Ортақ мүдде жолында

Там 27, 2026

Семей ядролық сынақ полигонының тарихы – халқымыздың жадында өшпес із қалдырған қасіретті кезеңдердің бірі. Полигон жабылып, арада қанша жыл өтсе де, оның зардабы ұмытыла қойған жоқ. Керісінше, сол жылдардағы сынақтардың салмағын сезініп келе жатқан азаматтардың денсаулығына, тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелер әлі де бар. Уақыт өте келе олардың кейбірі кейінге шегерілгенімен, түбегейлі шешімін таппаған түйткілдер аз емес.

Осындай азаматтардың мұң-мұқтажын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мәселелерін жүйелі түрде көтеру мақсатында «Павлодар – полигон» ардагерлері қоғамдық бірлестігін құру бастамасы қолға алынды. Бұл бір күнде пайда болған ой емес. Оның алғашқы қадамдары 2023 жылдан бастау алған.

Сол жылы ұйымның сол кездегі басшысы Марат Смағұловтың бастамасымен бастамашыл топ құрылып,
полигон зардабын тартқан азамат-тардың мәселелерін зерделеу жұмысы қолға алынды. Арада бір жыл өткен соң Семей қаласындағы «Семипалатинск-21» ұйымы басшы-сының орынбасары Майра Әбеноваға қолдау көрсету жөнінде өтініш жасалды.
Алайда бұл бастама күткендей нәтиже бермеді. Осыдан кейін бастамашыл топ өз қоғамдық бірлестігін құрып, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде көтеру туралы шешімге келген.

— Полигон зардабын тартқан азаматтардың мәселесін бірлі-жарым өтінішпен шешу мүмкін емес. Бұл – жылдар бойы қордаланған, жүйелі түрде көтеруді қажет ететін мәселе. Сондықтан бізге өз алдымызға жеке қоғамдық бірлестік құрып, азаматтардың талап-тілегін бір жерге жинақтап, тиісті орындарға нақты жеткізу қажет болды. Ұйым арқылы әр адамның жеке мәселесін ортақ деңгейге көтеріп, заңды талаптарының орындалуына ықпал ете аламыз. Басты мақсатымыз – полигон зардабын тартқан жандардың үнін естірту және олардың мәселесін шешуге нақты қадам жасау, — дейді ұйым басшысының орынбасары М.Смағұлов.

Бүгінде ұйым тарапынан белгілі бір деңгейде қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері 600-ден астам адам демалыс және сауықтыру орындарына жіберілген. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі. Дегенмен, көкейде жүрген сауалдардың бәрі бірдей жауабын тауып, қордаланған түйткілдердің барлығы түбегейлі шешілді деуге әлі ерте. Мәселен, қазірде түсетін арыз-шағымдар аз емес. Бірінің денсаулығына қатысты
мәселесі болса, енді бірінің баспа-насына байланысты шешілмей тұрған түйіні бар. Әлеуметтік қолдау, сауық-тыру және басқа да мәселелер бойынша өтініштер жиі айтылады. Бұл мәселелердің әрқайсысының артында адам тағдыры жатыр. Полигонның алапат жарылыстарын көзбен көріп, оның зардабын жүрекпен сезінген жандар үшін бұл — жай ғана статистика емес. Бұл – ондаған жыл бойы арқалап келе жатқан өмірдің жүгі.

— Шын мәнінде, Семей полигонының зардабы — белгілі бір кезеңмен шектеліп қалған мәселе емес. Оның салқыны талай отбасының өміріне әсер етті. Сондықтан полигоннан зардап шеккен азаматтардың талап-тілегін тыңдап, олардың мәселесін жүйелі түрде көтеру – уақыт күттірмейтін міндет. Егер біз ұйым болып құрылмасақ, көтеріліп жатқан мәселелерді жүйелі түрде шеше алмаймыз. Сондықтан өзіміздің қоғамдық бірлестігімізді құруды жөн көрдік. Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестік екенімізді растайтын қажетті құжаттар дайындалуда. Сол жұмыстар аяқталған соң толыққанды қызметімізге кірісеміз. Ұйымның негізгі мақсаты – полигон зардабын тартқан әр азаматтың жанайқайын естіп, жеке мәселені ортақ мәселеге айналдыра отырып, оның шешілуіне ықпал ету, – дейді ұйымның қазіргі төрағасы Мұрат Әбілқасымов.

Аталмыш ұйым азаматтардың басын біріктіріп, олардың үнін тиісті орындарға жеткізуді мақсат етіп отыр. Полигоннан зардап шеккен азаматтардың арыз-шағымдарын жинау, нақты мәселелерді саралау, тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдау және шешімін таппаған түйткілдерді қайта көтеру алдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болмақ.

Семей полигоны жабылғанымен, оның адам жүрегіндегі жарасы әлі жазылған жоқ. Сол жараның салмағын арқалап жүрген азаматтардың мұңын тыңдап, заңды талаптарын қорғауға атсалысу – уақыт талабы. Ұйым полигон зардабын тартқан жандардың үмітін ақтап, олардың мәселесін ортақ деңгейде көтеруге ниетті. Бастысы, өткеннің қасіретін ұмытпай, одан сабақ алып, зардап шеккен азаматтардың заңды мүддесін қорғауға қоғам болып атсалысу.

Айдана БОРАНБАЕВА.