Бұдан былай елімізге алыс-жақын шетелден келушілерден ақы алынуы мүмкін. Дәл қазір аталған мәселе көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Мамандардың айтуынша, жаңа жобаның тиімді тұстары көп көрінеді. Яғни, бұл идеяның астарында мемлекеттік мүдде, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік және елге деген құрмет мәселесі жатыр. Сонымен қатар, егер елімізге осынау өзгерістер енгізілетін болса, көп кешікпей көші-қон саласы цифрландырылып, шетелдіктерді есепке алу ісі де едәуір жеңілдей түспек. Алайда бұл ұсынысты біреулер қолдаса, енді біреулер кері пікір айтуда. Яғни, бір тарап мұны орынды төлем деп санаса, енді бірі Қазақстанға келушілер үшін қосымша қаржылық кедергі болмауы керек деген ойларын ортаға салуда.
Сонымен, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қоғамда қызу пікірталас тудырған айтулы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Серік ЖОЛДАСБАЕВ, заңгер:
– Менің ойымша, Қазақстанға шетелден келетін азаматтардан белгілі бір мөлшерде ақы алу мәселесін қарастырған дұрыс. Ал сол қаражатты туризм мен қоғамдық инфрақұрылымды дамытуға бағыттаған жөн. Мәселен, Бурабай, Баянауыл, Алакөл сияқты өңірлерде жол жөндеу, тазалық сақтау, дәретхана, автотұрақ салу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді жұмыстарға үнемі қаржы қажет. Мұның бәрін тек бюджет есебінен шешу оңай емес.
Негізі, бұл мәселені қолға алмас бұрын әлем елдерінің тәжірибесін байқап көрген дұрыс деп санаймын. Қазіргі таңда кейбір мемлекеттерде шетелден келушілерге қатысты түрлі өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазақстан да өзгелердің тәжірибесін терең зерттеп, тиімді жүйе қалыптастыруы қажет. Өйткені, Қазақстанға шетелден келген адам біздің инфрақұрылымды пайдаланады, қауіпсіздік пен қоғамдық қызметтерді тұтынады. Сол үшін олар да заң аясында ел дамуына өз үлестерін қосып кетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Болат ЗАУТҰЛЫ, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-нің Павлодар облыстық филиалының басшысы:
– Өз басым Қазақстанға шетелден келушілерден ақы алу мәселесін құптамаймын. Біз оларды табыс көзі емес, «қонақ» деп қабылдауымыз қажет деп есептеймін. Шыны керек, Қазақстанға тек бай адамдар ғана келмейді. Ғалым да, кәсіпкер де, студент те, турист те, тіпті, емделу мақсатында науқас жандар мен туыстарын көру үшін қарапайым азаматтар да келеді. Олардың барлығына елге кіргені үшін ақы төлету дұрыс емес.
Бір анығы, көп мемлекет шекарадан өткен көліктерден салық алады. Бұл жүйе орынды. Себебі, көлік жолды пайдаланады, инфрақұрылымға салмақ түсіреді. Мұндай мәселені экономикалық тұрғыдан түсінуге болады. Бірақ шетелден келген адамның өзінен елге кіргені үшін ақша талап ету – мүлдем басқа мәселе. Өйткені, өзге елдің азаматтары онсыз да Қазақстанға келген кезде қонақүйге, көлікке, тамаққа, саудаға, қызметке ақша жұмсайды. Оның осынау шығындарының өзі ел экономикасына түсетін табыс екенін ескергеніміз жөн. Мәселен, мен Түркияға, Дубайға бардым. Сол кезде шетелдік азамат ретінде қосымша ақы талап еткен жоқ. Керісінше, туристі тартуға, қонақты жақсы қарсы алуға тырысатынын байқадым. Сондықтан жан-жақты ойланып, шешім қабылдаған дұрыс.
Кәдірбек АТШЫБАЙ, Ақсу қаласының тұрғыны:
– Қазіргі заманда тегін нәрсе жоқ. Сондықтан Қазақстанға шетелден келген азаматтар да елге кіргені үшін ақы төлеуі қажет деген пікірдемін. Сонда ғана олар жауапкершілікті сезінеді, қайда келгенін түсінеді, ең бастысы, біздің мемлекетті бағалай біледі деп ойлаймын. Әйтпегенде, кейбір адамдар сырттан келіп алып, ойларына келгенін істеп жүргенін естіп жатырмыз. Мәселен, жақында ғана шетелдік бір блогердің елден қуылғанын ақпарат құралдары жарыса жазды. Естуімше, ол әлеуметтік желіде арандатушылық сипаттағы пікір айтқан. Осындай азаматтарды тезге салу үшін қатаң заң мен тәртіп және әр адымы үшін ақы алу керек. Сонымен қатар, шетелден келетіндерден Қазақстанның заңдарын құрметтеуді талап ету қажет.
Әрине, елімізге турист келсе төрімізге шығарамыз, кәсіпкер келсе жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз, инвестор келсе инвестициясын қабылдаймыз. Ал олар да осы елдің заңына бағынып, жақсылықтың өтеуін қайтаруы тиіс.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
