баянауыл ауданы